Басты ақпаратБілім

Пән көбейсе, оқушыға оңай ма?

Білім берудің сапасы жүйелі әрі тиімді оқу бағдарламасымен анықталады. Оқу бағдарламасы заман талабына сай жаңарып, ал пәндер оқушыға ең қажет, өмірлік қарапайым дағдыларды үйретуі тиіс деген сынды пікірлер қоғамда жиі айтылып жүр. Содан болар, Оқу-ағарту министрлігі білім беру мазмұнына, нақтырақ айтсақ, кейбір пәндерге өзгеріс енгізу мәселесін талқылауда. Мектепте барлығын оқыту керек деп басы «артық» әрі саны көп пәндерді енгізгенмен, оқушы одан нәтижесіз білім алуы да ықтимал екенін бүгінде білім беру көрсеткіші айқындап отыр. Астаналық сарапшылардың сөзінше, оқу бағдарламасын барлық оқушы бірдей игере алмайды.

Пәндер саны мен сағаты неге көп?

Әр оқу жылында мектептегі пәндердің сан рет өзгеріп отыруы үйреншікті жағдайға айналды. Әсіресе бастауыш сынып бағдарламасына жылда жаңа пәндер қосылып отырады. Соңғы 5 жылда елімізде «Цифрлық сауаттылық», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Шахмат негіздері», «Жаһандық құзыреттілік» секілді бірқатар пән қосылып, «Еңбекке баулу» пәні бірде алынып, бірде қайта енгізілді. Ал биылғы оқу жылы буллингке қарсы іс-шаралардың бірі ретінде «Қауіпсіздік сабағымен» толықты.

Білім берудің жаңа стандарты жайында дәстүрлі рес­публикалық тамыз кеңесінде алдағы уақытта кейбір пәндер оқу бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін екені айтылды. Мұны мәлімдеген Премьер-
министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мектепте оқытылатын пәндер саны көбейіп кеткенін сөз етті.

– Соңғы жылдары біз пәндер санын көбейтіп жібердік. Жаңа пәндер қаржылық сауаттылық, бизнес жүргізу, дінтану, тағы да басқа бағыттарды қамтып отыр. Ал әлемдік деңгейде керісінше, пәндерді кіріктіріп оқыту, вариативті, оқушылардың мүмкіндігін дамытатын негізгі пәндерді оқыту бірінші кезекте қарастырылмапты. Қазір химия, биология, гео­графия сынды пәндер 578 сағат оқытылады. Ал Жапония, Оңтүстік Корея сынды дамыған елдерде бірнеше пән біріктіріліп, 324 сағат берілген. Алайда халықаралық PISA зерттеуі ол елдердегі оқушылардың білім деңгейі жоғары екенін көрсетті. Бұл – үлкен жұмыстың басы. Алдағы екі жылда оқытылатын пәндер тізімі сарапшылардың қатысуымен анықталады. Яғни 2026 жылы оқу бағдарламасындағы бірнеше пән болмауы мүмкін, – деді Т.Дүйсенова.

PISA – білім сапасын қадағалайтын халықаралық бағдарлама. Аталған бағдарламаның соңғы зерттеуіне сәйкес, 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан – 46-орын, оқудан – 61-орын, жаратылыстану пәнінен 49-орынға тұрақтанды. Рейтингтің үздік үштігінде Сингапур, Жапония және Оңтүстік Корея бар. Олардың орта білім беру сапасы оқу пәндерінің аздығы және нақты ғылымға негізделуімен өзгешеленген. Мысалы, Сингапурде бастауыш сыныптан соң міндетті 10 пән болса, Жапония мен Кореяда 12 пән оқытылады. Ал еліміздегі орта сыныптарда 15 пән болса, 10-11-сыныптарда 16 міндетті пән бар.

Жаңа пән оқушыға «жүк» бола ма?

Білім беру жүйесін әдіснамалық және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету жұмысын жүзеге асыру ісіне Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетіне қарасты Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жауапты. Аталған академияның орта білім беру мазмұны институтының директоры Сейфолла Смайлов пәндердің саны мен сағаты білім стандартына сай үлгілік оқу жоспарында нақтыланғанын айтады.

– Жалпы орта білім берудің 1-4, 5-9 және 10-11-сыныптарында жалпы білім беру пәндерінің саны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» №348, 2022 жылғы 16 қыркүйектегі «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім деңгейлерінің жалпы білім беретін пәндері мен таңдау курстары бойынша үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы» №399 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы «Қазақстан Рес­публикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» №500 бұйрықтарымен бекітіліген мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларында айқындалған. Мысалы 1-сыныпта – 9, 2-сыныпта – 10, 3-сыныпта – 12, 4-сыныпта – 11, 5-6-сыныптарда 12 пән бар.

Оқу пәндері бойынша апталық оқу жүктемесі үлгілік оқу жоспарында көрсетілген. Мәселен, 1-сыныпта «Әліппе» аптасына 6 сағат, оқу жылында 198 сағат, «Математика» аптасына 4 сағат, жылына 165 сағат, «Жаратылыстану» аптасына 1 сағат, оқу жылына 33 сағат, «Дүниетану» аптасына 1 сағат, оқу жылына 33 сағат оқытылады. Яғни оқу пәндерін, сағат көлемін үлгілік оқу жоспарынан көруге болады» деді институт директоры.

Білім саласының сыншылары, сарапшылары мен баласының оқуына бейжай қарамайтын ата-аналар мектептегі пәндер заманға сай жаңартылып отыруы тиіс екенін арагідік айтып жүр. Осыған қатысты Сейфолла Смайлов мектепте талаптан тыс жаңа пән енгізу оқу жүктемесін көбейтетінін атап өтті.

«2024-2025 оқу жылында тілдерді кезең-кезеңмен оқыту шеңберінде 3-сыныпта «Шетел тілі» пәнін оқыту енгізілді. «Көр­кем еңбек» пәнін кезең-кезеңмен «Бейнелеу өнері» және «Еңбекке баулу» пәндеріне бөліп оқыту 3-сыныпта жалғасады.

Мектептің бағдарламасына жаңа оқу пәндерін енгізу бо­йынша ұсыныстар академия­ға жиі келіп түседі. Мысалы, «әл-Фарабитану», «абайтану», «қаржылық сауаттылық», «жол жүру ережелері», «өмір қауіп­сіздігі негіздері», «құқықтық сауаттылық» және тағы сол секілді бірқатар ұсыныс-пікір айтылады. Бірақ аталған және басқа жаңа пәндер енгізілген жоқ. Қазіргі таңда мектепте артық пәндер оқытылмайды. Ал жаңа оқу пәндерін енгізу білім алушылардың талаптан тыс оқу жүктемесін көбейтеді. Бастысы балалардың денсаулығына зиян келтірмеуді үнемі ескеру керек. Десек те жаңа пәндер білім сапасына оң әсер етеді. Біріншіден, бұл білім алушылардың түрлі дағдысы мен құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, сыни тұрғыдан ойлау, талдау, проблемаларды шешу және т. б. дағдыларды жетілдіреді. Сонымен қатар жаңа және қызықты пәндер білім алушыларды оқуға ынталандырады. Заман талабына сай бағдарлама білім алушылардың қазіргі өмірге бейімделуіне ықпал етеді. Әсіресе бүгінде ең қажет цифрлық дағдылар және медиасауаттылық оқушылардың дамуына игі әсерін береді» деді С.Смайлов.

Тақырыптық алшақтық бар

Жақында Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту жөнінде тақырыптық отырыс өтіп, осыған қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Отырыста Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова білім сапасының күрт төмендеуіне құндылықтардың білім саласында біртұтас ұйыспауынан болып отырғанын айтқан еді.

«10-11-сыныпта оқушыларға 16 пән оқытылады. Оның ішінде 5 пәнді оқушы мектепте емтихан ретінде, ал енді 6 пән бойынша ҰБТ сынағынан өтеді. Дегенмен мектептегі емтихан ҰБТ-ға әсер етпейді. Осы тұста бала білім алу процесінде қиналады. Сондықтан 10-11-сыныптағы пәндерді ықшамдап, оқу бағдарламасы мамандық таңдауға бағдарланса, баланың өзіне де жақсы болар еді. Міндетті 16 пәннің сағатын жоғары сыныптарда азайтып, қайта оны 8-9-сыныптарда толығырақ берсек, жоғары сыныпқа аттанғалы отырған оқушы толық циклді оқуды аяқтап, дайын болады деп санаймын. Математика, физика, химия, биология пәндері – технология, инженерия және STEM бағытындағы пәндер. Қазіргі таңда әлем климаттың өзгеруіне және энергетика саласындағы бірқатар жаңалыққа орай аталған пәндерге көптеп көңіл бөлуде. Дегенмен жалпы білім беретін мектеп және зияткерлік, «Білім-инновация» лицейлері арасында математика, физика және информатика пәндерін оқытуда тақырыптық алшақтық мәселесі бар. Мысалы, жоғары сыныпта 7 сағаттық математика болса, 25 сағат қосымша өткізіледі. 10 сағаттық математика үшін қосымша 42 сағат оқытылады. Физика пәні бойынша 9-сыныпқа дейін зияткерлік мектептер мен «Білім-инновация» лицейлерінде 8 жаңа тақырыптар, информатика пәні бойынша 9-сыныпқа дейін 125 сағат практикалық сабақтар өтеді. Жалпы білім беретін мектептерде бұл тақырыптар оқытылмайды. Бұл әлемдік деңгейде оқушыларымыздың бәсекеге қабілетті болуында әрі жаһандық технологиялар дендеп еніп жатқан уақытта оған төтеп бере алуында қиындық тудыратыны анық. Сапалы білім беруде баланы тақырыптық алшақтықпен шектемеуіміз қажет» деді Ж.Сүлейменова.

Ауыр мазмұн, күрделі бағдарлама

Білім сапасы жүйелілік пен бірізділікті қажет ететіні сөзсіз. Баланың тақырыпты меңгеріп қана қоймай, алған білімін өмірде қажетіне жаратып, ел игілігіне жұмсауы – бүгінгі педагогтың да, ата-ананың да қалауы. Десек те сапалы оқыту ісінде кейбір мәселелер әлі де жолға қойылмай отыр. Бұл туралы Астана қаласы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-гимназияның математика пәні мұғалімі Күшай Тердікбай айтып өтті. Педагогтың сөзінше, бүгінде оқушылардың математикаға қызығушылығы әртүрлі, ал оның бір себебі қазіргі бағдарлама барлық оқушының деңгейіне сәйкес емес.

– Әлем деңгейінде математика пәнін оқушыларға барынша қызықтырып, жеңілдету тұрғысынан бірқатар өзгеріс жасалып, айтулы жетістіктер де көрініп жатыр. Алайда бұл қадам Қазақстанда жолға қойылмай отырғаны мені қынжылтады. Сондықтан да кейбір оқушы пәнді мүлдем түсінбей жатады. Салдарынан арасында қапаланып, жылап та алатындар кездеседі. Шын мәнінде, елдегі бағдарламаны барлық оқушы бірдей игере алмайды. Күрделі. Шетелде математика пәні сағаты бізден әлдеқайда аз. Пән сағаты азырақ дегеніміз, материал мазмұны деңгейінің азайтылғаны. Яғни ғылыми күрделі деңгейдегі тақырыптарды алып тастап, баланың болашағына қажетті болатын, ойын дамытатын негізгі тақырыптар беріледі. Біздің елдегі көп сағат ауыр мазмұнға байланысты беріліп отыр. Жалпы өзге мемлекеттерде де бір ғана математика пәні оқытылады. Ал оны бөлшектей беру оның теориясын молайта береді. Алгебрада алгебра теориясы, геометрияда геометрия теориясы айтылады. Ал жалғыз математика – балаға керек нәрсесін беруге арналатын пән. Осыны жолға қоя алмай отырғанымыз бар. Бұл олқылық мамандардың тапшы болуына да әсер етеді. Берілген мазмұнды толық түсінбеген оқушы математика мамандығын таңдағанның өзінде оны игеріп шығу мүмкіндігі шектеулі болады деп ойлаймын, – деді мұғалім.

P.SМектепте алған білім – баланың болашағын айқындайтын негізгі тетік. Ертеңгі мамандығын таңдауға да әсер ететіні – оқыған пәндері. Елімізде енгізілетін ендігі білім беру стандартында пәндер әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті буын қалыптастыруға бағытталуы қажет екенін уақыт көрсетті. Демек, оқу бағдарламасының басты мақсаты – теория­лық білім берумен шектелмей, оны өмірде қолдануға ұйытқы болу.

Индира БЕРЖАНОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button