Басты ақпаратҚоғам

«Жүрегім, Жұмбақтаспен егіз бе еді?..»

Қайсыбір ақын болмасын тылсым бүккен сезім патшалығынан кезіктірер олжасы – туған жерге деген іңкәрлік, сүйіспеншілік, махаббат. Марфуға Бектемірова ақынның өлең-жырларының қомақты бөлігін туған жер тақырыбы еншілейді. Ақын шығармашылығында туған жер деген түсінік тек кіндік қаны тамған Көкше өңірімен шектеліп қалмайды.

Рас, Марфуға ақынның Көкшетау өңіріне арналған «Бурабай», «Бурабай түні», «Сағынып жеткенімде Бурабайға», «Туған жер», «Сүйемін, Арқа» «Туған қалам – Шортанды», «Ұрымқай көлінің жағасында», «Мұз басты Көкше мұнарын», т. б. циклды өлеңдер топтамасы бар. Көкше өңірінде туған ақынның «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» туралы жыр толғамауы мүмкін емес. Кешегі Мағжан, Сәкендердің жүрек қылын тербеткен Көкшені бүгінгі ақын айналып кетпесі анық еді. Ақынжанды кісінің сезім пернелерінен саз ойнататындай сиқырлы сұлулыққа, көз тоймас көрікке ие Көкше өңірін Марфуға ақын сағыныш торлаған іңкәр сезіммен жырлайды. Туған жердің тұмса табиғаты, шипалы ауасы, биші қайың­дары мен көкке ұмтылған биік қарағайлы орман, жарқыраған көлдер – ақынның ыстық сезіммен жыр­лайтын көріністері. Ақынның сағыныш сазына оралған жыр жолдары сезім кестесін былайша торлайды:

О, Көкше, туған жер, мекенім,

Білмеймін қандай дерт екенін.

Сағынсам көзіме жас келіп,

Көрінсең елжіреп кетемін.

Дегенмен ақын үшін туған жерде өткен балалық шақ, ата-ана, ­ағайын, ел-жұрт қымбат. Оның «Ұрымқай көлінің жағасында» деген өлеңінде ақынның дүниеге келген Көрнекті ауылы туралы образды ой сурет­теледі:

Бабалар бұл маңайда

тұрақ тапқан,

Одан әрі тарихым сұрақ жатқан.

Жарық болып тұрсын деп

көл маңайы,

Шеткері үйде анашым

шырақ жаққан.

Мұндағы образды суреттеуге ана­ға, туып өскен үйге деген сағыныш сезімдер сеп болып тұрғаны анық.

Туған жер дегенде ақынның сағыныш сезіміне балалық шақтың кезеңі оралады. Марфуға ақын бейкүнә балалық шақтың бір сәт айналып келуін аңсайды.

Ай мен жұлдыздардың арасында,

Көшкен бұлт енді бізге қарасын ба?

Балалық қайта айналып

келер ме екен,

Бір түнге… Айнакөлдің жағасына.

Сол сияқты «Сағынып жеткенімде Бурабайға» деп аталатын өлеңде ақын:

Тып-тыныш бұл әлемнен

нені іздедім?

Таныдым балалықтың кей іздерін.

Мұңайған қара жерге мұңлықпын,

Жүрегім, Жұмбақтаспен егіз бе едің? – деп күрсінеді.

Ақынның сезімтал жүрегі туған жерде уайым-қайғысыз өткен балалық күндерді сағынатынын білдіре келе, есейген шақта адам көңілін ­жаулайтын уайым-қайғы ізін анти­тезалық көрініспен «Жұмбақтасқа» теңеп суреттейді.

Туған жер – ақынның көңіл күйі мұңайғанда, тұрмыс-тіршіліктегі күйбеңнен жалыққанда, әлдебіреуден қамыққанда немесе әлдебір көңілдегі ыстық нәрсеге сағыныш сезім сары ала шапанын жапқанда жанына ­медеу ­іздейтін тірек.

Әнім бар бұл дүниеде бір күн салар,

Мен кетсем… құшағымда

күлкім қалар.

Сағынып Бурабайға жеткенімде,

Бетімнен сүйер ме екен, шіркін,

самал?

Ақын туған жеріне не үшін ынтық? Тек сұлу табиғат үшін бе? Жоқ, ол – туған жерінде өткен бейкүнә балалық шағының естеліктері, ата-ана, туған-туыс мейірімі, алғашқы ма­хаббат сезімі тулаған сәттер үшін қымбат құндылық. Басқаша айтсақ, туған жер – ел-жұртымен ыстық құндылық.

Қазаққа туған жер ел-жұртымен қымбат. Марфуға ақын үшін тұтас қазақ даласы туған жер. Оның «Дала қызы», «Сүйемін мен қазағымның даласын», «Бүлдірген иісі аңқыған далам» атты топтамалары – сөзіміздің айғағы.

Сағыныштың дала білер дауасын,

Жазылармын жұтсам егер ауасын.

Лүпілдеген жүрегіммен, жаныммен,

Сүйемін мен қазағымның даласын, – дейді ақын. Бүкіл қазақ даласын сезімтал жүрегіне тұрмыс құрып, қызмет еткен Қостанайды туған өлкедей қабылдайды.

Қостанайды өз жұртындай бағалаған ақын бұл өлкенің ­қадір-қасиетін жырға қосқан циклды жыр топтаманы оқырманына ұсынды. Оның қатарына «Дүлдүл дала – Қостанай», «Бір қала бар», «Жас аламын көзіме жұртымды ойлап», «Сені ойласам кеудем оттай күйеді», т. б. өлеңдері жатады. Бұл тұста ол:

Кеудеңе қарлығашы ұя салған,

Сүймесең бұл даланы күнә саған.

Төсіне жеткен кезде сағыныштан,

Аспан да көздің жасын құя салған.

Арқаның кең даласы Қостанайым,

Жүректен қайда жүрсем

тастамаймын.

Құзғын емес, көгінде қыран ұшып,

Дұшпан емес, далаңнан дос та­байын, – деп, ынтызар көңілмен Қос­танайда қызмет жасаған ақын қазақ даласының ең бір көрікті өлкелерінің бірі – Қостанай даласының сұлулығына ғашық болады.

Түгін тартсаң май шығатындай жасыл желек шалғыны, ойдым-ойдым орман мен мидай жазық дала бір-бірімен астасып жатқан қазыналы Қостанайға дос іздеп келген ақынның арманы да орындалады. Бұл тұста ол:

Қаншама достар таптым

бұл асылдан,

Бола ма бұл дүниеде даласыз мән.

Әлемде дала жоқтай көрінеді,

Артық маған Қостанай

даласынан, – деп тебіренеді.

Қызмет пен өлең-жыр майданын қатар ұстаған ақынның шығармашылық табысын күндеген жандар да жұрттан табылып, сезімтал жанның жанында күн шыққанда қалмайтын көлеңкедей «көлбеңдеді». Арам күшпен арпалысуға жаралмаған ақын жүрегі тойтарысты өлеңмен беруге ұмтылды. Ақын тағдырына түскен тауқыметті «Жас аламын көзіме жұртымды ойлап» деген өлеңінде мынадай жыр жолдармен кестелейді:

Ақкөңіл ем, аңқылдақ баладай ем,

«Өсек» деген майлады

қара маймен.

Қол жинады өңшең қу арыз жазып,

Ауылымнан қуды олар алабаймен.

Қайда дұшпан, қайда дос,

таба алмадым,

Тойдырды ма тойымсыз

арандарын.

Керек емес маған жау,

маған дұшпан,

Өлең жазу – өмірде бар арманым.

Қостанайдан кейінгі ақынның ғұмыры тәуелсіздік алған қазақ жұртының жаңа ел ордасы – Астанада өтті. Жас қаланың сұлу кескін-келбетпен қарқынды дамуы жұрт деп толғанатын Марфуға Бектемірова ақынның шабытына сазы бөлек сарын алып келді. Бұл енді саптауы өзгеше соны әңгіме.

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button