Мәслихат мерейтойына арналды
ҚР мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Астана қаласы әкімдігінің басқармалары мен басқармаға қарасты мекемелер қызметкерлері арасында волейболдан екі күндік турнир өтті. Оған қатысқан барлығы 16 команда арасында «Elorda aqparat» ЖШС ұжымының командасы да болды.
16 командадан бас-аяғы 160 адам қатысқан турнирдің ашылу салтанатында Астана қаласы мәслихатының депутаты, Amanat партиясы фракциясының мәслихаттағы жетекшісі Ғабит Тәжімұратов пен Астана қаласы мәслихатының VIII сайланым депутаты, мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты негізде жұмыс істейтін тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай Адамбек сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұйымдастыру жұмысына «Астана жастары» ұйымының еріктілері атсалысты. «Sana Sport» орталығының екі алаңында өткен турнирде командалар 2 күн бойы өзара бақ сынасты. Турнир топтық форматта өтті. 16 қатысушы команда әуелі 4 топқа бөлініп, өзара 1 кездесуден өткізді. Әр топта үздік нәтиже көрсеткен 2 команда турнирдің ¼ финалына жолдама алды. Әр топтың жеңімпазы келесі топтың 2-орын алған командасымен күш сынасты. Турнирге ұлттық деңгейдегі төрешілер төрелік етті.
Нәтижесінде үздік ойын көрсеткен Астана қаласы әкімдігінің №5 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі 1-орын алды. 2-орынға қалалық Энергетика басқармасы қол жеткізді. Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы 3-орынға лайықты ойын көрсетті. «Олимпиадалық резерв дайындау орталығы» және «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» мекемелерінен құралған «Ғарыш» командасы 4-орынға тұрақтады. 5-8-орындар бойынша Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс шараларды өткізу дирекциясы, «Астана су арнасы» мекемесі, Көлік және жол-көлік басқармасы, Спортты дамыту дирекциясының аты аталды. Ал 9-16-орындар Активтер басқармасы, «Elorda aqparat» ЖШС, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы, «Елорда» спорт клубы, Астана қаласының Құрылыс басқармасы, қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы, №8 қалалық емхана және №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі арасында бөлінді.
Одан бөлек, жекелеген қатысушылар бірқатар номинациямен марапатталды. Солардың ішінде «Ардагер ойыншы» арнайы жүлдесін «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков иеленді. Барлық қатысушыларға, еріктілерге, төрешілерге және турнирді ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға «ҚР мәслихаттарына 30 жыл» естелік медалі табысталды.