Тұтас Түркістан күрескері
Сыр өңіріне аттары мәлім Торғай датқа мен би-болыс Шоқай отбасында ұлттық тәрбиені көріп өсіп, жастайынан есінде сақтау қабілетімен ерекшеленген, ағасы Әліш салдырған бастауыш діни төрт жылдық мектепті екі жылда және үш жылдық Перовск училищесін озат аяқтап, Ташкенттің сегіз жылдық ерлер гимназиясын алтын медальмен бітірген, жастайынан қоғамдық жұмысқа белсенді араласқан, араларында үзілістері бар 6-7 жыл Ресейдің орталығында болып, Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетінде терең білім алып, Батыстың мәдениетінен сусындаған, Орталықтағы саяси өмір мектебінен өткен, содан Түркістан өлкелік мұсылмандар кеңесінің төрағасы ретінде Орта Азиядағы тұңғыш жаңа тұрпатты мемлекет – Түркістан Мұқтариятын басқарған Мұстафа Шоқай кеңес өкіметінің бұл құрылымды жойып, Қоқандағы қанды қырғынынан соң шет елге кетуге мәжбүр болды
Алдымен Әзербайжанға, содан Грузия Тәуелсіз Демократиялық Республикасына жетіп, Тифлисте екі жылдай аялдады. Алайда қаланы 1921 жылы Серго Оржоникидзе әскерлері басып алған соң Батуми арқылы Түркияға аттанды. Мұнда да көп бола алмай, әділеттілік пен демократия орталығы болған Францияда тұрақтады. Өмірінің соңғы жиырма жылдан астамын осында өткізді.
Мұстафа Шоқай бар қабілет-күшімен, қаламның ұшымен Грузияда бастаған Түркістанның азаттығы үшін күресін Парижде жалғастырды. Ең бірінші күрестің мақсатын қайта қарап, басқаша шешімге келді. Кезінде Ресейде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты Қоқанда құрылмақ, кейін Түркістан Мұқтарияты аталған мемлекеттің формасы қандай болуы керек деген мәселе туғанда қызғыштай қорғаған автономия туралы идеяны ұлттық тәуелсіздік бағдарламасымен ауыстырды. Бұл туралы 1923 жылы Париждегі «Orient et Occident» журналында жарияланған тұңғыш француз тіліндегі «Ресей саясаты және Түркістан ұлттық қозғалысы» атты мақаласында жазды.
Шетелде сан түрлі қайраткермен қарым-қатынасқа түсіп, кейде әділеттілік үшін айтысқа да барған, көзбен көргені де, ойға түйгені де мол, түркі тектес эмигранттардың кемел көсемі ғана емес, түйінді сөздің шешені де болған энциклопедиялық білімдар тұлға өзінің тоғыз тілде жазылған, 900-ден астам шығармашылық мұрасының басты тақырыбы «Ұлттық тәуелсіздік» идеясы болған еді. Біз қазірге дейін тек шағатай тілінен аударылып үлгерген екі жүзден астам мақалаларынан жиналған осы қасиетті ұғымға қатысты артына мұра еткен сан салалы саяси-әлеуметтік, тарихи-құқықтық ой-тұжырымдарды назарға ұсынып отырмыз. Бұлар патшалық Ресей мен кеңес өкіметінің саясаттары, азаттық үшін күреске өте қажет «ұлттық рух» және «ұлтшылдық» сияқты адами қасиеттер, тәуелсіз ұлттық мемлекет, оның мәні мен мазмұны, оған жетудің жолдары мен амалдары, қоғамдағы саяси қайраткерлер мен зиялы қауымның орны, оларға қойылатын талап-тілектер, т. б. мәселелер туралы айтылған.
Түркістанның тәуелсіздігіне қатысты бұл идеялар кешегі кеңестік замандағы азаттықтың асқақ арманы, жалынды туы болған «Яш Түркістан» журналының тұңғыш санында жарияланған «Біздің жол» атты мақаладан бастау алады. Онда мынандай жалынды сөздер жазылды: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды». Бұл ойлар әрі қарай дами түсіп, күрестің түпкі мақсаты: «Большевиктер «Түркістан республикалары түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық» деседі. …Ал біздің мұратымыз Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп айқындады.
Осы өмірлік арман болған мұрат Мұстафа Шоқайдың 1936 жылы Берлин радиосынан Түркістан жастарына арналған сөзінде былайша керемет бейнеленген болатын: «Біздің құбыламыз өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық».
Мұстафа Шоқай ұлттық тәуелсіздік үшін күрестің қажеттілігі мен себептерін де бірнеше еңбегінде жан-жақты түсіндірді. «Шовинизм туралы» атты мақаласында патшалық Ресей мен большевиктің Ресейдің ұлттық саясаттары былайша сыпатталды: «Патшалық Ресей бізді тұншықтырды, атамекенімізді қанға бояды. Большевиктік Ресей де бізді тұншықтырып, атамекенімізді, отбасымызды қанға бояды». Ал келесі «Сейдолла Қасымның соты» деген мақалада: «Кеңес өкіметінің «ұлттық саясаты» – басынан аяғына дейін ұлттық езу, қанау саясаты. Түркістандағы «ұлттық республикалар» дегеніміз «сырты жылтырап, іші қалтырап тұрған» мәнсіз, мағынасыз бірдеңелер екенін кеңес баспасөзінің өзі де теріске шығаруға дәрменсіз» деп жазды. Бұл ойлар «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық», «Қиыр Шығыста», т. б. еңбектерінде дами түсті.
«Большевизм – түрікшілдіктің жауы» атты мақаласында Мұстафа Шоқай бұрынғы ойларына басқа қырынан келіп, «Яш Түркістан» журналының оқушыларына Мәскеудің Түркістандағы ұлттық саясатының қандай екенін былайша түсіндіреді: «Ол – атамекеніміз халқының ұлттық сана-сезімін тұншықтырып, оның қандай да бір көріністеріне жол бермеу, түрікшілдіктің белгілерін түбірімен құрту». Сол себепті кеңес өкіметінің тепкісіндегі халықтардың арасында толассыз бас көтеріп келе жатқан бір халық болса, оның түркістандықтар екеніне шүбә болмауы керектігі «Көтерілістен – ұйымшылдыққа (Көтерілістен – ұйымға)» деген мақаласында былай деп жазылды: «Түркістан орыс большевиктерінің жекелеген саясатына ғана қарсы күресіп жатқан жоқ, «орыс пролетарлары билігінің» тұтас жүйесіне қарсы күресіп келеді». Өйткені патшалық биліктің мұрагері орыс пролетариатының диктатурасы Түркістан халқын қараңғылық пен надандықта ұстауға, материалдық және рухани салада әлсіретуге барын салған еді. Мұны Мұстафа Шоқайдың: «Патшалық отаршылдық саясат басқа ешбір жерде дәл Түркістандағыдай қатыгез болмағанын да естен шығармаған жөн» деген сөзінен түсінуге болады.
Ескерте кететін бір мәселе, Мұстафа Шоқай Ресейді әсте орыстардың отаны ретінде сынаған жоқ, ұлттық саясатының әділетсіздігі үшін патшалық билік пен кеңестік жүйенің орталығы болғаны үшін сынады. «Біз барлық халықты құрметтеуге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Географиялық жағдайымыз да Ресеймен достық және бейбіт қатынаста болуымызды талап етеді» деп жазған Мұстафа Шоқай халықты басқарып отырған басшыларға қарсы сөзбен күрескен болатын.
Мұстафа Шоқай шығармаларының кез келгенін алыңыз, онда ұлттық тәуелсіздік идеясы самал желдей жанға жайлы есіп тұрады. Жоғарыда аталған «Біздің жол» атты мақаласынан бастап «ұлттық тәуелсіздік» идеясы, осыған қатысты мәселелер бірнеше еңбегінде жаңа мазмұн, жаңа толықтырумен беріліп отырды. 1930 жылы жазылған «Автономиядан – тәуелсіздікке» атты мақаласында 1917 жылғы 10 желтоқсан күнгі Қоқан қаласында IV Түркістан Төтенше құрылтайы Түркістан автономиясын жариялаған кезден уақыттың өзгергенін, халықтың ұлттық мүддесі тек өз билігі өз қолында болғанда ғана шешілетінін ескертіп, «ұлт тәуелсіздігі» ұғымына қатысты келесідей салиқалы ойлар қалдырды. «Ұлттық тәуелсіздік – бізді дүниеден оқшаулап тастайтын Қытай қорғаны болмайтыны сияқты, ешкімнің құқығына қарсы қойылмайды» деумен шектелмей, автор: «Ұлттық тәуелсіздік – отаршыл озбырлардың езгісінен, талан-таржысынан атамекеніміз бен халқымызды құтқару қозғалысы» деп түйіндеді.
Тәуелсіздік үшін күрестің тактикалық жолдары мен амал-тәсілдері туралы ойларының ішінде Мұстафа Шоқай түркістандықтардың ауызбірлігіне, белгілі бір ұйымның маңайына топтасуға айрықша мән беріп, мұны ұлттық тәуелсіздікке жетудің бірден-бір жолы деп санады. Бұл төркінді мәселе болатын. Түркістандықтардың ауызбірлігінің әлі жетімсіз екенін кеше ғана өз көзімен көріп, басынан кешіргенін 1936 жылы Түркістан жастарының алдына радиодан сөйлеген сөзінде былайша еске алған еді: «Кімнен таяқ жегендей, біздің түріктің баласы. Алдырып жүрген дұшпанға, аузының аласы».
Бұл идеялар «Ұлттық еркіндік және азаттық жолы» деген еңбекте былайша жазылды: «Бәрiнен бұрын өз қатарымызды, түркiстандық бiрлiгiмiздi күшейтейiк. Түркiстанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бiрлiгiн Ресейден айырылу үшiн күресiп келе жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестiре отырып, орыс империализмiне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бiрге қимылдайық». Осы мақаладағы келесідей аса мәнді тактикалық мәселеге көңіл аудара кетейік: «Орыс империализмiне қарсы күрес майданындағылардың ұлтын, дiнiн, нәсiлiн, партиясын тергеп-текшемейiк, алаламайық. Тек осындай жол ғана бiздi ұлттық азаттыққа жеткiзе алады…». Бұл ойлар әрі қарай былайша дамиды: «Бізді азаттыққа жəне тəуелсіздікке бастайтын ең төте жəне ең қысқа жол – Түркістан ұлттық майданының ішкі бірлігін барынша нығайту жəне оны ұлт-азаттық жолында күресіп жатқан басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз үйлестіру. Бұлай болмаған жағдайда азаттық пен бостандық туралы сөз болуы мүмкін емес».
Мұстафа Шоқай ұлттық тәуелсіздікті тікелей халықтың ұлттық рухымен байланыста қарады. «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» атты мақаласында: «Ұлттық рухсыз ұлт тəуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нəтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тəуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi» деді. Және ұлттық рухтың ұлттық бірлік үшін күрестің шынайы көрінісі – ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын терең таныған қайсар тұлға халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығын ұлтшылдық қозғалысының нәтижесі деп санады. Ал 1931 жылы жазған «Ақ-Қызыл» атты мақаласында патшалық Ресей үстемдігі кезінде Түркістанда ешқандай жаңартқыш сипаттағы рухани жаңалықтың болмағаны, ал социалистік құрылыс, кеңестік ұлттық саясат халқымыздың ұлттық рухын кері кетіргенін мынандай сөздермен түсіндіруге тырысты: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын». Сондықтан кеңестік жүйенің Түркістанда орыстандыру саясатының негізгі бағыты былайша айқындалды: «Орыс большевиктері социализмді желеу ете отырып, енді екі-үш жыл ішінде біздің ана тіліміз – түрік тілін өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздеп отыр». Осы жылы жазылған «Ұлттық зиялы» деген еңбегінде Мұстафа Шоқай 1923 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген туысқан Түркия елін еске түсіріп: «Біз бүгін «Шығыс рухы» басым болуы себепті мешеу қалған» деп саналатын Түркияда Батыс білімі жергілікті жағдайларға сәйкес сәтті қолданылып жатқанын көріп отырмыз. «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние тарихында бұрын-соңды көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (mentalitet) сәтімен үйлестіре алуында жатыр» деп жазған еді. Осы сәтте Мұстафа Шоқайдың әлемге танылған тұлға болуының себебіне қатысты бір ойды білдіре кетсек, артық көрмеңіздер. Ол – жүрегі елім, жерім және халқым деп соғып, Шығыс пен Батыстың білім-ілімін қос қанат еткен Мұстафа Шоқай шындығы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіліміздің қазіргі қолдану жағдайына байланысты аса маңызды пікір айтты. Ол ана тілімізді ұлтаралық тіл деңгейіне көтеру мәселесі болатын. Мұны мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға барар жолымыздың басы деп түсінген артық емес. Қазір мемлекеттік қызметкерлер үшін мемлекетік тілді міндеттілік дәрежесіне көтеру де мәнді мәселе. Бұл бағыт алда жүйелілікпен, батыл қадамдармен жалғасып жатса, ұтымды болар еді.
Мұстафа Шоқай «ұлтшылдық» ұғымы туралы кеңестік жүйенің басты идеологиясы большевизм мен Алаш қозғалысының танымдары бір-біріне ешқашан жанаспайтын екі басқа дүние екенін ашып айтып, «Большевизм ұлтшылдықты теріске шығаратыны тәрізді, ұлтшылдық та большевизмді теріске шығарады» деді. Сол сияқты большевиктердің бұл ұғымға қатысты екіжүзді саясаты жөнінде мына пікірлер де қызғылықты: «Большевиктер өздері негізінен теріске шығаратын ұлтшылдықты кейде мақсатқа жету жолындағы құрал ретінде пайдаланудан бас тартпайды. Мәселен, большевиктер еуропалықтарға қарсы қою үшін «қытай ұлтшылдығын» таниды және қолдайды. Ағылшындарға қарсы үнді ұлтшылдығын да оңды құбылыс деп санайды. Сонымен бірге оларды мойындай, қолдай отырып, ұлттың ішкі бірлігіне іріткі салуды, ондағы күштерді өздерінің «пролетарлық төңкеріс» идеяларына қарай икемдеуді де ұмытпайды».
Мұстафа Шоқай Түркістандағы тәуелсіздік үшін күрестің түпкі мұраты – ұлттық мемлекет туралы да көптеген ой қалдырды. «Түркістан ұлттық күресінің себептері мен мақсаттары» атты мақаласындағы: «Түркістан түріктері ұлт ретінде құл болғысы келмейді. Олар өз халықтарының мүддесі үшін, тəуелсіз ұлттық мемлекетін құру үшін күресетін болады» деген ойын «1937» деген мақаласында былайша жалғастырды: «Біз халқымыздың құқығы үшін, ұлттық мемлекетті құру сəтін жақындату үшін күресеміз. Біз ұлттық мемлекетімізге қол жеткенін көріп қана қоймай, оны құру істеріне де қатынасқымыз келеді. Біздің үміттеріміз бен армандарымыздың орындалуына ешқандай шүбə келтірмейміз, сонымен қатар сол бір бақытты күндер біз ойлағандай тез жақындамауына байланысты туған уайымымызды да жасырмаймыз. Сол үшін де біз барлық күш-қуатымыз бен ақыл-парасатымызды атамекеніміздің азат болатын күнін жақындатуға бұдан былай да жұмсай беретін боламыз» деді. Бұл сөздердің арғы жағында қаншама ой, қаншама сезім күйі жатыр десеңші!
1931 жылы жазылған «Кеңестік Орта Азия федерациясынан Түркістан ұлттық тәуелсіз мемлекетіне» атты еңбегінде Мұстафа Шоқай орыс большевиктері Түркістанда ұлттық тұтастық пен ұлттық мемлекеттің құрылуынан өлердей қорқатынын, сондықтан олар қайткен күнде де мұндай тұтастықты болдырмауға тырысатынын ескерте отырып: «Біздің мұратымыз – бөлінбейтін біртұтас Түркістан. Біз келешекте Түркістанымызды бөлінбес біртұтас ұлттық мемлекет түрінде көргіміз келеді» деп жазды. Бұл ойды жалғастыра түсіп: «Келешектегі тәуелсіз Түркістан үкіметінің ең басты міндеті – байыпты да парасатты саясат жүргізе отырып, бүкіл түрік атаулыны бір қазанда қайнатып, ақырында бір ұлы ұлттық мемлекет түзу» деді. Швейцария мемлекетінің үлгісіндегі федерацияны да жоққа шығарған жоқ.
Саналы ғұмырын, қажыр-қайратын, асыл мұратын бүкіл түркі әлемінің тәуелсіздігіне арнаған Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы 20 жылдан астамын эмиграцияда өткізгенде де, бір сәт Түркістанын жадынан шығарған емес, қайта бұл сезімі күшейе түскен болатын. Сол себепті де: «Егер мен өзімді мұғажырмын деп санасам, атамекенім мен халқымнан біржола үзіліп қалуға тиіс емеспін. Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремін және соған жету үшін тырысамын. Демек, атамекенімізді құтқару үшін күресемін» деп жазды. Алайда тағдыр басқа жолмен кетті. Тіпті Германия соғысты бастап, Ресей эмигранттарының бірсыпырасы Америкаға, түркі тектес мұсылмандар Түркияға кетіп жатқанда «Маған паналауға орын берген мемлекетті тастап кету – өз Отанымды тастап кеткенмен бірдей» деп өзі екінші отаны санаған Франция да бұйырмады. Берлинді мәңгілік мекен етті.
Қайсар қайраткер, заңгер-ғалым, тамаша тарихшы, халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы, керемет ойшыл Мұстафа Шоқай әлемге өзінің қай жағынан болмасын кемеліне келгенін кез келген халықтың басты арманы, қасиетті мұраты болатын ұлттық тәуелсіздік, ұлттық мемлекет туралы саяси-әлеуметтік ой-тұжырымымен танылды. Бұл идеяларды білу жеткіліксіз, оларды зерделеу, ойға түю, бойға қуат ету мәнді де маңызды демекпіз.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы, профессор, «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі