Бала денсаулығы – басты назарда
Елімізде бала денсаулығына ерекше назар аударылады. МӘМС жүйесі негізінде скринингтер мен профилактикалық тексерулерге қордан қаржы бөлінеді. Қалалық емханаларда аптаның белгілі күндері балаларды арнайы профилактикалық тексерістен өткізеді. Жалпы балаларға қандай тексерулер жүргізіледі? Осы ретте Астана қаласындағы City емханасына барған едік.
94 мыңға жуық астаналыққа қызмет көрсететін City емханасы – сапалы қызмет көрсететін көпсалалы медициналық мекеме. Бізді профилактика және әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Самал Бақытбекқызы қарсы алды. Келген бойда мекеменің денсаулық сақтау жүйесінің инновациялық бағдарламалары аясында жұмыс істейтінін алға тартты.
«Денсаулық сақтау министрлігінің 264-бұйрығына сәйкес, ата-аналар 1 айдан 18 жасқа дейінгі балаларды жылына бір рет профилактикалық қараудан өткізу керек. Мектепке дейінгі балалар профилактикалық қаралудан жергілікті емханадан өтеді. Ал мектеп жасындағы балалар өзі білім алып жүрген оқу ордасынан өтеді. Профилактикалық қаралу кезінде балалардың салмағы, бойы, бас өлшемі мен кеуде көлемі мұқият қаралады. Олардың психофизикалық дамуын анықтаймыз. 7 жастан жоғары балалардың қан қысымы өлшенеді. Плантография жүргізіледі. Электрокардиография 14 пен 17 жас аралығындағы балаларда өткізіледі. Сонымен қатар нәрестелерді 1 айлығында, МӘМС жүйесіне сүйене отырып, хирург, невропатологтан, 3 айлығында аудиологиялық-скринингтік тексерістен, 6 айлығында ЛОР, офтальмолог, 1 жасында жалпы қан, зәр талдауынан, 2 жасында тіс, 3-6 жасында аудиологиялық скринингтен өту жоспарланған» дейді Самал Бақытбекқызы.
Оның айтуынша, әрбір жаста скринингтік талдаудан кейін дәрігер баланың денсаулық тобын анықтап, әрі қарай бақылауға алады. Профилактикалық тексеру арқылы балаларда көптеген жасырын ауру анықталады екен. Мәселен, темір жетіспеушілік анемия, сколиоз, жалпақ табан, есту, көру қабілетінің төмендеуі кездеседі.
Профилактикалық тексеру кабинетіне жүгінген астаналық Динара Сәтжанова баласының денсаулығы үшін өзі жауапты екенін айтты.
«Баламды аудиологиялық тексерістен өткізген едім. Бір құлағы естімейтінін біліп, қазір қосымша тексеруден қайтадан өтіп жатырмыз. Балам қойған сұрақтарға кеш жауап беретін. Салғырттық екен деп жүрсем, шын мәнінде, бір құлағы естімейтін болып шықты» дейді ол.
Балалардың есту қабілетінің бұзылуы анықталған жағдайда, мүгедектікке әкелетін ауруларды оңалту және алдын алу бойынша шаралар қабылданады екен. Егер құлақ мүкістігі немесе кереңдік қаупі туындаса, сурдологиялық кабинеттерге, сондай-ақ тексеру және түзете-дамыта оқыту мәселелерін шешу үшін психологиялық-
медициналық-педагогикалық консультацияға жібереді. Сол үшін әрбір ата-ана балаларын жылына бір рет профилактикалық тексеруден өткізуді естен шығармаған абзал.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ