Қоғам

Мәртебесі биік мереке

– Қазақ елінің тәуелсіздігіне жол ашқан Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданған күні, яғни, 25 қазан – Республика күні деп белгіленіп, оған мемлекеттік мәртебе берілгеніне 2 жыл толады.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтарып, елдің басты мейрамы еткені – халықтық қолдауға ие болғанын айтқанымыз абзал.

Бұл Декларация бір жыл өткенде, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздік алуымызға себепші болғанын жалпы жұртшылық жақсы біледі. Осы екі күннің де Қазақ елі үшін маңызы зор екенін тілге тиек еткіміз келеді.

Өйткені 1990 жылы 25 қазанда Қазақ елінің дербес­тігі бекітілсе, 1991 жылы 16 желтоқсанда ел тәуелсіздігін әлем мойындады.

«Қазір той тойлау емес, ой ойлау кезеңі» екенін ескерсек, Республика күнін мерекелеудің жаңа тетіктерін ойлас­тырған жөн деп санаймыз. Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарына бейім­делген әртүрлі байқаулар ұйымдастырып, креативті мәдени іс-шараларды өткізіп, неғұрлым жастарды көп тартуға күш салу керек деген пікірдеміз.

Республика күні мен Тәуел­сіздік күнінің ара-жігін ажыратып, кейінгі жастарға түсіндіру де өте маңызды. Жастар жиі қолданатын әлеу­меттік желілерде, Facebook, instagram, TikTok парақшаларында, бұқаралық ақпарат құралдарында білікті мамандарды насихаттау жұмысына жұмылдырса, «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация мен «Тәуелсіздік туралы» конституциялық заңның ерекшелігін жастар жақсы түсінер еді.

Халықтың биік рухын, берекелі бірлігін, ықыласты ынтымағын, тарихи тағдырын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге жол ашатын Ұлттық мереке мәртебесінің мәнін түсіндіру арқылы жастарды ұлттық қүндылықтарды ұлықтауға баулып, тағылымдық-тәрбие­лік, отаншылдық қасиеттерді олардың бойына сіңіруге болар еді деген ойдамыз.

Мереке құтты болсын!

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Президент жанындағы Ұлттық құрылтай және Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ҚР ҰҒА академигі:

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button