Денсаулық

Қатерлі ісіктен қалай сақтанамыз?

Әйелдерде жиі кездесетін сүт безі қатерлі ісігі – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кең таралған онкологиялық аурулардың бірі. Қазан айында елорда емханаларында Дүниежүзілік сүт безі обырына қарсы күрес күні атап өтіледі.

Бұл аурудың алдын алу және ерте анықтау үшін 40 пен 70 жас аралығындағы әрбір әйел екі жыл сайын сүт безі қатерлі ісігіне онкологиялық скринингтен өтуі керек. Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру аясында кез келген әйел өзі тіркелген емханаға барып, тегін тексеріле алады.

«Сүт безінің қатерлі ісігі – әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісік. Айта кету керек, кейбір әйелдердің осы ауру туралы білімдері мен түсініктері қазіргі заманғы ғылыми негізделген білімнен және осы ауруға қатысты заманауи медицинаның мүмкіндіктерінен айтар­лықтай артта қалып отыр. Сондықтан ауруға қатысты ескірген мифтер мен көзқарастарды алып тастау керек. Осы ауру туралы және одан өзіңізді қалай қорғауға болатындығы туралы заманауи және ғылыми негізделген ақпарат беру өте маңызды» дейді Астана қаласы №13 қалалық емхананың дәрігері Малика Тұрсынбаева.

Бастапқы кезеңдерде аурудың белгілері байқалмайды. Сондықтан өздігінен анықтау қиын. Ісікті тек қана ультрадыбыстық және басқа құралдармен зерттеу арқылы тез анықтауға болады. 45 жасқа дейінгі әйелдерге УДЗ, ал жасы 45-тен жоғары әйелдерге рентгенологиялық маммография тағайындалады.

Малика Тұрсынбаеваның айтуынша, аурудың этиологиясы мен даму ерекшеліктері туралы заманауи білім салыстырмалы түрде аурудың алдын алудың қарапайым және қолжетімді шараларын әзірлеуге мүмкіндік берді.

«Мәселен, салмағыңыз­ды бақылауда ұстаңыз. Артық салмақ қатерлі ісіктің, соның ішінде сүт безі қатерлі ісігінің даму ықтималдығының жоғарылауымен байланысты, әсіресе менопауза басталғаннан кейін. Дұрыс тамақтаныңыз. Артық тамақты және жоғары калориялы тағамдар мен жануарлардың майларын шектеңіз. Күнделікті рационда кем дегенде 400-500 гр жаңа піскен көкөністер, жемістер болуы керек. Одан кейін алкогольді шектеңіз. Алкогольді тұтынудың дозасы неғұрлым көп болса, қатерлі ісіктің қаупі соғұрлым жоғары болады. Сәбиіңіз болса, емізіңіз. Емшекпен емізу аурудың даму қаупін азайтады. Бала көтертпейтін бақылау таблеткаларын ұзақ уақыт қолданудан сақ болыңыз, әсіресе 20 жасқа дейін және 35 жастан асқан кезде. Сонымен қатар постменопауда гормондарды қабылдау­дан аулақ болу керек» дейді дәрігер Малика ­Тұрсынбаева.

Айта кеткен жөн, Ас­­тана қаласында мам­мография­лық скринин­гтен 2024 жылы 60 мыңға жуық әйелді өткізу көзделген. Бірінші жартыжылдықта 32 мыңнан астам әйел тексеруден өтті. Тексеру кезінде 55 әйелден бірінші және екінші сатыдағы сүт безінің қатерлі ісігі анықталды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button