Алаяқтық алгоритмі
Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Қазақстан халқына Жолдауынан 2024 жылғы 2 қыркүйек
Ескермеген ауру
Қазақстан қоғамын қатерлі дерт кезіп жүр. «Тәж тажалдың» уағында вирустан ел болып қорғанып едік. Қазіргі кеулеген зарардан қорғанып жатқан ешкім жоқ. Зарар – цифрлы технологияның «сиқыры». Мұны – Қазақстанға жасалған кибернетикалық шабуыл, «жарияланбаған майдан» десе де қисынды шығар.
Бүкіл әлеуметтік желіде, ғаламторда оп-оңай олжаға кенелуге болатынын, ол үшін «Kaspi Profit» платформасы арқылы аз сомамен (елу мың) инвестиция жасасаңыз, келесі айда 300-350 мың дивиденд алатыныңыз жарнамаланады. Бөтен біреу емес, Каспий банктің басқарма төрағасы, миллиардер Михаил Ломтадзенің өзі жұртты ұйытып сөйлеп тұр. Сөйлегенде де жай мінберден емес, «Хабар» арнасынан. Тіпті, Каспий банктің негізгі құрушысы, акционері, директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким екеуінің Президенттің алдында әлеуметтік жобаларын талқылап отырған суретін жариялап қойған. Оның артынша дәл сондай жолмен қаржының астында қалып, көлік, баспана алып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып жүргендер «құдайдағы сөзін» айтып, жұртты иландыра түседі. Ал енді бір роликтерде «брокерің алдап кетті ме, қаржыңды қайтарып беруге көмектесеміз» деген сипатта әңгіме қозғалады.
Бейресми ақпарат мәліметі бойынша былтырғы жылы Қазақстан халқы халықаралық алаяқтарға 263 миллиард теңге шамасында жем болған екен. Бұл қарапайым жұрттың қалтасын қағу ғана емес, ел экономикасын да шығынға ұшырататын көріністер… Тіпті, мемлекет егемендігіне төнген қатер. Ал биылғы алдану мен текке шашылған қаржының көлемі қанша екені бір Аллаға ғана аян.
Сонымен, бәрін рет-ретімен баяндайық…
Арбасу
Мұның алаяқтық екенін білдім және жұртты қалай алдап, тақырға отырғызатынын өз көзіммен көргім келді. Алайда ресми тұлғалардың, қарапайым жұрттың аузымен айтылған ақпарат алданбасыңа қоймады. Сосын, «Kaspi Profit» платформасын насихаттайтын роликтің соңындағы «толығырақ» мән-жайды білуге шақырған батырмасын бастым. «Аты-жөніңіз бен байланыс телефоныңызды қалдырыңыз» деген нұсқаулық бойынша дерек-дәйегімді жаздым. Ертеңінде жылмаң қаққан бір әйел «Каспий Профитке» өтініш қалдырған екенсіз деп хабарласты. Телефон нөмірін жазып алдым 8-700-150-14-99. Ол маған халықаралық биржаға қатысу үшін шот ашып, платформаға тіркелуге көмектесетінін айтты. Іскерлік әлеміндегі жаңа әріптестерім жөнінде кеңірек мәлімет білгім келіп, мекемелерінің қайда орналасқанын, мекенжайларын сұрадым. Ол маған Алматыда, әл-Фараби даңғылы, 7-үй, «Нұрлытау» бизнес орталығының 3-корпусы, 17-қабатта отыратындарын айтты. Сондай-ақ «Kaspi Profit» 80/20 схемасымен жұмыс жасайтынын ұғындырды. Яғни, табыстың 80 пайызы – сіздікі, 20-сы – біздікі. Шотыңызға ақша жүз пайыз жолданады, соны банкомат карточкаңызға түсіргеннен кейін, көрсетілген телефонға тиісті сомасын аударасыз деді.
Мынадай ыждаһаттылықтан кейін күмәнім сейілгендей көрінді. Соның айтуымен тиісті анкетаны толтырып, ақыры «жеке кабинет» ашатын, ақша аударатын шешуші тұсқа келдік. Шарты бойынша кемі 100 АҚШ долларын салуың керек екен. Маған QR-код көрсетіп, осында жіберіңіз деді.
– Білмейтін беймәлім жаққа қалай жіберем?
– Ол беймәлім емес, сіздің есепшотыңыз. Біздің оған ешқандай қатысымыз жоқ. Ол сома болмаса, трейдер-аналитик сізбен жұмыс істей алмайды. Менің міндетім – сіздің шаруаңызды үйлестіріп беру.
– Мен сенбеймін.
– Сенбесеңіз, қазір салыңыз, кейін ақшаңызды кез келген уақытта шығарып алып кетесіз. Сөзі мәжбүрлеу сияқты көрінді…
– Неге «Kaspi Profit» платформасы жайлы жарнама ағыны кешелі бері күшейіп кетті? – дедім.
– Жарнамаға мен жауап бере алмаймын, онымен маркетинг бөлімі айналысады. Біздің оған қатысымыз жоқ, солардан сұрағаныңыз жөн, – деді шытына ғап.
Көңілімді күмән жеңіп, екеуміз одан әрі сөзіміз үйлеспеді.
107-клиент
Жарты күннен кейін енді ер адам байланысқа шықты. Нөмірі 8-747-046-92-63. Өзін «атым – Евгений, «Kaspi Profit» платформасының менеджерімін, – деп таныстырды. Әлгінде үзілген әңгіме әрмен жалғасты.
– Сіз шотыңызға ақша сала отырып, инвестор болып табыласыз. Бәрін өзіңіз алақандағыдай көріп отырасыз. Еш абыржымаңыз, халықаралық биржадағы валюталар ағымы мен бағамын бақылайтын кестені және «жеке кабинетіңізді» толық ашып, жабдықтап беретін, маман хабарласады» деді. Көп ұзамай Алматы қаласынан (8-727-346-62-45) мамандары қоңырау шалды. «Жеке кабинетті» соның айтуы бойынша смартфоннан аштық.
Сонымен техникалық-бағдарламалық жабдықтау-қолдау аяқталғаннан кейін, ізін суытпай қайта менеджер сап ете қалды. Ватсаптың бейне құрылғысы арқылы тілдесу керек екенін түсіндірді. Себебі валюталар ағымын бақылайтын кестемен жұмыс істеудің амал-тәсілін көрсетуі қажет екен.
«Мақұл» деп келіскеннен соң, бейнеқоңырау шалды. Бір қызығы, оның түрі көрінбейді, штрихпен салынған адам суреті ғана тұр. Мұнысына секемденіп қалдым да, «көп адамдармен жұмыс істейді, кескінін көрсетудің қажеті жоқ шығар» деп ойладым. Бірақ менің кескін-келбетім мен бар бітім-пішімім келесі тарапқа анық көрініп тұр еді. Әңгіме барысын бейнематериал ретінде жазып жатуы да мүмкін.
Ол маған диаграммалық кестенің мәнін ұғындырып, қалай басқаруды үйретті. Соңында шотқа ақша салу мәселесі қалды. Мен тағы да іркілдім. Ақыры ол «егер күмәнденсеңіз, әуелгіде он доллар көлемінде жіберіңіз» деді. Сонымен QR-кодқа валюта бағамы бойынша 4815 теңге жібердім. Арада бірер минут өтпей жаңағы «жеке кабинеттегі» аты-жөнім жазылған анкетада 10 АҚШ доллары деген көрсеткіш шықты. «Енді мені аналитикпен қосыңыз, сөйлесейін» десем, «жоқ, мұндай сомаға аналитик жұмыс жасамайды, кемі 100 доллар болуы тиіс» дегенге басып, брокермен байланыстырмады. Мәміле нәтижесіз аяқталды.
Келесі күні қайта Евгений байланысқа шықты. Орта жолда қалған шаруаны аяқтауды ұсынды. Сөз арасында менің несиелік тарихыма қатысты сауалдар қойды. Оның не қажетінің барын сұрағанымда, «Сіз мынаны ұғыңыз, – деп мені сабырға шақырды. Біз сізге табысты жолдаймыз, ал банк карточкаңыздан қарыз несиеңізді ұстап қалады. Нәтижесінде біз ақшасыз қаламыз. Міне, сол үшін сұрап жатырмын» деп түсіндірді. Егер төлей алмай жүрген несиеңіз болса, қазірден айтыңыз, онда жұмыс жасамаймыз, осы жерден доғарамыз» дегенді көлденең тартты бәлдене. «Ешқандай несием жоқ» екенін естіп, жылмаң қақты. Сосын өздерінің шаруасын түсіндіріп кетті.
– Біздің 24 пайыз қаражатымыз валюта рыногынан түседі. Келесі бөлшегі тауарлы шикізат рыногынан келеді. Үшінші, криптовалюта, төртінші, компания акцияларын саудалау нәтижесіндегі айырмашылықтардан өніп отырады деп, сенімімді бекемдеді. Ал сізбен әуелгіде валюта сатып алып-сату арқылы жұмыс жасаймыз. Әзірше жарнаңыз аздық етеді, содан кейін жоғарыда аталған салаларға ден қоямыз.
Мына уәжіне илана түстім.
– Ал енді шотыңызды 100 долларға жеткізіңіз, содан кейін аналитикпен тікелей жұмысқа кірісесіз. Ол адам сіз үшін биржада рынокты бақылап, анализ жасап отырады. Ұтымды тұсқа келгенде өзіңізге телефонмен байланысқа шығып, тиісті валюталарды сатып алып, қолма-қол қайта сатып жібересіздер. Күніне бір-екі мәрте мазалап, 5-6 минут жұмыс жасайсыздар. Нәтижесінде шотыңыздағы сома өсе береді. Ұнамаса, қалаған күні ақшаңызды шешіп алып, платформадан шығып кете аласыз.
Бейресми ақпарат мәліметі бойынша былтырғы жылы Қазақстан халқы халықаралық алаяқтарға 263 миллиард теңге шамасында жем болған екен. Бұл қарапайым жұрттың қалтасын қағу ғана емес, ел экономикасын да шығынға ұшырататын көріністер… Тіпті, мемлекет егемендігіне төнген қатер
Ақшаңыз өсе береді дегенге қызынып, «ал, кәне» деппін. Дереу QR-кодын көрсете қойды. Қалған 43 мың 461 теңгені аударып, шотымды 100 долларға жеткіздім.
– Енді қазір аналитиктермен сөйлесем, қайсысы бос, соны қосамын, – деді. Байланыс үзілді. Арада 20-25 минут өткенде Евгений телефон соқты.
– Сізді қуантып қояйын, бағыңызға қарай өте тәжірибелі аналитик ұшырасты. Ол кісінің аты-жөні – Куликов Артем Геннадьевич, Испанияның Барселона қаласында отырады, – деді. Сағат 15.20 мен 15.50-дің арасында хабарласады. Әуелі сізбен танысады, мақсат-мұратыңызды естиді. Содан кейін жұмысты бастайсыздар. Бағанағы мен үйреткен «жеке кабинетті» ашу мен айтқан төрт бағытты ұмытып қалмаңыз…
– Жақсы.
Сонымен жүз долларымды белгісіз бір жерге жұмсап, қобалжып отырмын. «Одан да кішкенелеріме ойыншық алып берсемші» деп қоямын. Сағат үш жарымға қарай 8-707-479-04-28 деген телефоннан бейне-қоңырау соғылды. Айтқандай аналитик екен, бірақ мұның да дисплейінде бейне жоқ. Өзін жылмаң қағып таныстырып, сегіз жылдан бері осы салада брокерлік кәсіппен еңбек ететінін, халықаралық биржадағы брокерлік орынды жарна төлеп иеленетінін, сондай жағдайда ғана алдын ала валюта немесе тауар бағаларының болжалы ұсынылатынын, соған сәйкес шешім қабылдайтынын мағлұмдады. Менің көп ақша жинасам, не алатынымды сұрады. Әдейі, жарнамадағы жұрттың айтатынындай үй, көлік деп жауап бердім.
– О-о, тамаша!
Бұл да несиеге байланысты шұбырта сауалдар қойды. Ақыры «жеке кабинетке» кіріп, биржадағы сатылымға шығарған валюталар кестесіне үңілдік. Шоттағы ақшаның 10 пайызына АҚШ долларын сатып алдық, ол автоматты түрде қайта кері сатылып кетеді екен. Шотымда 104 доллар 56 сент болды.
– Міне, өстіп, ақшаны жинаймыз, айдың соңында шешеміз, – деді трейдер-аналитигім (брокерім). Бірақ мен өте аз қаржымен жұмыс істегім келмейді. Сіз менің 107-клиентімсіз. Маған сомасы қомақты клиенттермен істес болған қолайлы. Бұл жерде әр операцияға бірдей уақыт жұмсалады, сондықтан көп қаржы салып отырған инвестормен жұмыс істегенім тиімді. Шотыңызды толтырмақ ойыңыз бар ма?
– Бір ай көрейін, егер бәрі дұрыс болса, ол да мүмкін.
Міне, алдау өстіп жалғаса берді. Екінші күні Артемнің сөзі бұзылды. «Сізбен бүгін менің көмекшім жұмыс жасайды, мен басқа қалаға кетіп бара жатырмын. Мынау +44-774-194-45-83 менің екінші нөмірім, осыдан хабарласады» дегенді айтып, құйқылжыта бастады.
– Жақсы, осы жерден тоқтайық, ақшамды қайтарыңыз дедім. Байланыс нашарлап кеткендей ол «алло-алло» деп дауыстап, жүлгені үзіп жіберді. Дереу Евгениймен хабарласып, «ақшамды қайтарыңдар» дедім. Ол «аналитикке айт, менің ақшаны шешу процесіне қатысым жоқ» деп бәйек қақты.
– Аферист, мошенник! – дедім. Байланыс үзілді. Қайта теріп едім, басып тастады. Алаяқтарға тап келгеніме, олардың қолына өткен қаржы ешқашан қайтарылмайтынына нақты көзім жетті.
9999 нөмірлі телефон
«Енді не істеу керек?» «Каспий банкке» телефон соқтым. Айтқандайын бұлардың халыққа беріп қойған 9999 нөмірімен хабарластым. «99» дегені біртүлі әсер етеді екен. Ең әуелі сұрағаным, «Kaspi Profit» платформасы туралы болды. Ондай жоқ екен. Ғаламторды шарлап, ақпарат іздемегеніме өкіндім.
– Сіз «Каспий банктің» негізін қалаушы, инвестор, акционер, басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің өз бейнесімен, өз дауысымен «Kaspi Profit» платформасына қатысуға елді шақыратыны туралы бейнероликті білесіз бе?
Үндемеді.
– Білсеңіздер, өтірік ақпаратқа неге тосқауыл қоймайсыздар? Сіздерде ақпаратты қорғау, жалған мәліметке жол бермеу сияқты қызметтер бар ма? Олар неге бұл мәселеге көңіл қоймайды. Сіздердің банктің атымен қаншама адам алаяқтарға алданып, ақшаларынан айырылуда. Қайсыбір адамдар банктегі ақшасын шешіп, жұмсап жатыр. Сіздер клиенттеріңіздің депозиттерін басқа жаққа жұмсағанына бейжай қарайсыздар ма? – деген сауалдар қойылды. Әлгі менеджер қыз өзінің ештеңеге қатысы жоқ екенін айтып, басын алып қашты.
– Қазіргі біздің әңгімеміз жазылып жатыр ма?
– Иә.
– Олай болса, осы әңгімені басшыларыңызға беріңіздер, естісін. Мүмкін алдағы уақытта шара қолданар, – дедім. Бұдан өзге ештеңе айта алмай, тұтқаны қойдым.