Өрттің алдын алу үшін мамандар астаналықтардың үйлерін аралайды
Астана қаласы ТЖД Алматы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері өрттің алдын алу мақсатында көппәтерлі тұрғын үйлерді аралайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Осылайша, өрт сөндірушілер Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы 36/2 мекенжайында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешенінде профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Аралауға құтқарушылардан басқа, аудан әкімдігінің өкілдері мен Алматы ауданы полиция басқармасының қызметкерлері қатысты. Акция барысында мамандар тұрғын үйді өрт қауіпсіздігі бойынша кемшіліктерді анықтау үшін тексерді, өртке қарсы жүйелердің жарамдылығын тексерді, тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізді, оларға жадынамалар табысталды.
“Бүгінгі таңда Алматы ауданында 128 ұйымға (ПИК, ЖШС, ЖК, ТҚК) және мүлік иелерінің 267 бірлестігіне (МИБ) қызмет көрсететін 885 көппәтерлі тұрғын үй бар. 255 үйдің биіктігі 28 метрден асады. 2023 жылы осындай 204 үй болған”, – деді Алматы ауданы ТЖБ бас маманы азаматтық қорғау аға лейтенанты Дария Байзулова.
Астана ТЖД мәліметінше, биыл елорданың көппәтерлі тұрғын үйлерінде 89 өрт оқиғасы тіркелген, бұл ретте өрттің пайда болуының басты себебі адами фактор болып саналады.