Эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан чемпионаты басталды
23 және 24 қазан күндері елордалық «ASPAN» спорт орталығында эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан чемпионаты өтеді, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Ел чемпионатын қазақстандық Эстетикалық топтық гимнастика федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері Комитетімен және Спортты дамыту дирекциясымен бірлесіп, Астана әкімдігі мен Спорт басқармасының қолдауымен өткізеді.
Барлық спорт әуесқойлары, қонақтар мен елорда тұрғындары үшін кіру тегін.
Жарысқа Қазақстанның 7 өңірінен, яғни Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент және Астана қалаларынан 33 команда, 286 спортшы қатысады.
Жарыс ұзақ және қысқа бағдарлама бойынша, сондай-ақ аралас командалар арасында, үш жас санатында: 12-14 жас, 14-16 жас (жасөспірімдер), 16 жас және одан жоғары (сеньорлар) өтеді.
Қазақстан Республикасы чемпионатының бас төрешісі – Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мадина Бектұрғанова.
Жарыс аясында 9 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Жарыс қорытындысы бойынша 2025 жылға арналған Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасы құрылады.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 23 қазан күні сағат 12:00-де басталады.
Турнир аясында «Сұлу – бақытты балалық шақ аумағы» республикалық балалар фестивалі өтеді.