Әлеуметтік қорғау саласының мамандары марапатталды
Астанада әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты кеш өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Илья Скуб, кәсіподақ төрағасының орынбасары, Астана қаласы бойынша филиал төрағасы Атақозы Нұрланов, сондай-ақ сала мамандары қатысты.
Қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын және Астана қаласы әкімінің алғыс хаттарын табыстады.
«Құрметті әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Қазіргі таңда елордада бұл салада 2 мыңға жуық маман қызмет етеді. Сіздер қарт адамдарға, ерекше жандарға, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетесіздер. Сіздерге көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін!» — деді қала әкімінің орынбасары.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері «Елеулі еңбек үшін», «Кәсіподақ қайраткері», «Әлеуметтік саласының үздігі», «Өз ісінің маманы» секілді медальдармен марапатталды.
Сондай-ақ Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнін мерекелеу қарсаңында дойбы, шахмат, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, шағын футбол сынды спорт түрлерінен өткен спартакиада жеңімпаздарын Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб марапаттады.