Батырлар жүр арамызда
Елордада төтенше жағдай бола қалса зардап шеккендерді құтқаруға келетін мамандық иелері көп. Солардың бірі – Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушысы – Жалғас Данай. Ол өзінің қауіпті де маңызды қызметі туралы бастан кешкен оқиғалары арқылы сипаттап, айтып берді.
2017 жылы Түркістаннан Астанаға көшіп келген Жалғастың еңбек кітапшасында «құтқарушы-сүңгуір» деген жазба пайда болды. Дегенмен алдымен ол кәсіптің қыр-сырын меңгеру үшін үш айлық тәжірибеден өтті. Сол аралықтағы әр күні адамдарды тек суда ғана емес таулы жерлерде де қауіптен құтқару әдістерін меңгеру, алғашқы көмек беру машықтары бойынша аттестациядан өту, теория мен практикалық сабақтарға толы болды.
– Бізді адамдарды тек суда ғана емес, сонымен қатар тауда және жол-көлік оқиғасы кезінде құтқаруға үйретті. Біздің міндетіміз – адам өміріне қауіп төнген кез келген жағдайда оларға көмектесе білу, – дейді Ж.Данай.
Жалғас пен оның командасы дүлей апаттармен байланысты шақыртуларға жиі барады. Солардың ішінде есте қалғаны 2018 жылы Есіл өзеніне қорғансыз баланың құлап кеткен сәті болды.
– Қасында ата-анасы болмады, жалғыз жүрді. Оны судан алып шығып, құтқарған кездегі жанарын көрсеңіз. Қорқыныш, үрей, қуаныш, алғыс бәрі бір мезгілде оның көзінде тұрды. Сондай сәттерде басқалардың өмірі үшін қаншалықты жауапты екеніңді қатты сезінесің, – дейді кейіпкеріміз.
Кейде тіпті ағаштың басынан немесе құдықтан жануарларды, мысықтар мен иттерді алып шығу, түсу бойынша да шақыртулар келеді екен.
– Күн сайын кем дегенде сондай 2-3 шақырту болады, біз оларды да қауіпті жағдай ретінде қабылдап, шақыртуға міндетті түрде барамыз, – дейді құтқарушы.
Тапсырмаларды орындауға жиі шыға отырып, ол және оның әріптестері тұрмыстық жанжалдар мен өзіне қол салу оқиғалары кезінде де адамдарды ойланбай әрекет етуден бас тартуға үгіттеп, оларды райынан қайтару үшін келіссөздер жүргізуге мәжбүр болады.
– Дене тұрқы жағынан төзімділік пен адамдарды құтқаруға және туындаған мәселелерге орай жылдам әрекет ете білу қабілеті – біздің кәсібіміз бойынша ең басты машықтар, – деп атап өтті Жалғас.
Жыл сайын құтқарушылар кез келген шақыртуға дайын болу және біліктілігін дәлелдеу үшін аттестациядан өтіп отырады. Бұл жұмыс сонымен қатар техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды талап етеді.
– Әр адам қауіпті жағдайда қалай әрекет ету керектігін білуі керек. Мәселен, суға батып бара жатқан адамды көрсеңіз, бірден оны құтқару үшін суға қарай жүгірмеңіз. Алдымен басқа адамдарды көмекке шақырыңыз, сосын қиын жағдайға тап болған адамға батпайтын бір зат лақтырыңыз, – дейді өз саласының маманы.
Жалғастың есінде мәңгілікке қалған тағы бір оқиға жазда болды. Төтенше жағдай кезінде балаларды үрленген шеңбермен бірге үлкен өзеннің ортасына қарай жел ұшырып бара жатты.
– Біз оларды бір жарым сағат іздеуден кейін тауып, құтқардық. Бұл да бір менің өмірімдегі қатты қарбаласқа толы секундтар, минуттар, сағаттармен есте қалған оқиға болды. Бізді ел сол үшін де құрметтейді, алғысын жаудырады, жұмысымыз туралы жақсы пікірлер көп. Сондықтан өз қызметіммен мақтанамын. Себебі адамдарға кез келген жағдайда үміт пен сенім сыйлаймыз, оларға барлық қиын сәтте көмек қолын созуға, бірден жәрдемдесуге дайынбыз, – дейді бүгінгінің батыры.
Екатерина ТЫЩЕНКО,
Райхан РАХМЕТОВА