«Керуен» СОО жанындағы бос алаңға гүлзар салынды
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елордада жаңа гүлзар салынғанын айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Елордамызда бос жерлерге жайлы қоғамдық кеңістіктер абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды.
Мәселен, осыған дейін тұрғындармен өткен кездесулерде «Керуен» СОО маңындағы бос тұрған алаңды абаттандыру жөнінде уәде берілген болатын. Аталған жер учаскесі жылдар бойы бос тұрды. Қазір осы аумақты абаттандыру жұмысы аяқталып қалды. Жаңа алаң қалалық орман тұжырымдамасын бейнелеп, табиғат қалалық ортамен әдемі үйлесетін жасыл бұрышқа айналды.
Мұнда қазірдің өзінде 600-ден астам биік ағаш отырғызылды, олар айналасын көлеңкелеп, кеңістікті көгалдандыра түседі. Ландшафты жылдың кез келген уақытында көрікті әрі әдемі етіп, жандандыру үшін көктемде бұл жерге тағы 28 мың көпжылдық бұта отырғызу жоспарланып отыр.
Қазір жұмыс аяқталу сатысында: ойын алаңдарын, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін және кортен болаттан жасалған тіреу қабырғаларын орнату өзіндік әдемілік беріп қана қоймай, ұзақ уақытқа шыдамды болады. Жаңадан ашылған жасыл мекен қала орталығында елорда тұрғындары мен қонақтарына тыныштық сыйлап, демалуға және серуендеуге болатын жаңа орынға айналады», — деп жазды Жеңіс Қасымбек.