Білім

Мектептегі чемпиондар

Астанада Республика күніне орай қалалық Білім басқармасының қолдауымен Qazaq kuresi ассоциациясының және №106 орта мектебінің ұйымдастыруымен  мектеп оқушылары арасында қазақ күресінен тұңғыш рет «JAILY MEKTEP BARYSY-2024» жарыс турнирі өткізілді.

Жарысқа қатысуға 150 оқушы өтінім берген. Қатысушылар 10 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Екі күнге созылған жарыста «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан, ең үздік нәтиже көрсеткен 20 оқушы турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алды. Қала мектептері арасында өткен турнирге халықаралық, республикалық деңгейде еліміздің көк байрағын желбіреткен танымал жеңімпаз спортшылар, жаттықтырушылар, спорт шеберлері төрелік етті.

Қазақ күресінен ел спортшыларының жеткен жетістіктері аз емес, ал мектеп табалдырығын аттаған жас өрендердің ұлттық спортқа деген қызығушылығы шынында да бізді айрықша тамсантты.

– Бұл сайыс маған қатты ұнады. Себебі бұл турнир біздің мүмкіндіктерімізді саралап, тағы да дайындықты күшейту керектігін ұғындырды. Мен бірнеше дүркін лига ойындарының жеңімпазымын, финалға жолдама алғаныма қуаныштымын, маған осы спорттың түрі ерекше ұнайды, бізді қолдаған ұстаздарымызға, жаттықтырушымызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта да ірі жарыстарға қатысып, елімнің байрағын көкке желбіретсем деймін, – дейді оқушы Нұрислам Бейсенғали.

«JAILY MEKTEP BARYSY-2024» іс-шарасының басы-қасында жүрген Нұрсұлтан Болат – Қазақ күресінің «Қазақстан Республикасының спорт шебері», республикалық бірнеше жарыстың жеңімпазы, бүгінде №106 орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазақ күресіне қатысушы оқушылардың бапкері болып жұмыс істейді. Жаңа жайлы мектепке алты жылдық бапкерлік тәжірибемен келіп отырған спортшы.

– Мектебімізде қазақ күресі залы бар, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды қабылдап, спорттың қыр-сырын үйреніп жатырмыз. Осы турнирге қаламыздағы 23 мектептен 130 бала қатысты. Қалалық деңгейде өткен жарысты алдағы уақытта республикалық деңгейде ұйымдастырсақ дейміз, – дейді турнирді ұйымдастырушылардың бірі Нұрсұлтан Бауыржанұлы.

Турнирдің ашылу салтанатына Астана қаласы Білім басқармасынан,   Астана қаласы әкімдігінің «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығынан Садық Аяшев, елордадағы Qazaq kuresi Ассоциациясы Ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Айбат Сейтен турнирдің құрметті қонағы ретінде қатысты.

– Қазір елімізде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.  Қазақ күресі – спорт пен дене шынықтырудың ажырамас бөлігі, жастарға бай тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттаудың, халық денсаулығын нығайтудың негізгі факторы, тәрбиенің бастауы, – дейді Айбат Төленбекұлы.

Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер алғыс хат, медаль және бағалы сыйлықтар табысталып, турнирде үздік шыққандар марапатталды.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button