Жылы жүректі қамқоршы
Елімізде жыл сайын 29 қазанда Қамқоршылар күні атап өтіледі. Айтулы мерекеге орай Астана қаласы Білім басқармасы мейірімі мол қамқоршыларды ерекше ризашылықпен құрметтеді.
Бүгінде Астана қаласында 800-ден астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасында тәрбиеленуде. Бұл мереке ата-ана махаббаты мен қамқорлығынсыз қалған балғындарды бауырына басып, асыл міндетті өз мойнына алған адамдарға құрмет білдіруге мүмкіндік береді.
Балаға қамқорлық танытып, жас өркеннің тәрбиесіне қосқан үлесі үшін 600-ден астам қамқоршы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының атынан құттықтау хат алды, алғыс хаттармен марапатталды. Қамқоршыларды мерекемен құттықтаған Астана қаласындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Асима Бимендина ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланың тағдырына немқұрайлы қарамаған жандарға шексіз алғысын білдіріп, зор денсаулық, қажымас қайрат тіледі.
Қамқоршы күнін мерекелеуге арналған «Жүректен жүрекке» челленджі мерекелік концертпен аяқталды.
Индира Бержанова