Қазақстанға Қытайдан келетін туристер саны артып келеді
eQonaq жүйесінің деректері бойынша, 2024 жылдың алғашқы 10 айында елімізге Қытайдан 122 мыңнан астам турист келген. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64%-ға көп. Былтыр осы кезеңде елімізге 78 515 қытайлық турист саяхаттаған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2023 жылғы қарашада Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режимнің енгізілуі туристер санының айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Келісім аясында екі ел азаматтары 30 күнтізбелік күн ішінде визасыз жүре алады.
Сондай-ақ биыл Қытайда отандық туризм кеңінен таныстырылды. Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы аясында елдің ірі қалаларында Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін арттыру мақсатында 30-дан астам ауқымды іс-шара өткізілді.
«Қытайдан келетін туристер санының өсуі екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетеді. Визасыз режим мен әуе қатынастарының артуы Қазақстанды қытайлық туристер үшін қолжетімді және тартымды бағытқа айналдырды. Алдағы уақытта туристік инфрақұрылымды дамыту мен қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз», – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.