Елорда тынысы

Дәстүрді үздік дәріптеген

Республика күнінде «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйым­дастыруымен елордалық жас отбасылар арасында «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты ұлттық-этнографиялық сайыс өтті. Байқаудың өтуіне Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мекемесі қолдау білдірді.

Биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған сайыс қазақ хaлқының сaлт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптaрын заманға сай жаңғырту, жастар арaсында насихaттау, отбасы институтының мәртебесін көтеру, іргесін нығайту, дәстүрлі отбaсы құндылықтaрын жастар арасында дәріптеу, жас отбасылардың қоғaмдық белсенділігін aрттыруға бағытталды.

«Елімізде отбасылар арасында этнографиялық бағытта ұйым­дастырылатын байқау жоқтың қасы. Мұндай іс-шаралардың көптеп насихатталуы үшін байқаудың ұйымдастырылуына мұрындық болған елорданың Сарыарқа ауданы әкімдігі, Мәдениет басқармасы, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руха­ният» мекемесіне алғыс айтамын. Ұлттық құндылықты ұлықтайтын қолдаушылармен бірге бұл байқау дәстүрлі түрде жалғасын табады деген сенімдемін. Жас отбасылардың береке-бірлігін сақтауға ұйытқы бола отырып, отбасы құндылығын арттырсақ деген мақсатымыз бізді алға жетелеп отыр» деп бөлісті «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тұрар Шәкен.

Сайысқа қатысуға өтініш біл­дірген 20-ға жуық отбасыдан сайдың тасындай 8 отбасы іріктелді. Қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынасты. Алдымен отбасылар өз-өзін таныстырып, «Он саусақтан өнер тамған» атты екінші бөлімде қазақтың ұмыт болған ас мәзірін дайындап әкеліп, қолөнер бұйымдарын жасап көрсетті. Соңғы бөлім «Өнер-білім бар жұрттар» деп аталып, қатысушыларға ұлттық құндылыққа қатысты зияткерлік сұрақтар қойылды.

«Байқауға биыл бірінші рет қатысып отырмыз. Өзім алты баланың әкесімін. Қазақтың салт-дәстүрін отбасылар арасында насихаттау тәрбиенің бірден-бір кепілі деп білемін. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілері рас. Отбасымыздың негізгі ұстанымы да сол, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықпен сусындап өсіру, қазақы салт-сананы барынша дарыту. Осы орайда мұндай игі іс-шаралардың өтіп отырғаны қуантады» деп бөлісті сайысқа қатысушылардың бірі Қанат Сембеков.

Өнегелі әке, ақылды ана, ұла­ғатты ұрпақ – үздіктерді анық­тауда негізге алынған үш маңызды талап. Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдеге – Мекебай отбасы, 1-орынға – Мұқажановтар, 2-орынға Сембековтер әулеті лайық деп танылды. Ал 3-орынды Саухановтар мен Хызайхан жанұясы өзара бөлісті. Байқауға қатысқан үш отбасы номинациялар бойынша арнайы сыйлыққа ие болды. Атап айтқанда, «Өнегелі отбасы» номинациясын – Қалитовтар отбасы, «Дәстүрге берік отбасы» номинациясын – Пірімқұловтар отбасы және «Көрермен көзайымы» номинациясын Мұқановтар отбасы иеленді.

Жеңімпаздарға астау, тос­таған, ожау сынды ағаштан жа­салған ыдыс-аяқтар, сонымен қатар «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің брендік бұйым­дары мен кітаптар табысталды. Марапаттау рәсімінен кейін отбасыларға концерт бағдарламасы қойылды.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button