Жарты ғасыр оқырман ортасында
Биыл Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрылғанына 50 жыл толды. Мекеме қызметкерлері мерейтойды Республика күні және Кітапханашылар күні мерекелерімен қатар атап өтті. Салтанатқа Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, қалалық мәслихат депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері, оқырмандар қатысты.
Кітапханалар саны 22-ге жетті
«Еліміздің мәдениеті мен білім беру саласында аса маңызды орын алатын кітапханашы мамандардың еңбегін ерекше атап өту керек. Amanat партиясы кітапханалардың жағдайын жақсартуға, жаңа кітапханалар салуға және қазіргі бар кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға әрдайым көңіл бөліп келеді. Осы жылы Астана қаласы мәслихатындағы Amanat партиясының фракциясы қолдаған 8 қалалық кітапхана жөндеуден өтіп, жаңа форматта жұмыс істеп жатыр» деді Мұхаммед Болысбек.
Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, Республика күні қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Гүлбадан Мәдібаеваның айтуынша, 1974 жылы Целиноград қаласындағы 15 кітапхана бір жүйеге біріктірілді. Елорда кітапханаларының тарихы содан басталады.
«Кешегі қиын тоқсаныншы жылдары қаладағы екі үлкен кітапхана жабылды. Соның бірі – Сәкен Сейфуллин кітапханасы. Оның кітап қорының жартысы Президенттік мәдениет орталығына көшірілді. 1998 жылы Ақмола қаласы Астана атанғанда жаңа тарихымыздың парағы ашылды. Жүйеге кіретін кітапханалар саны артып, 18-ге жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен кейінгі екі жылдың ішінде жүйеде жақсы жағынан үлкен өзгерістер болды. Астана әкімдігі мен қалалық мәслихаттың қолдауымен өткен жылы 4 кітапханаға, биыл 8 кітапханаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылы қаланың кітапхана желісі тағы 4 кітапханаға көбейді. Осылайша қазір қалалық кітапханалар саны – 22» дейді Гүлбадан Мәдібаева.
Оқырмандарға арналған жобалар мен клубтар
Кітапханалар көбейгенімен, қатар штат та ұлғайды. Бұрын жүйеде техникалық және әкімшілік персоналды қосқанда 126 қызметкер болса, 4 жаңа кітапхана ашылғаннан кейін штатқа 18 адам қосылып, бүгінде қызметкерлердің жалпы саны 144-ке жетті. Республика күні мерекесінің қарсаңында жаңғыртудан өткен №15 және №5 көпшілік кітапханалары, №2 балалар кітапханасы қайтадан ашылды. Ал Сығанақ көшесінде жаңа №6 балалар кітапханасы және Ш.Қосшығұлұлы көшесінде жаңадан бой көтерген №8 көпшілік кітапханасы оқырмандарға есігін айқара ашты.
Жаңа кітапханалар оқырмандардың сұранысына сай ашылып жатқанын атап өту керек. Мәселен, бұдан бұрын сол жағалауда Ұлттық академиялық кітапханадан басқа кітапхана жоқ еді. Ал биыл Ә.Бөкейхан көшесінде №1 балалар кітапханасы және жоғарыда аталған Сығанақ көшесіндегі №6 балалар кітапханасы бой көтерді.
«Кітапханалар санына қатысты тиісті нормативтер бар. Негізі 20 мың тұрғынға 1 кітапхана болуы керек. Қазір Астана тұрғындарының санына қарай елордада 50 шақты кітапхана болуы керек. Мынадай қарқынмен оған да жетеміз деген үмітіміз бар» дейді Гүлбадан Мәдібаева.
Қаланың «Қаламгерлер» аллеясындағы кітапхананы ерекше атап өту керек. Мұны қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 2020 жылы Байқоңыр ауданының әкімдігі тарту етті. Осы жерде жылдың жылы мезгілдерінде әртүрлі іс-шаралар, қаламгерлермен кездесулер, поэзиялық кештер өтіп тұрады. Жалпы аталмыш кітапхананың жұмыс істеу мерзімі – мамыр-қазан айлары.
Бүгінгі таңда Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жалпы кітап қоры 784000 дананы құрайды. Оқырмандар саны – 83 300. Жыл сайын қала кітапханаларында 2-3 мың әртүрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, атаулы күндер мен мерейтойлық даталар қамтылады. Бірнеше жоба тұрақты түрді жүргізіледі. Соның бірі – Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасындағы «Менің қолтаңбам» атты жоба. Аталмыш жобаны осы кітапхананың кітапханашысы, «Қазақстанның Мәдениет қайраткері» және «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері Сағыныш Дүйсенқызы жүргізіп, кітапхана қонақтары, елімізге белгілі тұлғалардан қолтаңба жаздырып алады.
Ал №5 көпшілік кітапханада «Флора» бөлме өсімдіктерін сүйетіндер клубы ашылып, жұмыс істеп жатқанына ширек ғасыр болды. Аталмыш кітапханада өте сирек кездесетін бөлме өсімдіктері өсіріледі. Сондай-ақ осы кітапханада өзін-өзі тану бойынша әдебиетсүйер қауым клубы ашылған. Клуб мүшелері әртүрлі жастағы оқырмандар. Атап айтқанда, мектеп оқушылары мен студенттерден бастап зейнеткерлерге дейін клубқа қызығушылық танытқан. Сонымен қатар осы кітапханада мектеп оқушыларына арналған поэзия клубы жұмыс істейді.
Инстаграм, тик-ток арқылы кітап оқытады
Қала кітапханаларында өз ісіне шын берілген адамдар еңбек етеді. Соның бірі – №4 көпшілік кітапхананың басшысы Динара Байғожина. Оның кітапқа құмарлығын кітапханашы болып жұмыс істеген нағашы әжесі оятты. Сол кезде оған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Ілияс Есенберлиннің «Алтын құс», Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» секілді кітаптар қатты әсер етті. Содан Қыздар педагогикалық институтын бітіргеннен кейін осы салаға келіп, жұмыс істеп жатқанына 15 жылдан асты.
«Қазіргі дамыған заманда кітап пен баланы байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Бүгінгі балаларды инстаграм, тик-ток секілді әлеуметтік желілер арқылы кітап оқуға тартып жатырмыз. Түрлі мотивация береміз. Себебі осы күнгі балалар телефонға телміруге әуес. Шынын айтқанда, осы күндері рухани дағдарыс кезеңін кешудеміз. Адамдардың рухани баюына әсер ететін бірден-бір тетік – кітап» дейді ол.
Оның айтуынша, қазіргі оқырмандар көркем әдебиетпен қатар психологиялық туындыларды, детектив жанрындағы кітаптарды көп сұрайды. Сондай-ақ балалар арасында комикстерге сұраныс жоғары. Кейінгі күндері мектеп оқушыларының біразы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын іздеп келген. Ал жалпы классика аға ұрпақ арасында сұранысқа ие.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ