Елордада жертөледен вейп сақтайтын қойма табылды
Елордада вейптердің заңсыз қоймасы анықталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Сарыарқа ауданы полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік учаскені аралау кезінде Қосшығұлұлы көшесіндегі тұрғын емес үй-жайда көптеген электрондық темекі мен вейптердің сақталуын анықтады. Қойма ғимараты елордалық көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан. Қоймадан 2700 дана электрондық құрылғы (вейптер) табылды. Белгілі болғандай, қылмысты ұйымдастырушылар курьерлерді тарта отырып, тауарды Telegram арнасы арқылы сатқан. Қазіргі уақытта полицейлер электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) сату және тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде» делінген хабарламада.
Айта кетейік, биылғы 20 маусымнан бастап ҚР Қылмыстық кодексіне Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға және таратуға тыйым салу туралы 301-1-бабы енгізілген болатын.
Бұл баптың талабын бұзғандарға 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады; не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады; не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады.