Қоғам

«Тәтті ертегінің» кермек дәмі

Былтыр біз қазақ футболындағы ертегінің куәсі болдық. Тіпті, тәтті түс дерсің. Иә, сол сырт алаңдағы Хельсинки қаласындағы матч. Жан алысып, жан беріскен шайқас. Соңғы 10 минут жүріп бара жатты. Рамазан Оразов бұрыштан доп көтергенде, барлық жанкүйер елең ете қалды. Үнсіздік… Бахтиер Зайнутдинов мергендік танытып, төбемізді көкке жеткізді. «Болды», «бітті» дедім. «Қазақ футболы тамұқтан шықты». «Бізді күт, Германия» дедім. Тәтті ертегі жалғасып жатты. Шіркін, спектакль шымылдығы Германияға дейін ашық тұру керек еді. Алайда шымылдықтан түскен күн сәулесі жіңішкеріп бара жатты. Словенияға неміс жеріндегі мәдени майданның жолдамасын алып кетуге келіп едік. Алайда өмірдің бізге деген тосын сыйы таусылмайды екен. Словенияда финдердің күйін өзіміз кештік. Топтық жолдама болмаса да, қосымша жолдамаға таласу мүмкіндігі туды. Қызықтың бәрі Афинада болды…

АФИНАДАҒЫ ШЫҢЫРАУ

Наурыз мейрамы қарсаңында Олимпиада ойындарының отаны – Грекия еліне келдік. Үміт басым. Шегінерге жол жоқ! Біздің де дәуіріміз келді дедік. Гректерге қарсылас атанғанда, біздің «сәуегейлер» мұрын шүйіріп, қалпақпен ұрып аламыз деп еді. Алайда гректер біздің қалпағымызды теріс қайырды. Сірә, біз олардың Александр Македонский, Геракл, Ахилес сияқты батырлардың тұқымы екенін ұмытып кеткенбіз-ау. Осы ойыннан кейін біздің футбол қайтадан алдыңғы он жылдықтағыдай шыңырау түбіне құлады. Еуропа төрінде немесе әлемдік деңгейдегі бәйгелер көзден бұл-бұл ұшты. Енді қайтадан арқан салып шығару керек. Бірақ оған арқан табыла ма?! Оны тартатын қара күш иесі қайда?! Арқанның бәрі үзік-үзік болып қалған. Оны тартатын атан түйені де іздеу керек.

ТАҢДАҒАН ТАЗҒА ЖОЛЫҒАДЫ

Түйемізді таптық. Бірақ онымыз көтерем болып шықты. Иә, әңгіме Черчесов жайлы. Адиев орнын босатты. Оның орнына үміткерлер көп еді. Бірақ тағы да ресейлік тәлімгерге ұрындық. Ресей футболынан «көмек» сұрайтындай не болды? Өзімізде де толып жатыр ғой. Нұрдәулетов, Жұмасқалиев, Горовенко, Әлиев бар еді. Ұлттық құраманы биік деңгейге жеткізген Талғат Байсуфиновты қалай ұмыт қалдырдық? Черчесовке миллиондап жалақы төлейтіндей не көрінді? Келе сала төр менікіге салды. Алғашқы баспасөз мәслихатында қазақ тілін менсінбей, Нұрсұлтан Құрманға мұрын шүйіріп қарағаны – нағыз тәрбиесіз адамның әрекеті. Сол жерде Черчесовтің қос қапталында Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов пен кеңесшісі Ермұхамед Мәулен отырды. Үндемеді. Соған менің ішім удай ашыды. Айналайындар-ау, бұл жерде жалғыз Құрманның емес, ұлттың намысы тапталды ғой. Қазақ айтады «өзіңнен тумай ұл болмас» деп. Ал Черчесов сияқтылардың еркелігін көтеретін жайымыз жоқ. Құрметті ҚФФ-дағылар, Черчесов сіздерді не сиқырмен арбап алды? Кереметі қайсысы оның?! Өз елінде ілініп-­салынып жүріп ширек финалға жеткені ме? Ол жетістік емес. Ол деген «алма піс, аузыма түс» деп жүрген адам еді. Ал одан кейін Ресейдің футбол ойнамағалы қай заман? Сәл де болса басында саңылауы бар адам керек біздің футболға. Әйтпесе осы кеткеніміз кеткен…

ҚАРҒАЙЫН ДЕСЕМ ЖАЛҒЫЗЫМ…

Маусым алды дайындықта Балтиев бастап барып, Әзербайжан мен Армениядан жеңілдік. Стадион таппай, масқара болғанымыз тағы бар. Абырой болып, УЕФА бізді мүсіркеді. Алматыдағы стадион­ға рұқсат берілді. Алғашқы қарсылас – викингтер елі Норвегия. 0:0. «Холландты тұсадық», «сұрмергеннің адымын аштырмадық» деп лепірдік. Айналайын-ау, барлық ойыншы сол «асау сарыны» жауып жүрсе, ол гол соқпайтыны түсінікті ғой. Оның несі мақтаныш? Оның несі абырой?! Словениямен болған ойынды айтуға сөз жоқ. 20 жасар Шешко ойнап жүріп 3 гол соғып кетті. Жалпы ойын бір қақпаға ойналды. Күні кеше Австрия елінен тағы ұялып қайттық. Ұятсызға ұялған жараспайды деуші ме еді? Ұяттан үш күн бұрын туған адамдай Черчесов бапкер «жақсы ойнадық» деді. Сенің қақпаңа 30 соққы жасалған болса, оның несі жақсы? Осы біз әлімізден асып, Еуропаға бекер келдік-ау?! Алдағы әлем чемпионатына 48 команда қатысады. Азия құрлығына қосымша 9 жолдама беріп жатыр. «Аспаннан киіз жауса да, сорлы ұлтараққа жарымайды» дегеннің кері ғой. Әне, өзбек ағайындар дайын отыр. Бокстан ғана емес, футболдан да озды бізден. Не айтарымды білмеймін. Мына сағым қашан бітеді екен…

 Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button