Басты ақпаратЕлорда тынысы

Республика даңғылы – ескі қаланың күретамыры

Соңғы жылдары Астана қарқынды дамып, заманауи әрі адамдардың өмір сүруі үшін жайлы қалаға айналып келеді. Тұрғын үй құрылысымен қатар мұнда халыққа қызмет көрсететін мәдени-тұрмыстық нысандар көбейді. Әсіресе, жасыл алаңдар мен гүлзарлар, көз тартар көрікті көшелер шаһарға сән беруде. Солардың арасында Астананың ажарын айшықтап тұрған Республика даңғылы қаланың бұрынғы бөлігіндегі басты даңғыл саналады.     

Ең алғашқы көшелердің бірі

Бүгінде Астананың ескі орталығы мен Есіл өзенінің сол жағалауында орын тепкен жаңа қаланы жалғап тұрған Республика даңғылы елорданың күретамыры іспеттес.

Бас қаладағы Республика даңғылы Жұмабек Тәшенов көшесінен  басталады. Абай, Бөгенбай батыр даңғылдарын және Ә.Ысмайылов, Жәнібек Тархан, Ағыбай батыр, А.Иманов, Кенесары, Отырар, С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин, Ы.Дүкенұлы, Ә.Молдағұлова, І.Есенберлин көшелерін қиып өтіп, И.Гете көшесінде аяқталатын даңғылдың жалпы ұзындығы – 4159 метр.

Елордамыздың өткенін, бүгінін және болашағын бейнелейтін бұл көшенің тарихы көне ғасырдан басталады. Алғашқыда ол Больничная, содан кейін Пушкин көшесі, ал 1979 жылдан 1997 жылға дейін Тың игерушілер даңғылы деп аталған.

Республика даңғылы деген атау 1997 жылы берілді. Бұған дейін ол Целинниктер көшесі болып келген. Өйткені 1950-1960 жылдардағы тың игеру кезінде Сарыарқа еңбекшілері ерекше көзге түседі. Олардың құрметіне даңғылдың Бараев көшесімен қиылысатын бас жағында К-700 тракторының ескерткіші орнатылған еді. Сол бір жылдары ауылдан шығып, ұзақ жүргеннен кейін қарсы алдынан осы ескерткіш көрінгенде «алақай, қалаға келдік» деп қуанушы еді-ау көп бала. Қазір оның орнында қазақ даласының ежелгі заманнан күні бүгінге дейінгі Әскери тарихын айғақтайтын жәдігерлер топтастырылған Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің
Әскери-тарихи музейі тұр.

Астанадағы ең алғашқы көшелердің бірінде Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» сарайы орналасқан. 1976 жылы  салынған мәдени ғимаратта сахнасы ауысып тұратын 1200 орындық көрермендер залы, көлемі 18х36 м, 400 орындық әмбебап спорт залы, көрермендер галереясы және трамплинді жүзу бассейні, 150 орындық жастар кафесі және басқа да қосалқы құрылыстар бар. Жалпы ауданы 76840 шаршы метр сарайға төрт жағынан кіруге болады. Оған қарама-қарсы тұрған «Турист» қонақ үйінің ғимараты өз уақытында ерекше сәулетімен, биіктігімен және лифттерінің болуымен ерекшеленді.

Бүгінде «Абай» деп аталатын осы қонақ үйдің жанындағы, «Жастар» сарайына қарама-қарсы Халықтар достығы монументі және оның айналасындағы субұрқақтар қалаға ерекше сән беруде. Биіктігі сегіз метрлік ескерткіште тостаған, оның ортасында қоладан жасалған үш фигура аспанға қаратып, бейбітшілік пен келісімді бейнелеп тұр.

Іздегеннің бәрі бар        

Республика даңғылының бойында адам баласына қажеттінің бәрі бар. Сәнді киімдер мен аяқ киім, зергерлік бұйымдар, үйге арналған тауарлар, түрлі кәдесыйлар, спорт және шығармашылық заттарын даңғыл бойында бір-біріне жақын орналасқан «Музыка әуесқойы», «Француз үйі», «Талисман», «Диона», «Есіл» және «Сұңқар» дүкендерінен табуға болады.

Мұнда «Халық банк», Сарыарқа ауданының халыққа қызмет көрсету орталығы, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, Константин-Еленин шіркеуі және т.б. мекемелер шоғырланған.

Ұлттық нақышта безендірілген

Астанаға ерекше көрік беріп тұрған даңғыл бойындағы бес қабатты үйлер сол қалпы сақталған. Тек, елорданың 10 жылдығына орай әкімдік қалаға сый тартуды шешеді. Сөйтіп, 2006 жылдың аяғына қарай арнайы байқау жариялап, көшенің бойындағы әкімшілік ғимараттар мен мәдени орындардың сырты қайтадан қапталды, тұрғын үйлердің келбеті классикалық сәулет өнеріне тұңғыш болып ұлттық нақыш енгізілді.

Сол тұста сәулетшілер классикалық архитектура стилінің заңдылықтарын сақтай отырып, үйдің бұрышына ата-бабамыздан қалған сандық тастарды оюлап қосу арқылы элементтерді толықтырып жасап шығарды. Қазір бұл үйлердің төбесі қазақтың қалпағы іспеттес болса, балкондары белдік үлгісінде безендіріліп, әр үй әртүрлі оюлармен өрнектелген.

Есіл өзенінің екі жағалауын жалғап тұрған көшенің келбеті күн өткен сайын көркейіп келеді. Қала тұрғындары мен елорда қонақтары қазіргі заман талаптарына сай түгелдей абаттандырылған көше бойымен серуендегенді ұнатады.

Әсіресе, кешкі мезгілде және мереке күндері даңғыл аса әдемі әрі қауіпсіз. Өйткені бұл жерде «Астана – жайлы қала» жобасы аясында адамдардың жаяу жүріне ыңғайлы демалыс аймақтары жасалып, тротуарлар кеңейтіліп, плиткалар ауыстырылды, бейнебақылау камералары орнатылып, жаңа ағаш орындықтар, шойын шамдар, торлар, урналар қойылды. Бәрі де тұрғындардың өмір сүруі үшін ыңғайлы етіп жасалған.

Қаланың ескі бөлігіндегі ең танымал және адамдар көп жүретін көше  бойындағы демалыс орындары қашан да келушілерден босамайды. Бұл жерде жылдың қай мезгілінде де тірлік қызу қайнап жатады. Қозғалыс күні-түні тоқтамайды. Бастысы, бұл маң қашан да мұнтаздай тап-таза.

Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке қарсаңында елорда жастары, «Менің елім – менің туым!» челленджін ұйымдастырды. Соның аясында бұл күндері Республика даңғылының бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің балкондарында еліміздің көк байрағы желбіреп тұр.

Жыл сайын өткізілетін осындай маңызды іс-шара жас ұрпақ санасында отансүйгіштік қасиетті, елдік рух пен ұлттық ұстанымды бекемдей түсері анық.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button