Басты ақпаратҚоғам

Достық пен ынтымақтың жаңа парағын ашқан күн

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтеруге ықпал еткен және екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа тарихи парағын ашқан ерекше маңызы бар оқиға болды. Осы оқиғаларды рет-ретімен баяндайық.

Шағын құрамда келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ухнаагийн Хурэлсухпен кездесті. Келіссөздерге дейін Үкімет үйі алдындағы Сухэ-­Батыр алаңында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан Президентін алаңда құрмет қарауылы және сауыт киген салт атты моңғол жауынгерлері қарсы алды. Құрмет қарауылы бастығының рапортынан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Содан соң мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық көрсеткені үшін Ухнаагийн Хурэлсухке ризашылық білдіріп, өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі Моңғолияға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Моңғолия – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Қос халықтың дәстүрі мен мәдени-тарихи тамыры ортақ.

«Құрметті Президент, бүгін Сіздің шақыруыңыз бойынша Моңғолияға мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Маған және Қазақстан делегациясына, бұл – үлкен құрмет. Бүгін біз екіжақты маңызды құжаттарға, соның ішінде Қазақстан мен Моңғолия арасында стратегия­лық серіктестік орнату туралы декларацияға қол қоямыз. Бұл қадам елдеріміздің барлық деңгейдегі ықпалдастығын жандандыруға арқау болмақ. Сондай-ақ қос халықтың игілігі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

«Шын мәнінде, екі ел арасында дипломатиялық қарым-­қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапары соңғы рет осыдан 16 жыл бұрын болған еді. Еліміз Сіздің бүгінгі сапарыңызды екіжақты ынтымақтастықтың таяу жылдардағы перспективті бағыттарын айқындайтын мезет ретінде қарастырады. Бұл сапар екі елдің қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейге шығару тұрғысынан өте маңызды» деді Моңғолия Президенті.

Мазмұнды әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту перспективасына айрықша мән берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тау-кен және металлургия кешені, энергетика, көлік-логистика, қаржы салаларындағы қарым-қатынас мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев бірлескен жо­балар мен қол қойылған құ­жаттарды сапалы жүзеге асырудың мәні зор екенін атап өтті. Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында Моңғолия Президенті Мемлекет басшысына 60 мыңнан астам сөз енген қазақ-моңғол сөздігін сыйға тартты.

Қазақ пен моңғол – Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсух екі ел делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді. Қазақстан Президенті шағын құрамдағы кездесудің қорытындысына жоғары баға беріп, Моңғолиямен мемлекетаралық қарым-қатынасты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады.

«Қазақ және моңғол халық­тары – Ұлы дала өркениетінің мұрагерлері. Ынтымақтастықты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру екі елдің мүддесіне сай келеді. Біз моңғол халқына үлкен құрметпен қараймыз және Моңғолияның жетістігіне әрда­йым қуанамыз. Қазіргі уақытта Сіздің бастамаңызбен ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар қолға алынды. «Vision-2050», «Азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның қауіпсіздігі», «Салауатты моңғол ұлты» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арасында тығыз парламентаралық және үкіметаралық байланыстар қалыптасқанын еске салып, ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды.

«Сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-­логистика, тау-кен индустриясы, өнеркәсіп, инвестиция, жаңа технологиялар, ғарышты игеру салаларында ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгін қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық алыс-берісті дамытуға тың серпін береді деп сенемін» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтарды екі ел үкіметтері уақытылы және сапалы жүзеге асыруы қажет деп санайды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ­мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың мән-­маңызына тоқталып, Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқаны үшін моңғол спортшыларына алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан моңғол студенттері үшін квота санын ұлғайтуға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ екі ел ғалымдарын ортақ бай тарихи мұрамызды бірлесе зерттеуге шақырды.

Бұдан бөлек, Президент экологиялық, тарихи, этнографиялық және экономикалық туризм бағыттарында бірлесе жұмыс істеуге мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Қазақстандық туроператорлар моңғол туристеріне Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан ежелгі Түркістан қаласын таныстыра алады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның мазары тұрған Ұлытау облысын және басқа да туристік орындарды көрсетуге болады. Сондай-ақ біз Моңғолиямен Алтай туризм кластерін дамытуға және ортақ туристік бағыттарды қалыптастыруға мүдделіміз» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентін келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолияның Қазақстанмен екіжақты байланыстардың барлық бағытын нығайтуға бейіл екенін растады. Ол бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынына сенім білдірді. Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанды Моңғолияның маңызды серіктесі, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың арасындағы алтын көпір екенін атап өтті. Оның сөзінше, Ұлан-Батыр Қазақстанның экономикалық даму тәжірибесіне ден қойып отыр. Сонымен қатар сауда, көлік-логистика, ауыл шаруа­шылығы, ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты жобаларды тиімді жүзеге асыруға айрықша мән береді. Атап айтқанда, Ухнаагийн Хурэлсух Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі ел арасындағы тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу туралы ұсынысын қолдады.

Қандай құжаттарға қол қойылды?

Келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары Стратегиялық серіктес­тік орнату туралы бірлескен ­декларацияға қол қойды. ­Содан кейін қол қойылған құжаттарды алмасу рәсімі өтті. Қазақстан Рес­публикасының Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациялары төмендегідей құжаттарға қол қойды:

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  2. Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақ­тастықты жандандыру жөнін­дегі жол картасы;
  3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы авиация­лық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  4. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Моңғолияның Жол және көлік саласын дамыту министрлігі арасындағы автомобиль жолдарын дамыту туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолияның Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы жоспар;
  6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі ми­нистрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  7. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  8. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Моңғолияның Бас ветеринариялық басқармасы арасындағы ветеринария қыз­меті және карантин саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  10. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Моңғолияның Цифрлық даму, инновациялар және коммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  11. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Моңғолияның Атом энергиясы жөніндегі комиссияның атқарушы кеңсесі арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан және Моңғолия президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері алдында брифинг өткізіп, бірлескен мәлімдеме жасады. Президент, ең алдымен, Ұлан-­Батырға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Ухнаагийн Хурэлсухқа шынайы ризашылығын білдіріп, бұл сапардың мән-маңызы ерекше екенін жеткізді.

«Моңғолия – аймақтағы маңызды көршіміз. Біз бір-­бірімізге тілектеспіз. Біздің тарихымыз, рухани және мәдени құндылықтарымыз – ортақ. Бүгінгі кездесу қазақ тарихында айрықша орын алатын Жошы ұлысының 800 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның екі халық үшін символдық мәні зор. Соңғы жылдары қазақ-моңғол қатынастары қарқынды дамып келеді. Берік татулыққа негізделген ынтымақтастық стратегиялық серіктестікке ұласты. Біз Президент Хурэлсух мырзамен бірге арнайы декларацияға қол қойдық. Бұл құжат екі елдің достығын нығайта түседі. Түрлі саладағы тиімді байланыстарды дамытуға тың серпін береді» деді Мемлекет басшысы.

Ықпалдастық тереңдейді

Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тереңдету жөнінде уағдаласқанын айтты.

«Жалпы, келіссөздер өте табысты өтті деуге толық негіз бар. Атап айтқанда, экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға келістік. Қазақстан мен Моңғолия Азиядағы ірі елдер санатында. Сондықтан өзара сауда айналымы ауқымды болуға тиіс. Былтыр сауда-саттық көлемі 150 миллион долларға жуықтады. Бұл көрсеткішті көп ұзамай 500 миллион долларға дейін жеткізу жоспарда бар. Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейту керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Екі ел үкіметі нақты шараларды қабылдайды. Бүгін Сауда-экономикалық байланысты арттыру жөніндегі жол картасына қол қойдық» деді Президент.

Мемлекет басшысының ай­туынша, екі ел делегациясы ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты нәтижелі келіссөз жүргізген.

«Қазақстанда мал ауруларына қарсы вакцина шығаруға мүмкіндік бар. Осы орайда, алдағы уақытта Моңғолияда вакцина өндірісін ашуға келістік. Сонымен қатар жаңа технологияны, қазба байлықты бірлесіп игеруге тоқталдық, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Өздеріңізге мәлім, елдерімізде табиғи ресурс мол. Темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлап, игеру үшін бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстан кәсіпкерлері Моңғолияның тау-кен саласын зерттеуге дайын. Келіссөздер барысында көлік-логистика мәселелері туралы әңгімелес­тік. Халықаралық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыру – маңызды міндеттің бірі. Ол үшін екі ел арасындағы және басқа мемлекеттермен көлік қатынасын жетілдіру қажет. Сонда елдеріміздің аумағы арқылы тасымалданатын жүк көлемі ұлғая түседі. Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану маңыз­ды» деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы кеше Ұлан-Батырда өткен Іскерлік кеңестің алғашқы отырысында кәсіпкерлер ауқымды коммерциялық келісімшарттарға және өзге де құжаттарға қол қойғанына назар аударды. Екі ел үкіметтеріне бірлескен кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде тапсырма берілген. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аймақаралық алыс-берістің әлеуетін ұтымды пайдаланған жөн деп санайды.

«Бүгінде Астана мен Ұлан-­Батыр арасында бауырластық байланыс орнаған. Осындай байланысты басқа да аймақтар арасында дамыту маңызды. Моңғолиядағы қазақ диаспорасы – берік достықтың алтын көпірі. Қандастарымызға қамқор болып жүрген Моңғолия басшылығы мен халқына алғыс айтамыз» деді Президент.

Мемлекеттер басшылары ғылым мен білім, мәдениет саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріп, жастардың ­қарым-қатынасын арттыра түсетін тың бастамаларды талқылаған.

«Моңғол жастары үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарының есігі ашық. Сондай-ақ ғалымдарымыз бен зиялы қауым өкілдерін ортақ тарихымызды бірлесе зерттеуге шақырамын. Осы маңызды қадамдар екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Моңғолия халықаралық және аймақтық деңгейде тығыз байланыс орнатқан әрі көптеген өзекті мәселеге қатысты ұстанымдары ұқсас.

«Жаһандық және аймақтық құрылымдар аясында ықпалдас­тығымыз дамып келеді. Әсіресе, Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға назар аудардық. Қазір геосаяси жағдай күрделі. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында өзара қолдау көрсетіп, консультация өткізу маңызды. Біз екіжақты және көпжақты қарым-қатынасты дамыта береміз. Моңғолияның Еуразия экономикалық одағымен еркін сауда келісімін жасау ниетін қолдаймыз» деді Президент.

Өз кезегінде Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух қазақ пен моңғол бауырлас халықтар екенін, оларды ежелден тарихи, мәдени және рухани мұралар біріктіретінін атап өтті.

«Сіздің мемлекеттік сапарыңыз барысында екі елдің дәстүрлі достық қарым-қатынасын одан әрі кеңейту және дамыту жөнінде тарихи шешім қабылдадық. Бұл Моңғолия мен Қазақстанның ынтымақтас­тығын стратегиялық серіктестік деңге­йіне көтеруге мүмкіндік береді. Аталған айтулы оқиға өзара байланыстарымыздың жаңа кезеңіне жол ашады. Қазақстан Рес­публикасы – Моңғолиямен стратегиялық серіктес елге айналған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Бұған қуаныштымыз. Біздің ресми келіссөздеріміз жылы әрі іскерлік сипатта табысты өтті. Осы орайда 30 жылдағы жетістіктерімізді қорытындыладық. Ынтымақтастығымызды жаңа мазмұнмен байыту, алдағы уақытта байланыстардың барлық саласын кеңейту жөнінде нәтижелі пікір алмастық. Өзара ықпалдастықтың перспективасын, басымдықтары мен жол картасын бірге айқындадық» деді Ухнаагийн Хурэлсух.

Қазақ-моңғол қатынастары дамитын алаң

Қазақстан Президенті Ұлан-­Батырға мемлекеттік сапары барысында Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Президент Ухнаагийн Хурэлсухпен өткен келіссөздерге жоғары баға беріп, соның нәтижесінде мемлекетаралық ынтымақтас­тық стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев спикерді және бүкіл моңғол халқын биыл маусым айында парламент сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Президент Хуралдың жаңа құрамы елдегі демократиялық үдерістердің дамуына елеулі үлес қосып, Моңғолияның халықаралық аренадағы абырой-беделін арттыруға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы заң шы­ғарушы органдардың диалогы қазақ-моңғол қатынастарын ілгерілететін маңызды алаң деп санайды. Сондай-ақ депутаттардың достық тобы парламентаралық байланыстарды нығайту ісінде зор рөл атқаратынын жеткізді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Хурал Төрағасына Қазақстандағы саяси және экономикалық жаңғырулар жөнінде айтты. Елімізде қабылданып жатқан ауқымды саяси шаралар қоғамда әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарын орнықтыруды көздейді.

Мемлекет басшысы екі ел қарым-қатынасында мәдени-­гуманитарлық ынтымақтас­тықтың орны айрықша екенін атап өтіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қолдау білдіргені үшін моңғол тарапына ризашылық білдірді. Моңғолиядағы будда ғибадатханаларының көрнекті өкілдері аталған форум жұмысына тұрақты түрде қатысып келеді. Мемлекет басшысы келесі жылы ұйымдастырылатын VIII съезд «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналатынын жеткізді. Оның айтуынша, бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайтын Қазақстан мен Моңғолия адамзат алдындағы сын-қатерлерді шешу үшін күш біріктіре алады.

Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы заң шығарушы органдар арасындағы байланысты дамытуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Дашзэгвийн Амарбаясгалан парламентаралық ықпалдастықты одан әрі нығайту және екіжақты қатынастардың құқықтық базасын кеңейту мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін растады.

Екі ел Үкіметі күш жұмылдырады

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Моң­ғолия Премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэмен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы орындау үшін екі ел үкіметтерінің бірлесе күш-­жігер жұмылдыруы керек екенін атап өтті.

«Бүгін Сіздің еліңізге Президент Хурэлсухтың шақыруы бойынша арнайы мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Қазақстан мен Моңғолияның арасындағы ынтымақтастыққа стратегиялық сипат беру үшін екі ел үкіметтері алдында тұрған міндеттерді айқындадық. Шын мәнінде, бізге экономикалық байланыстарымызды дамытуға тың серпін беретін өте ірі жобалар қажет» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев тау-­кен өнеркәсібі, ауыл шаруа­шылығы, көлік-логистика, туризм және білім салаларындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың маңызына тоқталды.

Өз кезегінде Премьер-­министр Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ мемлекеттер басшылары деңгейінде қабылданған шешімдерді Моңғолия Үкіметі орындауға дайын екенін растады. Оның айтуынша, Ұлан-Батыр Қазақстанның даму жолын жіті зерттейді.

Шыңғыс хан ұлттық музейіне барды

Қазақстан Президенті Моңғолияға мемлекеттік сапары аясында Ұлан-Батыр қаласындағы Шыңғыс хан ұлттық музейін арнайы барып көрді. 2019 жылы ашылған музей қорында 10 мыңнан астам бірегей жәдігер бар. Экспозицияның негізгі бөлігі ұлы қолбасшы әрі жиһангер Шыңғыс хан тұлғасына арналған. Бұдан бөлек көрмеде Ғұн дәуірінен бастап XX ғасырға дейінгі Моңғол мемлекетінің қалыптасу кезеңдерін толық қамтитын артефактілер қойылған. Музейдің тағы бір маңызды міндеті – Еуразия халықтарының көшпелі өркениеті мен мәдени мұрасын зерттеу және оны жан-жақты дәріптеу. Мемлекет басшысы музейді аралап көріп, Құрметті қонақтар кітабына: «Шыңғыс хан ұлттық музейі – ұлы тұл­ғаның және тұтас мемлекеттің шежіресі. Руханият ордасы ел игілігіне қызмет ете берсін. Моңғолия халқының мерейі үстем болсын!» деп жылы лебізін қалдырды.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button