Басты ақпаратҚала мен сала

Қала тіршілігі: іркіліссіз процесс

Астана қаласы мәслихатының бір топ депутаты қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге қала тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар кәсіпорынды аралап, жұмысымен танысты. Соның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, жол қозғалысын реттеу мен көлік ағынын басқару, Bus Lanе жолақтарын енгізу, жолдар мен веложолдарды салу барысын бақылап қайтты.

Қоқыс шығару жұмысы 4 компанияға бөлінді

Биылғы сәуір айында Астана қаласының әкімдігі тендер өткізіп, алдағы 5 жыл ішінде қатты тұрмыстық қалдықтар шығарумен айналысатын 4 компанияны анықтады. Бұл – Сарыарқа ауданына қызмет көрсететін «Zero Waste» ЖШС, Алматы ауданында жұмыс істейтін «Спецтехстрой» (бұрынғы «Clean City NC») компаниясы, Есіл және Нұра аудандарында қоқыс шығаратын «Taza Zher Capital» ЖШС және Байқоңыр ауданын тазалайтын «ГорКомТранс города Караганды» ЖШС. Мәслихат депутаттары олардың материал­дық-техникалық базасы мен техникасын қарап шықты.

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, аталмыш компаниялар өз қаражатына 95 жаңа техника және 2018 жылы орнатылған ескі және тозған контейнерлерді жаңарту мен ауыстыру үшін шамамен 15 мың контейнер сатып алды. Бұған қоса, жергілікті бюджет қаржысы есебінен биыл 3700 контейнер сатып алынды.

«Дегенмен тағы 10 мың кон­тейнерге қажеттілік бар. Осыған байланысты қоқыс шығару компанияларымен жасалған келісімшарттарға сәйкес, жылына кемінде 1000 контейнер сатып алу көзделген» деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы.

«Бұрын бұл қызметпен «Clean City NC» компаниясы айналысты. Техниканың жетіспеушілігіне байланысты халық тарапынан оларға көптеген шағым түсетін. Қазіргі компанияларда техника жеткілікті және ең бастысы монополия жоқ. Қала әкімдігі оларды елорданың аудандарына бөліп, өте дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын» деген қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Смайылов қоқыс контейнерлері мәселелесін көтерді. Оның айтуынша, «Clean City NC» ЖШС осы уақытқа дейін 7000 контейнерді қазіргі уақытта қатты тұрмыстық қалдық шығарумен айналысатын басқа компанияларға тапсырмады.

Депутаттармен кездесуде ком­пания басшылары тарифті көтеру мәселесін қозғады. Олар бүгінде елордада тариф көппәтерлі тұрғын үй кешендері тұрғындары үшін бір адамға 390 теңгені, ал жеке үйлер үшін 414 теңгені құрайтынын айта келе, басқа өңірлерде әлдеқайда қымбат екенін алға тартты. Мәселен, Алматыда – 718,5 теңге, Көкшетауда – 500 теңге.

Жол қозғалысы қалай реттеледі?

Депутаттар «Үркер» тұрғын алабына, Әйтеке би көшесіне, Қорғалжын тасжолы мен Домалақ ана көшесінің қиылысына барып, көлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдарының салынуы, бағдаршамдарды орнату жұмысын көрді.

Қалалық мәслихат депутаты Динара Оразалинаның айтуынша, «Үркер» тұрғын алабындағы мәселелер жылдар бойы жиналып қалды. Бұл көлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу, бағдаршамдарды орнату болып кете береді. Депутаттар жауапты сала басшыларымен бірге қаланың жол-көлік инфра­құрылымын жақсарту, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жайлы өмір сүруіне жан-жақты жағдай жасау туралы пікір алмасты.

Депутаттарға Жол қозғалысын басқару орталығында «Интеллектуалды көлік жүйесі» жобасы таныстырылды. Бұл жүйе қаладағы кептеліс пен жол апаттарын бақылауға бағытталған. Ал Трафикті басқару орталығында қаладағы жол қозғалысын реттеу мен көлік ағынын басқару үшін қолға алынған жұмыстар таныстырылды. Онда мәслихат депутаты Динара Оразалина кептеліс қатты болатын Тұран даңғылы мен Қорғалжын тас­жолы, «Астана Опера» театры маңайында Қабанбай батыр даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылыстарында жолайрық салу мәселесін көтерді.

«Сергек» жобасымен елордада бірнеше жыл бойы «Көркемтелеком» ЖШС айналысып келе жатыр. Жобаның осы уақытқа де­йінгі қорытындысы мен нәтижесі таныстырылғанда бейнебақылау жүйесінің арқасында жазатайым оқиғалар азайғаны айтылып, айыппұлдар есебінен бюджетке құйылған қаржы туралы мәлімет берілді. Бүгінге дейін жолдың 32 учаскесінде фото-бейнетіркеу жүйесі орнатылды. Бұл жүйе 26 желілік учаске мен 6 қиылысты қамтиды. Қазір 2017 жылмен салыстырғанда 100 мың адамға шаққанда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 58 пайызға, ал қылмыс деңгейі 61 пайызға төмендеді. Мәслихат депутаты Азамат Айтхожин ең бастысы тұрғындардың қауіпсіз­дігіне көңіл бөлу керектігіне назар аударды.

Веложол құрылысы неге тоқтады?

Мәслихат депутаттары «Велосипед көлігінің инфрақұрылымы» жобасын жүзеге асыру барысымен де танысып шықты. Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Самал Күлбатырованың айтуынша, елордада веложолдарды салудың екінші кезеңі аясында 2021 жылдан бері жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайтын веложол салынуы керек еді. Алайда осы уақытқа дейін 7,5 шақырымы ғана салынған. Оған себеп – қаржының бөлінбеуі. Ал салынған аралық Ғ.Мұстафин, А.Пушкин көшелері, Ш.Құдайбердіұлы Абылайхан, Б.Момышұлы даңғылдары ­квадратын қамтиды.

«Біз бұл жобаны қайта қарап, өзгерістерді енгізуді, яғни қаладағы веложолдарды басқаша қосуды ұсындық. Екінші ұсынысымыз, салынған 7,5 шақырымдық веложолды жаяу жүргіншілер жолы ретінде қалдырып, қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының балансына беруді ұсынып отырмыз» деді Самал Күлбатырова.

Жүргізушілер жауапкершілігін арттыру қажет

Анықталған мәселелер қалалық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында талқыланды. Жиында Астана қаласы Полиция департаментінің, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының, Коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері баян­дама жасады. Әсіресе жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше көңіл бөлінді. Қатысу­шылар қала жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру және көлік инфрақұрылымын жақсарту қажеттілігін атап өтті.

Жиынды жүргізген қалалық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Азамат Айтхожин балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару керектігін айтып, отырыста негізгі орындарда жол белгілері мен бағдаршамдарды орнату жоспары талқыланды. Велосипед көлігін дамыту және жаңа тұрақ орындарын ашу мәселелері көтерілді.

«Бұл шаралардың барлығы астананың жолдарын барлық азамат үшін қауіпсіз әрі жайлы етуге бағытталған» деді Азамат Айтхожин.

Жол апаты неге көп?

Астана қаласы Полиция департаментінің ақпараты бойынша солтүстік айналма жолының 10-37 шақырымы аралығында жол апаты көп. Кейінгі 3 жылда 69 жол апаты болып, 102 адам жарақат алып, 11 жолаушы мерт болған. Құрылысы бітпеген көшелерде де жол апаттары баршылық. Осының кесірінен кептеліс азаймай отыр. Қала бойынша көпірлерді, жолайрықтарын салу, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру қажет.

Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, балалар қауіпсіздігіне көңіл бөлінген. 45 орынға қосымша жол белгілері мен жылдамдықты тежейтін құрылғылар қойылып жатыр. Bus Lane жолағы 27 көшеде бар. Оның жалпы ұзындығы – 100,5 шақырым. Автобус жолақтары биыл 3 көшеде, яғни Мәңгілік ел, Р.Қошқарбаев және Ұлы дала даңғылдарында қосылды. Қалада қазір 7216 ақылы тұрақ орны бар. Жыл аяғына дейін оны 10000-ға жеткізу жоспарланған. Бұған қоса, қосымша айып тұрағын Алаш тасжолында 5,6415 га жерде 1000 орынға жобалау басталды.

Коммуналдық шаруашылық басқармасының жұмысы да жол құрылысына бағытталған. Былтыр 4,4 шақырым жол 27 көшеде салынған, 45000 шаршы метр тротуар төселді. Ал биыл 17000 шаршы метр тротуар салынып, 3000 шаршы метрде тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Бұған қоса, осы жылы 22 аялдама жөнделді.

Қалалық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы мүшелері мен тиісті сала өкілдері қаланың жол инфрақұрылымын одан әрі жақсартып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта құру бағытында бірлесе жұмыс істеуді жоспарлады.

«Жұмыс жүргізілуде. Бірақ оған тұрақтылық пен қаржыландырудың артуы қажет. Бірлесе отырып, біз қаланың жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз» деп түйіндеді аталмыш комиссия төрағасы Азамат Айтхожин.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button