Елордалық оқушылар «Жас сарбаз» қоғамдық бірлестігінің қатарына қосылды
Астана қаласындағы № 71 мектеп-лицейінің оқушылары жас сарбаздар қатарын толықтырды. Балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысына алпыстан аса бесінші сынып оқушылары кірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Салтанатты рәсім ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтті. Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдық мерейтойына арналған іс-шара елорда әкімдігінің, Астана қаласының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының және «Жас сарбаз» РҚБ елордалық филиалының қолдауымен өтті.
Оқушыларды «Қарулы күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары генерал-майор Марат Нағұманов құттықтап, оларға қозғалыс мүшесінің куәлігін табыс етті.
Ол әр адамның өміріне қажетті әдептілік, білім, кәсібилік және Отанға деген адалдық сияқты қасиеттерді атап өтті.
– Құрметті балалар, сендер мүмкіндігі мол тамаша уақытта өмір сүріп жатсыңдар. Барлық әлеуетті, күш-қуатты және білімді өмірдің басты мақсатын жүзеге асыруға бағыттаңдар. Естеріңде болсын, Қазақстан сендердің әрқайсыңның жетістіктеріңе мүдделі, өйткені сендер елдің болашағысыңдар, – деп атап өтті М.Нағұманов.
Балалар жас патриоттың ант сөздерін ерекше ықыласпен және мақтанышпен айтты. Осындай қуанышты сәтпен балаларды «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев та құттықтады.
«Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысы өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға, азаматтық белсенділікке тәрбиелеуге, рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіруге, Отан алдындағы жауапкершілік сезімін оятуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталғанын естеріңізге сала кетейік.