Шешендік өнер – асыл қазына
Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Республика күніне орай «Шешендік өнер – рухани асыл қазынамыз» тақырыбында қалалық шешендік өнер сайысы өтті. Жоба авторы – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Руханият» мекемесінің идеология және жобаларды жүзеге асыру бөлімінің басшысы Серік Рысбекұлы.
Сайысқа Астана қаласы Байқоңыр ауданының жалпы білім беретін орта мектептері, гимназия, лицей оқушылары қатысты. Жас өрендер ата-баба тарихына терең бойлап, халық жадында мәңгілікке өздерінің ұрпақтан ұрпаққа өлмейтін, өшпейтін құнды сөздерін қалдырған би-шешендердің мұрасын дәріптеп, олардың керемет ой-толғамдарын қалың көрерменге жеткізді.
Жеткіншектердің өнер додасында қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов төрағалық етті. Құрамында белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқа, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші Мақсат Бауыржанұлы болды.
Бас жүлде М.Мақатаев атындағы №74 мектеп-гимназиясының оқушысы Аружан Бақытжановаға бұйырса, 1-орынды А.Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушысы Әсемай Алимжон мен Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының оқушысы Қалдыбай Нұрғиса, 2-орынды №8 мектеп лицейінің оқушысы Рысжан Утеуова мен Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінің оқушысы Берікқан Ерасыл иемденді. 3-орын №10 мектеп-гимназиясының оқушысы Асыл Байжанова мен Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінің оқушысы Нұртілеу Бектұрғановтың қанжығасына байланды. Аятолла Ертуған, Кемелғазы Балғынбек, Абылдабек Оспан, Мұхаметәлі Қалжан Әйтеке би, Ақтайлақ би, Жанқұтты шешен атындағы арнайы жүлделермен марапатталды.
Айжан СЕРІКҚЫЗЫ, Астана қаласы әкімдігі «Руханият»
мемлекеттік мекемесі баспасөз қызметінің жетекшісі