Тамақтану сапасы тексерілді
Жасөспірім баланың денсаулығын сақтаудың бір көрсеткіші – дұрыс тамақтануы. Осы бағытта республика бойынша мектеп асханаларының санитарлық-гигиеналық жағдайына, мектеп рационының тағамдық құндылығына тексерулер жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрі мен Оқу-ағарту министрі елордадағы мектеп-лицейде бас қосып, осы мәселелерді талқылады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен бірге елордалық №95 мектеп-лицейіне барып, оқушылардың денсаулығын сақтаудың бірқатар мәселелерін талқылады.
Ведомство басшылары мектеп асханасын аралап, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау мәніне тамақ дайындау шарттарымен танысты, қызметкерлермен және оқушылардың ата-аналарымен әңгімелесті. Содан кейін мектеп рационының тағамдық құндылығын, қауіпсіздігін, құнарлылығын, әртүрлілігін ескере отырып, оны жақсарту жолдары талқыланды. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі мектептегі тамақтану стандарттарын қайта қарауда, балалар организмінің физикалық және психикалық дамуы үшін пайдалы болатын бірыңғай мәзір әзірленетін болады.
Биыл елімізде 3,9 млн-ға жуық мектеп жасындағы балалар бар, оның ішінде 1,7 млн бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Ас мәзірін өңірлерде өндірілген отандық өнімдерді пайдалана отырып әзірлеу туралы норма енгізілді. Сонымен қатар, өңірлерде бракераждық комиссиялар құрылды, олардың құрамына ата-аналар, қоғам белсенділері, сондай-ақ мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлері ене алады. Бракераждық комиссиялардың мониторингтік топтарының қызмет тәртібі туралы заңнамалық нормалар белгіленді.
«Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білім беру процесінің әрбір қатысушысының алдында тұрған бірінші кезектегі маңызды міндет. Біз сауықтыру-педагогикалық бағытқа баса назар аудара отырып, «салауатты өмір салтын» ұстануымыз керек және сапалы тамақтануды ұйымдастыру, балалардың білім алудағы нәтижелілігін арттыруға ықпал ететін оның ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Әрбір мүдделі тараптың, әсіресе, кәсіпкерлердің өз жауапкершілігін сезінуі маңызды. Тамақтану мәдениетін қалыптастыруға, санитарлық, гигиеналық талаптардың сақталуына, дұрыс тамақтануды насихаттауға көңіл бөлінуі керек. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жұмыс бұл мақсаттарды жүзеге асыруда негізгі рөлге ие» деп атап өтті оқу-ағарту министрі.
Кездесу барысында айтылған екінші маңызды тақырып – 1000-нан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашу. Бүгінгі таңда 7 өңірде 98 кабинет жұмыс істейді, онда қабылдауды дантисттер жүргізеді. Бірақ одан әрі «Сау тіспен болашаққа» жобасының шеңберінде мектеп жасындағы барлық балаларды стоматологиялық аурулардың профилактикасымен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі мәселесін көтерді. Мектеп психологтары үшін оқыту курстарын өткізу қажет деген пікірге келді. Бұдан әрі мектеп медицинасы жүйесіндегі мейіргерлердің рөлін күшейту, медициналық кабинеттердің жабдықталуына және орта медициналық персоналды даярлауға тиісті көңіл бөлу қажеттігі атап өтілді.
Индира Бержанова