Басты ақпаратМәдениет

Қаламгер қолтаңбасының салтанаты

Кеше елордада көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанованың драматургиясына арналған «Театр аll» III халықаралық театр фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 3 қарашаға дейін жалғасатын өнер мерекесіне ел театрларымен қатар Әзербайжан мен Қырғызстан ұжымдары қатысып жатыр.

Фестиваль М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының «Мәңгілік бала бейне» қасіретнамасымен ашылды. Дәл осы қойылымды елордаға А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры да (режиссері – А.Оспанбаева) әкеліп отыр. Сондай-ақ Роза Мұқанованың драматургиядағы жолын ашқан аталмыш спектакльді Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры (режиссері – Қ.Ешмұратова) және Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры «Қызжылаған» атауымен (режиссері – Абзалбек Максим) ұсынады.

Фестиваль қарсаңында «Қызжылағанның» премьерасы өтті. Жалпы қаламгердің «Мәңгілік бала бейне» әңгімесінің сахнаға жол тартқанына биыл 28 жыл болды. Содан бері талай театрда сахналанды. Әңгіменің пьесаға айналуына бірден-бір себепкер – тағдырлы талант Болат Атабаев. Қара шаңырақ – Мұхтар Әуезов театрында алғаш сахналаған да өзі. Яғни Болат Атабаев – «Мәңгілік бала бейненің» тұңғыш қоюшы режиссері. Ал әзірге соңғысы – Абзалбек Максим. Мұның алдында жас режиссер дәл осы спектакльді Астананың «Жастар» театры жанындағы «Қанаттылар» инклюзивті театрында сахналаған. Қойылымның бұл нұсқасы бас кейіпкер Ләйләні шынайы, беріле сомдаған марқұм Малика Мұхтарованың ойынымен есте қалды. Соны қоюшы режиссер Музыкалық жас көрермен театрында жаңаша жаңғыртты. Мұнда полигон тақырыбы, оның зардаптары ғана емес, жастар тәрбиесі, ауылдардың қаңырап қалуы, сайлау алдында неше түрлі уәде беріп, соңында орындамайтын депутаттар мәселелері қамтылған. Абзалбектің спектакльді беруі шығарма авторы Роза Мұқановаға да, Болат Атабаев нұсқасын көріп, кезінде үлкен мақала жазған көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсеноваға да ұнады.

«Театр аll» III халықаралық театр фестивалі бағдарламасында Бішкек қаласы Жамал Сейдакматова атындағы «Тунгуч» жастар театрының «Жесір» драмасы (режиссері – А.Кыдырмышев), C.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының «Ешкім де кінәлі емес» драма-абсурды (режиссері – Б.Киекбаев), Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының Роза Мұқанова инсценировкасын жасаған Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» метафизикасы (режиссері – А.Шәріпов), Түркістан музыкалық драма театрының «Фариза» драмасы (режиссері – Ф.Молдағали), Әзербайжан Республикасы, Газах мемлекеттік драма театрының «Шатыр астындағы мен» трагикомедиясы (режиссері – М.Эйюбов) бар. Сондай-ақ фестиваль аясында Р.Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған «Жарық дүние» атты шығармашылық кеш өтеді.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button