Білім

Оқу ордаларының президенттері ұлықталды

Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында 25 қазан – Республика күнін мерекелеуге арналған «Іс бастайтын уақыт» атты Астана қаласындағы білім беру ұйымдарының мектепішілік және студенттік Парламентінің президенттерін ұлықтау рәсімі өткізілді.

Салтанатты іс-шара жас ұрпақтың белсенді өмірлік ұстанымын және мектептің қоғамдық өміріне қатысуға дайындығын дамыту, оқушыларды өзара біріктіру, мектепте қолайлы, достық орта құру, ұжымшылдық сезімін және өз іс-әрекеті үшін жауапкершілік сезімін тәрбиелеу, балалар мен жасөспірімдерге шығармашылық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылды.

Биылғы жылдың 19 қазанында өткен сайлауда Астанадағы мектеп және білім беру ұйымдарының студенттік парламенттеріне 1500 үміткердің 78-і жеңіске жетті.

Бұл үміткерлер өздерінің «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» екендіктерін, ең үздік екендіктерін дәлелдеді, топты жарып, ортаға оза шықты.

Ұлықтау рәсімінде жаңадан сайланған Президенттер өз ұйымының абыройын асқақтатып, өз елінің патриоты болуға, өз Отаныңды сүюге салтанатты түрде уәде берді. Іс-шараға елорданың көптеген мектептерінен өз президенттерін ертіп келген мектеп ұжымдарынан өкілдер қатысты.

— Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайындағы бүгінгі мереке балаларды Отансүйгіштікке, патриоттық істерге тәрбиелейді. Бұл олардың шығармашылығын ұштап, көшбасшы болуға ынтасын оятады, — дейді Астана қаласындағы №4 мектеп директорының орынбасары Айгүл Шаяхметова.

Іс-шараның соңы «Атамекен» әнімен аяқталды. Қазақ әуендерінің арасында туған жерге, Отанға арналған әндердің ішінде ерекше орын алатын «Атамекенді» орындаған оқушылар, студенттер салтанатты рәсімге қатысқандардың рухын оятып, жігер-күш берді, патриоттық сезімдерге бөледі.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button