Білім

Отаншыл ұрпақ — ел тірегі

Еліміздегі ең басты, шоқтығы биік, бүкіл әлемге егемендігімізді паш еткен, дербестігімізді мойындатқан, біртұтас мәңгілік ел ретінде ұлт екенімізді әлем алдында дәйектеп берген мереке – Республика күні. Айтулы күннің ұрпақ тәрбиесінде орны айрықша. Жас буын тарихымызға көз тастап, жарқын болашаққа ұмтылуда мерекенің мән-маңызын бағдарға алары сөзсіз.

Биыл еліміз бойынша барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Мемлекет басшысы дәл қазіргі қоғамға ең керек маңызды деген мына құндылықтарды атаған болатын. Олар: отаншылдық, бірлік, ынтымақ, әділдік, жауапкершілік, тәртіп, еңбекқорлық, кәсіби біліктілік және жаңашылдық. Егер біз мұғалімдер қауымы осы құндылықтарды баланың бойына сіңірер болсақ, аталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іс жүзінде ғана жүзеге асырып қоймай, тұлғаның азаматтық келбеті мен ұлттық болмысын қалыптастырамыз. Ал бағдарламаның өзіне сүйенсек, қазан айы – тәуелсіздік және отаншылдық айы, яғни Республика күніне орайластырылған атаулы ай. Ол дегеніңіз, осы ай бойы баланың бойына отаншылдық, ұлттық рух пен ерік-жігерді қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар легінің жүзеге асырылатын кезеңі.

Мысалы, мектеп қабырғасында бұл атаулы күні мектеп дәліздері  тақырыпқа сай безендіріліп, әр сыныптың деңгейіне сәйкес ашық сынып сағаттары, түрлі өнер, спорт сайыстары өтіп, іс-шаралардың барлығы жоспарлы түрде насихатталып, жүзеге асып жатады. Әдебиетші мұғалім ретінде айтарым, мұндай іс-шаралармен бірге педагог ретінде күнделікті сабағымда ұлтқа, елге, жерге, тілге, салт-дәстүр мен  әдет-ғұрыпқа бағытталған өнегелік минуттар өлшеусіз дәріптеледі. Неге? Себебі, әдебиет – адамды тәрбиелейтін пән. Әдебиет сабағында шығарманың көркем құндылығымен қоса, оның адамзаттық, ұлттық құндылықтары егіз өрім болып өрбіп жататыны оқу процесіндегі шынайы құбылыс.

Республика күні әнімен, күйімен, жырымен, білімімен келу керек. Оған дәлел ретінде кішкентай ғана бір мысал айтайын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәніндегі дағдылардың бірі жазылым екені белгілі. Сабақ үстінде тақырыпқа сәйкес эссе, мақала, хат, әңгіме, құттықтау секілді жазылым мәтіндерін орындап жатқанда қолданатын бір әдісім бар. Ол – қазақтың күмбірлеген күйлерін баяу ойнатып қою, күйді тыңдату арқылы жазылым тапсырмасын орындату. Бұл әдісті «Күй күмбірі» деп атадым. Сезім мүшелері, есту қабілеті арқылы бала жүрегіне жеткен күй оның миын тыныштандырып, тұйықтықтан еркіндікке, шығармашылық қабілетінің ашылуына жағдай туғызады. Аталған әдістен кейін оқушыларым домбыра үйрену курсына жазыла бастады. Биылғы оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында да «Күй күмбірі» бөлімінде қоңыраудың орнына күй пайдаланылады. Осыдан үш жыл бұрын сыныбыммен аптаның әр күнін белгілі бір тақырыпқа бөліп алдық. Соның бір күні «Ұлттық киім кию» күні болған еді. Былтырдан бері бұл бастамам да республикалық деңгейдегі сипатқа енді.

Яғни баланың бойына құндылықтың, отаншылдықтың, адамгершіліктің, еңбекқорлықтың дәнін себетін – ата-анадан кейінгі орында мектеп пен мұғалім тұр. Себілген дән мықты өнім берсін десек, ұлт тәрбиесі мен біліміне жұмыла қызмет етейік!

Тәуелсіздігіміздің бастауы болған Республика күні құтты болсын! Бірлігіміз нығайып, елдігімізбен танылып, қуатты ел болайық!

Назым ИРБАЕВА,

Астана қаласы

Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button