Басты ақпаратБілім

Үйірмеде үйренері көп

Елордада балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін оңтайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Өткен жылдан бері тегін ағартушылық, өнер және спорт үйірмелерінің жұмысын бір орталық – Астана қаласы әкімдігінің жанынан құрылған мемлекеттік шығармашылық тапсырыстарды іске асыру дирекциясы үйлестіріп келеді.

2021 жылы жасөспірімдерге қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізіліп, білім беру орталықтары, мәдени үйірмелер және спорттық секция­лардың жұмысы жанданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен іске қосылған бастаманың нәтижесінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдас­тыруға мүмкіндік туды. Бұған дейін бірнеше басқарма мемлекеттік тапсырыстың орындалуына жауапты болып келсе, қазір Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс­тарды іске асыру дирекция­сы құрылып, ваучерлерді белгілейді. Біз мекемемен хабарласып, жұмыс қалай жүргізіліп жатқанын білдік.

2023 жылдың 4 желтоқсанда Астана қаласы әкімдігі жанынан Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстарды іске асыру дирекциясы құрылды. Сөйтіп, 2024 жылдан бастап ағартушылық, мәдени және спорттық үйірмелердің тапсырысын орындауды бір орталық үйлестіретін болды.

– 2024 жылдың 19 қаңтарында  «Береке» ЖК-мен «Дамубала» платформасында қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы шарт жасалды. Бүгінде елордада шығармашылық үйірмелердің 49 түрі бойынша 1232 үйірме жұмыс істейді. 1 қарашадағы ақпаратқа сәйкес, елордада мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша белсенді ваучерлер саны – 23982, ал уақытша ваучерлер саны – 821. Өтінім бойынша мақұлдау алған өнім берушінің жалпы саны – 343. Оның ішінде белсенділері – 191. Жыл басында 3 000,0 миллион теңге бөлінсе, екінші жаңартуда 1 600,0 миллион теңге бөлінді. Бұл Мәдениет басқармасының жалпы бюджетінің 25,4 пайызын құрайды, – деді мекеме басшысы Ерлан Жалғас.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Artsport жұмысына қатысты қателік болды. Қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталды. Ата-аналар баласын бірден бірнеше үйірмеге берді. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесті. Кемшілікті түзетіп, игі бастаманы жалғастыру керек» деп ескерткен еді. Яғни вау­черлерді әділ бөлу және бөлінген ваучерлер талапқа сай жұмыс істеуін қадағалау маңызды.

– Өнім берушілер тарапынан ереже бұзушылықты біздің мониторинг және талдау бөлімі тез арада ескерту жұмысын жүргізіп, алдын алуда. Қазір балаларды шығармашылық үйірмелерге қатыстырып қана қоймай, олардың өнерін шыңдауға мән беріп, бірлескен іс-шараларды өткізудеміз. Мәселен, Конституция күніне орай «Конституция – бала көзімен» атты көрмеге 16 өтінім беруші мен 200 бала қатысты. 15 қазанда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында балет үйірмесі бойынша есептік концерт болды. Оған 8 өтінім беруші мен 200 бала қатысты. «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» атты ауқымды іс-шарада домбыра үйірмелерінен 3243 қатысушы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Бұл іс-шара Қазақстан рекордтар кітабына енді, – деді Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстарды іске асыру дирекциясының басшысы.

Балаларға қосымша білім беретін мемлекеттік тапсырыс институты – ұтымды жоба. Бір жағы баласын тегін үйірмеге берген ата-аналарға үлкен көмек. Екінші жағы, жасөспірімдердің рухани-мәдени, спорттық тұрғыда өсуіне септігі көп. Енді үйірмелердің сан алуан­дылығына мән беріп, ваучерді бөлуде ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету маңызды. Өйткені балалардың үйірмеден үйренері көп.

– 1-10 қараша аралығында 2025 жылғы арналған жаңа өтінімдерді қабылдаумыз. Біз өтінім берушілердің санын және жаңа үйірмелер бағытын арттыруды жоспарлап отырмыз. Ал қараша айының соңында балалардың санын арттыру мақсатында жаңадан ваучер кезегі ашылады. Алдағы уақытта басқа үйірмелер түрлері бойынша бүлдіршіндерге өнер көрсетуге жағдай жасап, маңыз­ды іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Мемлекеттік жан басына шаққандағы нормативті қаржыландыру бағдарламасы аясында өнім берушілермен бірлесе жұмыс істей отырып, болашақ ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамытып жатқанымызға қуаныштымыз, – дейді Ерлан Жалғас.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button