Мәселе

Қайтсек кітап оқитын ұлтқа айналамыз?

Әлемдегі кітапты ең көп оқитын ұлтты білесіз бе? Бұл сауалға кез келген адам «иә, білемін» деп жауап береді. Өйткені, интернетке кіріп, «кітапты ең көп оқитын ел» деп жазсаңыз, бірнеше рейтингтер алдыңыздан шығады. Мәселен, 2023 жылы NOP World компаниясының сарапшы-мамандары «әлемдегі кітапты ең көп оқитын ел – Үндістан» деген тұжырым жасаған. Үнділер аптасына 10 сағат 42 минут шұқшиып кітап оқиды екен. Одан кейінгі орында бір аптада 9 сағат 24 минут кітап оқитын тайландтықтар, үшінші орында – 8 сағат рухани жетілуге көңіл бөлетін қытайлар тұр. Бұл рейтингтегі ондыққа филиппиндер (7,6 сағат), мысырлықтар (7,5 сағат), чехтар (7,4 сағат), ресейліктер (7,1 сағат) және шведтер, француздар, арабтар, венгрлер, гонконгтықтар кіреді. Бірақ қазақтар жоқ. Бұдан бөлек рейтингтер көп. Олардың бірінде әлемдегі ең көп кітап оқитын ұлт деп Ресейді, екінші біреуінде Қытайды, үшіншісінде Жапонияны көрсетеді. Сонда қазақтардың бұл ондықтағы ұлттардан қай жері кем? Біз қайтсек кітап оқитын ұлтқа айналамыз деген сауалға өзімізше талдау жасап көрейік.

Оқу мәдениетінің насихаты кем

Жыл сайын әлемдегі 40-тан аса мемлекет 14 ақпанда Халықаралық кітап сыйлау күні деген мерекені атап өтеді. Бұл күні адамдар жақындарына, достарына, тіпті көшеде кездескен бөтен адамдарға кітап сыйлайды. Кітапхана, мектеп, мешіт, балалар үйіне кітап өткізіп, кітапқұмарларды қуантады. 2012 жылдан бері аталып өтетін бұл күн – технология ғасырында да қағаз кітаптың құны ешқашан жойылмайтынының дәлелі.

Айтулы датаның қарсаңында еліміздегі Қоғамдық саясат институты кітап оқуға қатысты статистикалық дерек жария етті. Көңілге қаяу түсіретін жайт, оқылған кітаптардың саны туралы сұраққа әрбір 4-ші респондент (26,5 пайызы) соңғы 1 жылда кемінде 1 кітап оқығанын айтыпты. Мүлдем кітап оқымаймын деп сауалнамаға жауап бергендердің 52 пайызы (!) оқуға уақытым жоқ деп ағынан жарылған. Респонденттердің 21,1 пайызы кітап оқу дегенді ұнатпайтынын жасырмаған. Қызықты деректің бірі, сұраққа жауап берген адамдардың 26,5 пайызы соңғы бір жылда орта есеппен 5 кітап оқығанын айтқан. Ең көп кітап оқитын аймақтардың қатарына Шығыс Қазақстан (орташа есеппен 10,6 кітап), Солтүстік Қазақстан (6,95 кітап) және Ақмола (6,34 кітап) облыстары кірген. Ең аз кітап оқығандар Шымкент қаласының (3,8 кітап), Ұлытау (3,7 кітап) және Жетісу (3,59) облысының тұрғындары болып шыққан.

Зерттеу авторлары атап көрсеткендей, еліміздегі аға буын өкілдері көбірек кітап оқиды (61 жас және одан жоғары, жылына орта есеппен 6,2 кітап). Әйелдер ер-азаматтарға қарағанда сәл көбірек оқиды, қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда жиірек, бірақ жалпы топтар арасындағы айырмашылық шамалы. Басқа елдермен салыстыратын болсақ, мысалы француздар мен канадалықтар жылына 17 кітап, америкалықтар – 12 кітап, кәрістер 11 кітап оқиды екен. Француздар мен канадалықтар көрсеткіші Қазақстанмен салыстырсақ, орташа есеппен 3,4 есеге көп, ал америкалықтардікі 2,4 есеге, кәрістердікі 2,2 есеге артық.

Қоғамдық саясат институтының мамандарының пікірінше, еліміздегі оқу белсенділігінің төмендігі кітап оқу мәдениетінің насихатының кемдігінен болып отыр. Аталған қоғамдық ұйымның сарапшысы Азамат Ақатаев тек цифрлық технологиялар ғана кітап оқудың белсенділігін түсіруге себеп болмағанын айтады.

«Қазір Қазақстанда кітапханалар тапшылығы мәселесі де бар. 1995 жылдан бері олардың саны 2 есеге дейін азайды. Отандық кітап басып шығару ісі алға баспай тұр, біздің нарықтағы кітап өнімдерінің 90 пайызы – басқа елдерден әкелінген тауарлар. Оқу мәдениетін дамытпай отырған жағдайдың бірі – 80 пайыздан аса басылатын кітаптардың барлығы оқу-әдістемелік құралдар. Бұған қоса, кітаптың баспадан шығып, сатылатын жерге дейін қосылатын құны 60 пайыздан 100 пайызға дейін өседі» дейді ол.

Демек, кітапқа қатысты мемлекет саясатын өзгертуіміз керек. Енді сәл шегініс жасайық.

Жаңа ережелер енгізіледі

Биыл ақпан айында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында министрліктің кітап шығару ісіне қатысты жаңа ережелерді бекіткені жайлы бейне-үндеу жариялағаны мәлім.

«Біріншіден, кітап басу ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін жаңа ереже қабылданады. Кітаптар бірнеше сараптамалық сатыдан өтіп, тек үздіктері ғана жарық көреді. Өтінімдер жылына 2 рет қабылданады. Келіп түскен құжаттарды тексеруге – 10 күн, қоғамдық талқылауға – 15 күн, арнайы құрылатын тәуелсіз комиссияның тексеруіне – 15 күн және сарапшылардың қорытындысын дайындауға 2 ай мерзім беріледі. Осы уақыт аралығында оқырмандардың пікірінен бөлек, отандық ғылыми-зерттеу орталықтарының әлеуметтік зерттеулері, кітап дүкендерінің сатылымға қатысты статистикалық мәліметтері, баспалардың басылым рейтинг тізбесі назарға алынады. Міне, осыдан кейін ғана өкілетті орган нақты шешім қабылдайды. Екіншіден, бұрын қолжазбаларға қаламақы төленетін болса, биылдан бастап жаңа әдеби туындыларға грант тағайындалмақ, яғни биылдан бастап, қаламгерлердің бір парақ жаңа туындысына 6 ең төменгі жалақы мөлшерінде (АЕК) грант төленеді. Мәселен, орташа есеппен алғанда, 160 беттік кітапқа 4 млн теңгеден астам қаражат беріледі. Грант министрлік жанынан құрылған сараптамалық комиссияның шешімімен тағайындалады. Ал кітапты басып шығару және сатылымға шығару құқығы автордың өзінде қалады. Егер ол кітап бір жыл көлемінде жарыққа шығып, кітап дүкендері арқылы жақсы сатылым көрсетсе, оның келесі басылымы мен таралымын мемлекет өз мойнына алады. Үшіншіден, сондай-ақ, аударма әдебиеті бойынша ҚР «Мәдениет туралы» заңына бірқатар өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Мемлекеттік тапсырыспен басылып шығатын әдебиеттердің электронды нұсқасы Ұлттық электрондық кітапханасында жарияланады. Бұл, өз кезегінде электрондық нұсқаларын жариялаудағы авторлық-құқықтық шектеуліктеріне сәйкес, әлемдік танымал туындыларды басып шығаруға мүмкіндік бермей отыр. Кітап басып шығаруға берілетін өтінімдер аясын кеңейту мақсатында, бұл тармақшаны толығымен алып тастауды ұсынамыз. Төртіншіден, бестселлерге айналған әлемдік әдебиеттің классикалық және заманауи туындыларын қазақ тіліне аудару қазіргі таңда жеке баспалар арқылы реттелуде. Енді баспагерлер авторлық құқығын алып, қазақ тіліне аударған белгілі шетелдік туындыларды мемлекеттік тапсырыспен басып шығара алады. Бесіншіден, жаңа ережеде сараптама комиссиясының әдебиеттерді оқып, қорытынды пікір жазу уақыты екі айға қысқартылатын болғандықтан, жұмыстың күрделілігіне қарай өтемақы көлемін екі есеге ұлғайту қарастырылатын болады. Алтыншыдан, «Мәдениет туралы» заңда жазушы мәртебесін айқындау ұсынылады. Бұл заңның толық жұмыс істеуіне септігін тигізеді» деп түсіндірді бұл саладағы жаңалықтарды министр.

Қош делік. Құзырлы министрлік басшысының бұл бейне-үндеуінен кейін кітапқа қатысты ахуал бірден өзгеріп кетеді дегенге жас бала да сенбейді. Нақты іс-әрекетке көшуіміз керек.

Кітапты насихаттайтын арналар керек

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев еліміздегі авторларды қолдау мен кітап нарығын дамыту саласындағы мемлекет саясатын қайта қарау қажет деп санайды.

«Бұл мәселені оң шешу үшін, жаңадан шығарма жазып жүрген авторларға конкурстық негізде грант бөлген абзал. Бұл жерде ресми орталарда кеңінен танымал «әділ қазылар» ғана емес, қарапайым оқырмандар шешім қабылдаса ғана әділдік орнайды. Ол үшін жазылған шығармаларды қағаз және электрондық форматында оқырманға таратудың тиімді жолдарын іздесек ұтамыз. Яғни, жаңа авторлар өз шығармаларын халыққа насихаттай алатын арналар ашу керек. Бір ғана Жазушылар Одағының айтқанымен жүріп, айдағанына көну – ақымақтық. Екіншіден, кітап шығаратын баспаларға салық жеңілдігін берудің тиімді жолдарын тапсақ, бұл саладағы іс оңға басады» дейді ол.

Баспагерлерді 10 жылға салықтан босатайық

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Салық реформасы аясында баспагерлерді 10 жыл мерзімге салықтан босатуды ұсынды. Бұл туралы депутат Премьер-министрдің орынбасары Тамар Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында түсіндіріп жазды.

«Салық реформасы аясында кітап шығарушыларды 10 жыл мерзімге салықтан босату керек. Мәселен, қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі ұлттық кітап шығаруды қолдаудың пәрменді шарасы ретінде 39 елде – Ұлыбританияда, Үндістанда, Бразилияда, Мексикада және басқа да елдерде қолданылады» деп түсіндірді А.Сарым.

Депутат отандық кітап басып шығару ісін субсидиялау форматын өзгертуді ұсынды. Оның пайымдауынша, қолданыстағы форматтың әлсіз жақтары – субъективтілік, формальдылық, ал кейбір тұстары сыбайлас жемқорлықтың бар екенін көрсетеді. Ол қарапайым қағаздан бастап полиграфиялық жабдыққа дейін импортқа жүз пайыз тәуелді кітап индустриясы саласына экономикалық тұрғыдан ынталандыру жүйелері қажет екендігін атап өтті.

«Лайықты сыйақы алу үшін жағдай жасау отандық авторлардың шығармашылық белсенділігін арттырып, оларды баспаға тәуелділіктен құтқарады. Сонымен қатар, кітап-баспа инфрақұрылымының өкілдерімен бірлесіп, авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнаманы ретке келтіру керек» дейді А.Сарым.

Ұлттық кітап күнін қалай тойлаймыз?

23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітіледі. Бұл туралы Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында Туризм және спорт министрлігінің қаулысының жобасы жарияланды. Құжат 22 мамырға дейін көпшіліктің ашық талқылауында болады. Жоба қабылданса, 2025 жылдан бастап, Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Көктемде Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар азамат ұсынған Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастаманы қолдағаны мәлім.

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапқа құмар болу – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деді Мемлекет басшысы алқалы жиында.

ТҮЙІН:

Бізге Халықаралық кітап сыйлау күні, Ұлттық кітап күні деген мерекелер оқу мәдениетін дамытуға қажет. Кітап – ең адал досымыз! Ол бізді ешқашан сатып кетпейді. Өміріміздің соңына дейін ең адал, сенімді, жақын серігіміз болып қала береді. Шын мәніндегі кітап оқитын ұлтқа айналамыз десек, әр отбасы, әр адам күнделікті кітап оқуды, балаларды кітапқа қызықтыруды бірінші орынға қойғаны абзал. Қазір жастардың 31 пайызы көркем әдебиетті, 69 пайызы салалық кітаптарды оқиды. Орташа есеппен алсақ, қазақ жастары жылына кем дегенде 10-12 кітап оқиды. Ал, балалардың қанша пайызы күнделікті кітап оқиды дегенге ешқандай статистика дәлме-дәл дерек ұсынбайды. Өйткені, еліміздегі балалар әдебиетіне деген сұраныс бар-жоғы 8 пайызды құрайды. Мемлекет бұл саладағы саясатты әуелі балаларға арналған әдеби шығармаларды көбейтуден бастаса нұр үстіне нұр болар еді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button