Алаш көсемсөзінің астарына үңілген
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алаштанушы ғалым, профессор, аталмыш жоғары оқу орнының Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Қайрат Сақтың туғанына 60 жыл толуына орай «Алаштанудың өзекті мәселелері: ғылыми зерттеулердің жаһандық және отандық бағыттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға Түркия, Франция, Қырғызстан, Әзербайжан және отандық жоғары оқу орнының белгілі ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, қаламгерлер, ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты. Конференция Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтауымен ашылды. Құттықтау сөзді оқыған Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров ғалымның ұзақ жылдар бойы іргелі жоғары оқу орындарында жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, білім саласын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын сенатор Бибігүл Жексенбай жеткізді.
«Құрметті Қайрат Өмірбайұлы, сіз 30 жылдан астам уақыт бойы еліміздің ғылым және жоғары білім саласында жемісті еңбек етіп келесіз. Тәуелсіздік таңы тарихымызды жаңаша зерделеуге, жоғалтқанымызды түгендеуге зор мүмкіндік бергені белгілі. Осы тұста жас ғалым ретінде ұлт баспасөзінің бастауында тұрған «Дала уәлаяты» және «Қазақ» газеттерін жаңа ұрпақпен табыстыруға айтулы үлес қостыңыз. Бұл игілікті іс сіздің алаштану әлеміне еркін еніп, одан кейінгі жылдары «Ұлттық сана ұйытқысы», «Алаш мұрасы», «Алаш көсемсөзі» секілді маңызды еңбектерді жазуыңызға жол ашты. XX ғасыр басындағы ұлт қайраткерлерінің мемлекеттің саяси-әлеуметтік өміріндегі әдебиет пен баспасөздегі қайталанбас қолтаңбасын зерделеуді көздейтін халықаралық конференция да тынымсыз еңбектің жеңісі деп қабылдаймыз» делінген құттықтауда.
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы өз сөзінде алаштанушы ғалымның болмысын жастарға үлгі қылып, бүгінде жоғары оқу орыннан түлеп ұшқан шәкірттері отандық журналистиканың ілгерілеуіне атсалысып жүрген білікті мамандар екенін мысалға келтірді.
Конференция барысында профессордың өзі туған Түркістан өңірінен, одан басқа отандық және шетелдік журналистика саласының өкілдері ғалым еңбектерінің құндылығына баса назар аударды. Қазақ журналистикасын ұлт зиялыларының ұранымен ұштастыра дамытуды ұсынып жүрген алаштанушы Қайрат Сақтың монографиялары қазақ баспасөзі үшін ауқымды зерттеу болғаны ортаға салынды.
Индира Бержанова