Елорда тынысы

Жедел құтқару жасағы сапында

Бүгін – Құтқарушылар күні. 1995 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Содан бері осы күні азаматтық қорғау жүйесі қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтіп келе жатыр. Бүгіндері бейбіт күннің батырларына баланатын олар ортамызда баршылық. Соның бірі – Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Жанат Камерденов.

Жанат Болатұлы Камерденов бала кезінен әскери адам болуды армандады. Бастапқыда кадет корпусына, одан кейін Алматыдағы әскери академия­ға құжатын тапсырды. Екеуінде де жолы болмады. Ақыры Қарағандыдағы колледждердің біріне «Төтенше жағдайлар» факультетіне түсіп, оны қызыл дипломмен тәмамдады. «Тау-кен құтқарушысы» мамандығын алған ол осымен тоқтамады. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Тіршіліктегі қауіпсіздік» мамандығын игерді. Одан соң Беларусь еліне аттанып, сырттай бөлімде оқып, «Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою инженері» білігін алды.

Жанат Камерденовтің төтенше жағдайлар саласында қызмет еткеніне биыл тура 20 жыл толды. Ал Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағында 2019 жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Осы жылдар аралығында апаттық-құтқару, іздестіру-құтқару және әртүрлі төтенше жағдайды жою жұмысына қатысып келе жатыр. Соның ішінде 10-нан астам адамның өмірін ажалдан аман алып қалды.

2022 жылы Петропавл қаласында 2-ЖЭО-ның мұржасы құлап, адам шығыны орын алды. Былтыр Түркияда жойқын жер сілкінісі болды. Жанат Болатұлы осы екі апатта да зардап шеккен адамдарды құтқаруға, соның салдарын жоюға қатысты. Түркияда 12 күн болып, алдында Газиантепте, кейіннен Нурдагы қаласында іздес­тіру-құтқару жұмысына атсалысқан. Жанат серіктерімен бірге 3 адамның өмірін сақтап қалыпты.

«Құтқарушы болып әр адам жұмыс істей алмайды. Әрине, оның әртүрлі себебі болуы мүмкін. Кейбіреулер жалақыны азсынады, біреулер психологиялық тұрғыдан шыдамайды. Бірақ адамдарды құтқару, төтенше жағдай кезінде адамға көмектесу еш ақшамен өлшенбейді, сонда естіген алғысқа да ештеңе жетпейді» дейді Жанат Камерденов.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button