Халықаралық сайыста Astana IT University командасы I орын иеленді
2024 жылғы 26 қазан – 2 қараша аралығында Сиянь қаласы, ҚХР өткен ғылыми-технологиялық, индустриялық инновацияларды, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бір белдеу, бір жол» атты студенттер арасындағы Халықаралық сайыста Astana IT University командасы I орын иеленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Команда мүшелері магистрант Нұрлан Абзалбеков пен колледж студенті Қуандық Нұрайым күн панельдерін БПЛА және жасанды интеллектті қолдану арқылы тексеруге арналған веб-платформа «Energy Drones AI» жобасымен бақ сынасты. Жобаның басты мақсаты — күн панельдеріндегі ақауларды анықтаудың тиімді шешімін ұсыну. Студенттер қазіргі кезде барлық ақауларды анықтай алмайтын мониторинг жүйелерінің жұмысын дронмен түсірілген суреттер және AI мен CV негізіндегі веб-платформасымен толықтыруды ұсынды. Бұл тұста 95% дәлдікке жететін алдыңғы қатарлы нейрондық желілерді (KAN, CNN, ResNet-8) қолданатын Energy Drones AI тексеру дәлдігін арттырады.
Жоба жетекшісі – Astana IT University сеньор-лекторы, Smart City ғылыми-инновациялық орталығының ғылыми қызметкері Зарина Құтпанова. Байқауға жалпы, 6000 жоба қатысып ақтық мәреге 14 мемлекеттен (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекістан, Әзербайжан, Түркия, Иран, БАӘ, Жапония, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Үндістан, Ресей және Қытай мемлекеті) 579 жоба жолдама алды.
Байқау аясында технологиялық жетістіктердің көрмесі мен тұсаукесерлері өтті.