JASTAR FEST: Астана жастары қоғамдық процестерге қалай әсер ете алады?
Астана қаласы мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм «JASTAR FEST» жастар фестивалінде сөйлеген сөзінде жастардың еліміздің қоғамдық үдерістеріне қатысуының маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«ХХІ ғасыр жастарының алдында қазір көптеген мүмкіндік ашылды, бұл — елордада өтіп жатқан керемет іс-шаралар ғана емес, сонымен қатар түрлі гранттар, тегін курстар, саяси бағыт. Қазір көптеген жас министрлер, депутаттар, басқарушылар бар екенін бәріміз білеміз. Жастардың мемлекеттік қызметке барудан қорықпайтынын айтқым келеді. Мен жергілікті мәслихаттың депутаты бола отырып, идеяларды ұсынуға, жастардың құқықтарын қорғауға, қала мен елдің маңызды оқиғаларына басшылық етуге және қатысуға болатындығына мысал келтіре аламын», — деп бөлісті Арсланбек Мағзұм.
Депутат сонымен қатар жастарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.
«Біздің мемлекет жастардың мәселелеріне көп көңіл бөледі. Түрлі акциялар мен іс-шаралар өтеді. Мысалы, «Таза Қазақстан» акциясы – бұл қаланың тазалығы туралы ғана емес, тілдің, мәдениеттің, ойдың, мінез-құлықтың тазалығы туралы. Бұл акцияның мәні өте терең», — деді спикер.
Естеріңізге сала кетейік, елордада «JASTAR FEST» жастар фестивалі өтіп жатыр. Іс-шара қаланың Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.