«Тәлімгерлер кеңесіне» құлақ түрді
Астана қаласы әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті. Отырыста басшы лауазымына алғаш тағайындалған Астана қаласының энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Купешовтің, Астана қаласының коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Сыздықовтың атқарылған жұмыстар туралы есебі және жоспары тыңдалды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Аталған кеңестің жалпы міндеті – лауазымды қызметке тағайындалған басшылардың кәсіби дағдысын дамытуға және жаңа жұмысқа бейімдеуге жәрдемдесу, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілер арасында рухани-адамгершілік бағдар және құндылықтардың тұрақты жүйесін қалыптастыру. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Мусиннің пікірінше, қазіргі буын басшылар үшін мемлекеттік қызметте бұрын болған ардагерлердің үйлесімді жұмысы сабақтастықты дамытуға және жұмыстың тиімді әдістерін сақтауға септігін тигізеді.
-ҚР Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жаңа мемлекеттік қызмет сервистік сипатта, артық бюрократиясыз жұмыс істеуі керек. Тұжырымдаманың негізгі аспектісі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, олардың адамгершілік қасиеттерін күшейту, моральдық-этикалық қағидаттарды қатаң сақтау қажеттілігі. Осыған орай мемлекеттік қызметте көп жылдық тәжірибесі бар тәлімгерлердің ұсыныстары бұл басшылар үшін өте маңызды болады, — деді М. Мусин.
Екі жаңа басшының баяндамасын тыңдап болған соң тәлімгерлер өз тәжірибелеріне сүйене отырып, жұмыстың тиімді әдістері туралы ұсыныстарын айтты және сұрақтарын қойды.
-1991 жылдан бастап мемлекеттік қызмет атқардым. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бірқатар жұмыстарда еңбек еттім. Қазіргі таңда құрылғанына көп бола қоймаған Тәлімгерлер кеңесінде өз білгеніммен бөлісудемін. Бұл орган – біздің қоғамдағы жаңа институт. Кеңестің барлық отырыстарына үзбей қатысамын. Жас басшыларға айтарым – адалдық, парасаттылық, мәдениеттілік, әдептілік сынды асыл қасиеттерді ту етуден танбаңыздар, сонда ғана абырой биігінен де түспейсіздер. Бұл қасиеттер бойында бар басшының мекемесінде жемқорлық та болмайды, заң да дұрыс орындалады, — деді Қ. Токушев.
Райхан Рахметова