Әскердегі әлімжеттік: Үрей мен үміт
Әскер – елдің қорғаны. Мынау ұлан-байтақ жерді бұрынғы бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаса, қазір ел мен жерді қорғау үшін озық қаруға, сапалы сарбаздарға сүйенеміз. Әрине, қазіргі соғыста жаңа соғыстық техникалар мен жаңа қарулар маңызды рол атқарады, дегенмен, арнайы жаттығудан өткен сайлауыт сарбаздың, самсаған сары қолдың орны әрқашан бөлек.
Сарбаз ел қорғайды
Әлемде әскер саны бойынша 46-орында тұрған Қазақстанда 110 мыңнан астам әскер бар. Өткен жылдың соңындағы дерек бойынша Әлем елдерінің әскери қауқары рейтингінде (Global Firepower) Қазақстан 63-орында. Бұл айтарлықтай жақсы нәтиже емес. Әрине, әскери қуат ел экономикасының дамуымен тығыз қатысты, экономикасы дамыған, өнеркәсібі өркендеген елдің әскери әлеуеті де жаман болмайды. Қаржы болса, қару-жарақтың түр-түрін сатып алуға да қазір мүмкіндік бар болғанымен, әскердің саны мен сапасы тек өз еліңдегі халықтың жауынгерлік қуатымен, отаншылдық сезімімен байланысты. Ел басына күн туса, өз еліңнің әскері ғана қас дұшпанға қасқайып қарсы тұрады. Сондықтан әскер сапасын көтеру – мемлекеттің қауіпсіздігіне саятын келелі мәселе.
Қазақстанда жыл сайын 18-27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам азамат әскер қатарына шақырылады. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі әскери орындарда мерзімді әскери міндетін өтеп келеді. Дегенмен әскерге аман кетіп, табытпен оралатын жағдай соңғы кезде Қазақстанда жиілеп барады. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери қызметкер өзіне қол салуға оқталған. Кейінгі 3 жыл 9 айда Ұлттық ұлан қатарында борышын атқарып жүрген 11 сарбаз мерт болған. Әрине, жан бар жерде қаза бар, әскери оқу-жаттығу үстінде немесе аяқ астынан ауырып қайтыс болса бір сөз, көбі беймәлім жағдайда көз жұмады немесе сау кетіп сал болып оралады да, оған «өзі құлап қалды», «өзін-өзі өлтірді», «психологиялық жақта мәселесі бар екен»… деген секілді адам баласы иланбайтын себеп айтылады. Бүкіл әскери бөлімшелерге орнатылған бейнекамералар да дәл сондай кезде істемей қалатыны тағы бар. Сосын да қазір жұрттың жүрегінде үрей мен күдік басым.
Баласын әскерге неге жібергісі келмейді?
Қазір жұрт арасында «Баламды әскерге жібергім келмейді», «баламды әскерге жіберсем өліп қала ма, кемтар болып қала ма деп қорқамын», «Қанша ақша жұмсасам да баламды әскерге жібермеудің жолын іздеп жүрмін» дейтін ата-аналар да, «әскерге барғым келмейді, әскерге барса ұрады, сабайды дейді, тіпті, өлтіріп тастайды екен» деген уәж айтатын жастар да көп. Әрине, олар да негізсіз айтып тұрған жоқ. Мысалды көзінен тізуге болады. Соның бірі госпитальде көз жұмған сарбаз Досымжан Сәлімжанға қатысты.
29 қазанда Алматы гарнизоны әскери соты әскери борышын өтеп жүргенде «таяқ жеп», кейін госпитальде көз жұмған сарбаз Досымжан Сәлімжан ісінде айыпталушы Жанбота Шәкіровті «Билiктi асыра пайдалану» бабы бойынша 7 жыл жаза кесті әрі лейтенант атағынан айырды.
2023 жылғы қазанда Атырау облысы Құлсары қаласынан әскерге шақырылған 19 жастағы Досымжан Сәлімжан борышын Жетісу облысы Сарыөзек ауылындағы №29108 әскери бөлімінде өтеп жүрген. Биыл 3 мамырда бүйрегі ауырып, әскери госпитальге түскен жауынгер он күннен соң сонда қайтыс болды. Клиникалық диагноз бойынша, Сәлімжанның өлімі «бүйрек ауруынан» болған. Сот-медициналық диагнозда «қолқа аневризмасы жыртылғаннан» болды деген. Айыптау актісінде Шәкіровтің Досымжанды жиі ұрғаны жазылған. Досымжан да өмірінің соңғы күндері туыстарына әскерде «үнемі таяқ жегенін» айтқан.
2022 жылы 18 жастағы жауынгер Қордай ауданындағы 30/212 әскери бөліміне 18 сәуірде кетіп, 4 күннен соң табытпен оралған. Оның қазасына байланысты «Таңертең сапта тұрған сарбаз есінен танып қалып, кейін Гвардейский елді мекеніндегі госпитальде көз жұмды» деген түсініктеме берілген. Ішкі істер министрлігінің өкілдері оның денесінен жарақаттар анықталмағанын айтқан. Ал Әлібектің туғандары мұнымен келіспей, «баланың бүйрегі, қолдары, басы көгерген» деп отыр. Демек, әскердегі өлімнің көбі құпия жағдайда қалып жатыр. Жауапты органдардың көрсеткен себебі мен марқұмдардың туыстарының айтқаны екі басқа. Ендеше, сау баласы сал болып оралса, ел қорғайды деп жіберген баласы ай мен күннің аманында көз жұмса, кім баласын әскерге жібереді?! Кімнің әскерге барғысы келеді?
Көшеден алып кететіндер де көп
Жақында менің әскердегі әлімжеттік жайлы жазған мақаламды оқыған бір жас жігіт хабарласты. «Аға, мен өткен жылы барып, әскери міндетімді өтеп келдім. Астанада жұмыс істеп жүргенде көшеден ұстап алып кетті. Көлігім де далада қалып, үйімдегілер мені 2-3 күн іздепті. Тым құрыса ата-анама хабарлап қоюға да мұрсат бермей, көлікке күштеп салып алып кетті. Ал әскери міндет өтеген кезде бір жыл бойы лейтенанттан таяқ жедік. Әйелімен ренжісіп қалса да келіп бізді сабайды. Шырт ұйқыда жатқан кезімізде келіп талай рет төпештеді. Әлімжеттік жасайтын басқа емес, сол әскери орнындағы жаттықтырушы, командирлер» дейді ол аты-жөнін жазбай-ақ қоюды өтініп. «Біздің елде әскерден құлағы естімей қалу, мұрны, құлағы сынып оралу… деген қалыпты жағдай ғой. Машық барысында жарақат алса бірсәрі, жаттықтырушылардың жазықсыз сабауынан сондай жағдайға кіріптар болып жатыр. Бір ауыз сөзбен айтқанда, әскердегі келеңсіз жағдайға, ең алдымен, әскери басшылық өзі мұрындық болып отыр» дейді ол.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты.
Әрине, мерзімді әскери міндетін өтеу жасына толғандарды көшеден тарпа бас салып ұстап әкететінін жұрттың бәрі айтады, аяқ астынан жоғалып кеткен баласын іздеп 2-3 күн сарсаңға түскен таныстарымыз да бар. Бірақ Қорғаныс министрлігі мұны да өтірікке балап, жоққа шығарғысы келеді. Мәселен, жақында журналистер Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамелетдиновке әскерге шақырылғандарды көшеден күштеп алып кетуге қатысты сұрақ қойған болатын. «Не айтып тұрғаныңызды білмеймін. Бізде бір құжат бар – әскерге шақыру қағазы. Сіздерде нақты факті бар ма? Соған жүгінейік. Біз құқықтық мемлекет құрып жатырмыз, егер ол оны заңсыз деп санаса, сотқа жүгінсін» деп министрдің орынбасары. Ал заңгерлер «алдымен жазбаша түрде әскерге шақыру қағазын жібермей тұрып, көшеден ұстап алып кетсе, әскери комиссариат қызметкерлері ҚР ҚК 414 заңсыз ұстап алу, күзетпен қамауға алу немесе күзетпен ұстау бабы бойынша жауапқа тартылады» деген пікірде. Бірақ, «баламызды әскерге көшеден ұстап әкетті» дегендер көп болғанымен, жоғарыдағы заңға жүгініп, әскери комиссариатты сотқа берген тағы ешкім жоқ.
Қай тұрғыдан алып айтсақ та, жастарды көшеден бас салып ұстап әскерге алып кету бұл заңға томпақ, әдепке қайшы. Тіпті ол әскери борышын өтеуден қашып жүрген азамат болса да, оның отбасына «міне, балаңызды әскерге әкеттік, ешқайдан іздемеңіздер» деп хабар бере салу қарапайым қағида ғой.
Жауапкершілік – әскери басшылықта
Әскердің қандай болуы, керек десеңіз, ұрыс даласының өзінен аман шығуы тікелей қолбасшыға қатысты екені шындық. Тіпті, жаңадан әскери міндетін өтеуге келген азаматтардың машық барысында жазатайым жағдайға ұшырап өліп қалмауына немесе мүгедек болып қалмауына да сол әскери бөлімшенің бастығы, жаттықтырушы командирі жауапты. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қолбасшы өз қарамағындағы әскерді қырандай баулып баптап, қызғыштай қорғауға міндетті. Соғыс кезінде де қолбасшыға қойылатын талап ауыр. Ендеше, ел аман, жұрт тыныш сәтте қол астындағы әскердің амандығына кепілдік ете алмаған басшы қалай соғысып қарық қылады? Қандай жарамды әскер тәрбиелейді? Демек, әскердегі әлімжеттікті жою үшін «су басынан тұнуы керек». Қолбасшылар тәртіпке қатаң әрі өз қарамағындағы әскеріне шынайы жанашыр болса, жоғарыда жігіттер қыршынынан қиылмас еді, мүгедек боп өмірлік бейнет тартпас еді. Демек, бейбіт күнде әскерін аман басқара алмаған командир ел қорғап, әскер тәрбиелеп жарытпайды. Сондықтан белгісіз жағдайда көз жұмған сарбаздардың өліміне ең алдымен, сол бөлімшенің жаттықтырушыларын және бөлімше басшыларын жауапқа тарту керек. Егер олар жазаланбай, жоғарыдағы сияқты «өзі құлап қалды» деген сияқты ешкім сенбейтін себептермен әскердегі кісі өлімі жабулы күйінде қала берсе, онда әскердегі ұрып-соғу ешқашан тиылмайды.
Әскердегі сарбаздар өлімі жиілеген тұста жұртшылық елімізде міндетті әскери қызметті алып тастау туралы петицияны, әскерге шақыру жасын 20 жасқа дейін көтеру туралы қол жинауды ұйымдастырды. Қазақстан Қорғаныс министрлігі «бұл бастаманы елдің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру» деп атап, «елдің қорғаныс мәселесі петицияға негіз бола алмайды» деп мәлімдеген болатын. Әрине, әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс. Жастар әскерге барудан жалтарса, ол біздің елдің қорғаныс істеріне үлкен нұқсан келтіретіні анық. Әсіресе, қазіргідей геосаяси жағдай күрделеніп тұрған сәтте ел басына күн туса әрбір ер азамат қолына қару алып, ел қорғауға сақадай сай тұруы керек. Ал олардың әскери борышын өтеп, дұрыс әскери дайындықтан өтуіне мемлекет толық әрі қауіпсіз шарт-жағдай әзірлеп беруге міндетті. Халықты сол әскери бөлімдердің жастарымыз үшін қауіпсіз болмағаны қынжылтады. Өйткені осы жағдайға байланысты елдің қауіпсіздігінен гөрі мерзімді әскери борышын өтеуге баратын баласының амандығына алаңдайтын ата-ана көбейді. Бұл да – еліміздің қауіпсіздігіне саятын көмескі қатер.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ