Елорданың Есіл ауданы
Астананың үшінші ауданы құрылған кезде оған Есіл деген атау берілді. Жаңа Нұра ауданы ашылғанға дейін ол Астананың сол жағалауын түгел қамтыды. Қаланың барлық басты оқиғалары дәл осы жерде ұйымдастырылып, елордаға шетелдерден келетін мәртебелі қонақтардың кортеждері де осы аудан арқылы өтеді және бұл жерде астаналықтар жұмыс істейтін мекемелер көп. Бүгінде аудан әкімдігі қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін күш жұмылдыруда. Біз Есіл ауданының әкімі Дәрменияр ҚЫДЫРБЕКҰЛЫМЕН кездесіп, өзімізді толғандырған сұрақтарға жауап алдық.
– Әкімдік қызметінің ауқымы өте зор екені белгілі. Бірақ сіз барлық істі бірдей, атап айтсақ, ЭКСПО аумағында ұйымдастырылған түрлі концерттердегі тәртіпті қадағалай отырып, көлік кептелісіне жол бермей, қоқыстың уақытында шығарылуы мен аулаларды абаттандыру секілді осыншалықты күрделі мәселелерді қалай ұйымдастыра алдыңыз?
– Бұл – тек біздің ғана емес, біз секілді өз бағыттары бойынша жұмыс істейтін қаланың көптеген қызметтерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Рас, біздің аудан астананың бет-бейнесін көрсететін карточкасы іспеттес. Тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етіп, көшелерді, гүлзарлар мен алаңдарды абаттандыру арқылы әртүрлі міндеттерді шешіп жатқанымыз шындық, өйткені біздің аудан орналасқан Астананың сол жағалауы – қала қонақтары үшін елорданың тартымды орталығы. Қонақтар дегенде, еліміздің түкпір-түкпірінен келген туыстары ма, әлде Қазақстанға ресми сапармен ат басын бұрған мемлекеттік мәртебелі өкілдер ме, бұл маңызды емес. Қала кез келген адамның өмір сүруі, жүріп-тұруы үшін ыңғайлы болуы керек. Қонақтардан басқа, күн сайын қоқыс шығару және аулаларды абаттандыру, жаңа жолдарды асфальттау, сондай-ақ жаңа мектептер, балабақшалар салу секілді проблемалар туындайды. Біз барлық мәселелерден хабардар болуға тырысамыз және олар аз емес, арасында жүйелі мәселелер бар, оларды шешу үшін күнделікті жұмыс істейміз, одан бөлек, маусымдық мәселелер, сонымен қатар төтенше жағдайлар бар. Экологиялық проблемалар да туындап жатады. Дәл осы соңғы мәселенің алдын алу мақсатында біздің қала, соның ішінде Есіл ауданы да «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына атсалысты.
– Әкімдік жұмысында аудан тұрғындарымен кездесулердің ерекше орын алатыны анық. Бұл ретте астаналықтар қандай мәселелермен және ұсыныстармен жиі жүгінеді?
– Тұрғындармен бетпе-бет кездесіп, тікелей диалог жүргізу өте маңызды. Біздің азаматтармен кездесулеріміз әртүрлі форматтарда, соның ішінде жеке қабылдаулар түрінде, жергілікті жерлерде, аулаларда және басқа да проблемалық учаскелерде өтеді. Бұл мәселелердің шұғыл шешілуіне мүмкіндік береді. Біз тұрғындардың ұсыныстарына барынша жедел ден қоюға және күрделі мәселелердің тиімді шешімдерін табуға тырысамыз.
Мәселен, жыл басынан бері Есіл ауданы әкімінің аппаратына ikomek109 қалалық мониторинг және жедел ден қою орталығы арқылы тұрғындардан 10 800-ден астам өтініш келіп түсті. Бұдан басқа, біз әлеуметтік желілерде ай сайын 300-ден 400-ге дейін өтініш келіп түсетін парақшамызды белсенді жүргізіп келеміз.
Өткен аптада бізге тұрғын үй кешендерінің бірінің белсенді тұрғындары хабарласты. Олар тұрғын үй кешенінде туындаған жарықтандыру, жол қауіпсіздігі және көгалдандыру мәселелері туралы айтты. Біз кездесіп, оларды шешу үшін барлық ескертулерді ескере отырып, жұмысқа кірістік. Өтініштердің көбі маусымдық мәселелермен байланысты, демек қазіргі таңда азаматтар абаттандыруға және қалалық ортаның сапасына бейжай қарамайды.
Қыс мезгілінде қала тұрғындары аумақтарды қар мен мұздан тазартуды өтінеді. Олар жұмыстың жедел жүргізілгенін қалайды, біз оны коммуналдық қызметтердің жоспарлы жұмысының көмегімен қамтамасыз етуге тырысамыз.
Көктемде, әсіресе қар еріп, су жиналғанда ағынды суларды ағызу мен соруға қатысты мәселелер көбірек туындайды. Біз мәселенің маңызын түсінеміз және жыл сайын су тасқынының алдын алу шараларын күшейтіп келеміз. Сондай-ақ тұрғындар жол инфрақұрылымының жай-күйін жақсарту және қоқыс жинауды ұсынып жиі жүгінеді. Бұл мәселелер қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей байланысты болғандықтан, біз оларды мүмкіндігінше кешіктірмейміз. Қала тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымын бағалаймыз және аудандағы жағдайды жақсарту жөніндегі ұсыныстарды тыңдауға қашанда дайынбыз. Бізге келіп түскен барлық өтініштер мұқият қаралады және біз оларға барынша жедел ден қоюға тырысамыз.
– Ауданды абаттандыру мен көгалдандыруды дамытуда қандай негізгі жобалар және бастамалар енгізілуде? Соңғы 6 айда не істелді? Экологиялық жағдайды жақсарту жоспарлары қандай?
– Аудандарды көгалдандыру – біз үшін аса маңызды міндет, өйткені жасыл кеңістіктер ауаны тазартып қана қоймайды, экоклиматты жақсартады. Бүгінгі таңда ауданда жалпы аумағы 120 гектар болатын 4 саябақ, ауданы 64 гектарды құрайтын 26 саябақ, 27 гектар жерде орналасқан 2 бульвар, сондай-ақ 98 гектар жерді алып жатқан әйгілі Ботаникалық бақ бар. Ағымдағы жылы 4 000-нан астам ағаш және 30 000-ға жуық бұталар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Жалпы аудан аумағында биыл 13 000-нан астам ағаш және 70 000-нан астам бұталар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Күзгі кезеңде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 1 000-нан астам қылқан жапырақты және жапырақты ағаш отырғызу жоспарланған. Жасыл кеңістіктер қаланың эстетикалық тартымдылығын арттыра отырып, демалуға және серуендеуге ерекше жағдай жасайды. Мұғалімдер күні қарсаңында және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданның білім беру мекемелерінің басшыларымен бірге Ботаникалық баққа 40 ағаш отырғыздық. Сондай-ақ аудан тұрғындары арасында тазалық пен экомәдениет тақырыбында блиц-сауалнама жүргізілді. Сауалнаманың мақсаты – азаматтардың тазалықты сақтау және қоршаған ортаны қорғау туралы пікірлерін білу және адамдардың экология мәселелерінде қандай қиындықтарға тап болатынын түсіну болды. Сауалнамаға қатысушылар ауданды таза ұстау үшін қандай шараларды ең тиімді деп санайды, олар тазалау шараларына қатысты ма, қоқыстарды бөлек жинай ма және қалдықтарды рұқсатсыз шығару жағдайында не істеу керек деген сұрақтарға жауап берді. Респонденттердің көпшілігі жылы күндерде өткен экоакцияларды қолдайтындарын жеткізді. Ересектер жағы мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақ үшін маңызды үлгі екенін айтып, жастарды тазалық пен абаттандыру марафонына белсенді қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек, тазалық пен экология акциясын тек қала тұрғындары ғана емес, елшіліктер, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ және «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ сияқты ұлттық компаниялар да қолдады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында күз басталысымен осы ұйымдардың қызметкерлері сенбіліктерге белсене қатысып, ағаш отырғызып, суарып, қоғамдық аумақтарды тазалап, Қарасу өзені мен Нұра-Есіл каналының жағалауларын қоқыстан тазартты. Біз барлық қатысушыларға тазалық айлығына белсенді қатысқаны, экологиялық жағдайды жақсартуға қосқан үлесі және қаламызға қамқорлығы үшін шын жүректен алғыс айтамыз.
– Жыл сайын «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аулалар жаңартылып отырады. Биыл қанша аулада жөндеу жұмыстары жүргізілді?
– Біз аулаларға ерекше назар аударамыз, өйткені бұл – жай ғана үй маңындағы аумақтар емес, адамдар уақытының көп бөлігін өткізетін қоғамдық кеңістіктер. Мәселен, биыл біз аула аумақтарын абаттандыру бойынша айтарлықтай жұмыс істедік. 35-тен астам аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 30-дан астам мекенжайда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл аулалардың, ойын алаңдары мен үй маңындағы аумақтардың жағдайын жаңартуға мүмкіндік берді. Бұл бағыттағы жұмысымыздың маңызды бір бөлігі – тұрғындарды үй маңындағы аумақтарды жақсартуға бағытталған «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Биыл тұрғындар 30 жоба тапсырды, оның 11-і шарттарға сәйкес келді. Ең көп дауыс жинаған 4 жоба іске асырылды. Сонымен қатар, тағы 3 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қала тұрғындарының белсенділігі ауданымызды одан да жайлы әрі заманауи етуге көмектесетінін көрсетті.
– Бүгінде қандай маңызды құрылыс жобалары іске асырылу сатысында тұр?
– Солардың бірі – Мәңгілік ел даңғылын қайта құру. Ағымдағы жылы Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы Керей, Жәнібек хандар көшесінен Ұлы дала даңғылына дейінгі учаскеде бульвар бөлігін жаңарту, тротуарларды қайта жаңарту және аумақты көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. 952 ірі ағаш, негізінен, қара ағаштар, сондай-ақ бұталар отырғызылды және автоматты суару жүйесі орнатылды. Сонымен қатар, жоба аясында «Ұлытау» сквері абаттандырылды. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы «Керуен» паркі мен Мәңгілік ел даңғылы, 36в үйдің бойындағы сквердің құрылысын жүргізуде. Бұл жоба екі кезекте жүзеге асырылуда, ол 2025 жылы аяқталады деп күтілуде.
– Қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қандай игі істер атқарылуда?
– Кедергісіз орта құру дегеніміз – бұл тұрғындарымыздың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік міндет. Сондықтан бұл жұмыс – үнемі аудан әкімдігінің бақылауында. Айтпақшы, жақында менің инклюзия мәселелері жөніндегі кеңесшім Жанат Қабдолла аудан көшелерімен жүріп, олардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қаншалықты ыңғайлы екенін, пандустардың қай жерлерде барын, қай жерлерде жетіспейтінін өз көзімен көріп, тексеріп қайтты. Әрине, мұндай бастама ауданның инклюзивті ортасын жақсартуға және мобильділігі төмен азаматтардың кедергісіз қозғалуына мейлінше жағдай жасауға мүмкіндік береді. Тексеру барысында пандустардың сапасы мен стандарттарын бағалай отырып, оларды жақсарту бойынша ұсыныстар дайындалды.
2023-2027 жылдарға арналған мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін кедергісіз орта сапасының мониторингін қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасы шеңберінде біз аудандағы әлеуметтік маңызы бар объектілерді түгендеуді жалғастырудамыз. Паспорттау халықтың мобильділігі төмен топтары үшін қолжетімділік талаптарына сәйкес келмейтін объектілерді анықтауға және оларды бейімдеу үшін жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Осы процестерді үйлестіретін және бақылайтын жұмыс тобы құрылды. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұратын бұл топ білім беру, спорт, мәдени және медициналық мекемелер сияқты нысандарға ерекше назар аударып келеді. Бұл мекемелерге ерекше жандардың кедергісіз кіріп-шығуын қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. 2021 жылдан бастап біз осы бағытта айтарлықтай жұмыс істеудеміз.
Ауданда халықтың мобильділігі төмен топтары 214 әлеуметтік инфрақұрылым нысанына кедергісіз кіріп-шыға алады. Олардың 163-і толық қолжетімді, ал 49-ы ішінара, яғни жүріп-тұруы қиын адамдарға, оның ішінде 39-ы есту қабілеті нашар адамдарға, 65-і көру қабілеті нашар адамдарға және мүгедектер арбасымен қозғалатындарға бейімделген. Бұл ақпараттың барлығы inva.gov.kz мамандандырылған порталға енгізілді. Нысандардың қолжетімділігін онлайн режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Біз сондай-ақ шағын, орта және ірі бизнес мекемелерінің, ұйымдарының басшылары арасында кедергісіз орта құруға қойылатын талаптарды ақпараттандыру және түсіндіру бойынша белсенді жұмыс жүргіземіз. Бұл ретте пандустарды, лифттерді, тактильді плиталарды орнату, қолжетімді тұрақ орындары мен санитарлық аймақтарды құру секілді мәселелерді талқылау мақсатында үнемі кездесулер өткізіліп тұрады. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мәселесін назардан тыс қалдырмаймыз, алдағы уақытта да орын алған проблемаларды дер кезінде шешуді жалғастырамыз.
– Білім беру саласында қандай өзекті мәселелер шешілуде, ауданда жаңа мектептер салынып жатыр ма, мектепке дейінгі мекемелер, демалыс және аула клубтары жеткілікті ме?
– Ауданда білім беру және демалыс инфрақұрылымын дамытуға байланысты мәселелер шешілуде. Біз тұрғындарымыздың жайлы өмір сүруі үшін мектептер мен балабақшалардың болуы ғана емес, сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер дамып, бос уақыттарын өткізе алатын кеңістіктер құру маңызды екенін түсінеміз. Үкімет қаулысына сәйкес, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында биыл ауданда екі ауысымда 16 000 оқушыға арналған 4 мектеп салынды. Олар 1 қыркүйек – Білім күнінде ашылды. Тағы 2 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, олар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Өскелең ұрпақ тәрбиесінде олардың бос уақытына барынша көңіл бөлу қажет. Бұл ретте аула клубтарын құру маңызды. Қазіргі уақытта аудан бойынша 4 аула клубы жұмыс істейді. Онда балалар спортпен шұғылданады, шет тілдерін үйренеді, шығармашылық қабілеттерін дамытады, музыкалық және көркемдік үйірмелерге қатыса алады. Мұның бәрін тегін. Бүгінде клубтарға жүздеген балалар келіп жүр және оларға сұраныс артуда. Өткен жылы ауданымызда ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіруге және оңалтуға бағытталған Инклюзивті аула клубы ашылды. Әр бала дамып, қоғамдық өмірге араласуы керек.
– Есіл ауданына қарайтын тұрғын алаптарда қандай абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр? Қала маңындағы тұрғындарды қандай мәселелер жиі мазалайды?
– Біз ауданның орталық бөлігінде ғана емес, оның шетінде де тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау бағытында белсенді жұмыс істеп келеміз. Есіл ауданында 30 мыңға жуық адам тұратын төрт тұрғын алабы бар. Олар: Пригородный, Тельман, Заречный және Шұбар. Аудан әкімдігі тұрғын үй алаптарын дамытуды үнемі назарда ұстап келеді. Халықпен кездесулердің қорытындысы бойынша қала әкімінің тапсырмаларын орындаудың нақты мерзімдерін қамтитын Жол карталары әзірленуде. Әр картада абаттандыру, көгалдандыру және жарықтандыру секілді негізгі бағыттар көрсетілген. 2022 жылы «Пригородный» тұрғын алабында Жаңадария көшесі мен «Юг» тұрғын үй кешеніндегі қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды. Биыл Қабанбай батыр даңғылы, 105 және 105а бойындағы «Қуаныш» ТК-де балалар мен спорт алаңдары қайта жаңартылды. Балаларды қорғау күні мерекелік бағдарлама ұйымдастырумен бірге осы аулалардың салтанатты ашылуы өтті. Былтыр қала маңында көше жарығының жаңа тіректері орнатылды. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі жылда «Пригородный» және «Тельман» тұрғын аудандарында 720-дан астам ағаш отырғызылды. Суару және оларға күтім жасау күнделікті жүзеге асырылады. Осы бағыттағы жұмыстар ауданның барлық тұрғын алаптарында жалғасатын болады.
– Аудан әкімдігіне шетелдік ұйымдар қаншалықты жиі келеді? Қазірдің өзінде олармен қандай байланыстар бар?
– Мысалы, жақында Эллинико-
Аргируполи мэрі Яннис Константатос бастаған Грециядан келген делегациямен ресми кездесу өтті. Бұған дейін екіжақты қатынастарды дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған Есіл ауданының әкімдігі мен Эллинико-Аргируполи муниципалитеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Барлық қажетті шарттарға қол қойылғаннан кейін біз қонақтарымызға елорданың «Бәйтерек» монументі, Nur Alem мұражайы, Ботаникалық бақ және Орталық мешіт секілді көрікті жерлерін көрсеттік.
– Астанада әрбір адамның өз сүйікті орны бары белгілі. Сіз үшін осындай жер қайсы?
– Әрине, бұл – Ботаникалық бақ. Бұл жерге тек жұмыс бабымен ғана емес, кешкісін отбасыммен бірге барып, серуендегенді ұнатамын. Мен үшін бұл бақ – елордадағы ең маңызды орындардың бірі. Ол жерде біз отырғызған ағаштар өсіп келеді. Жақында ХВҚ қоры директорының орынбасары-басқарушысы Бо Лимен бірге онда шырша отырғыздық. Мұндай іс-шаралар халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, бірлесіп дамуға деген ұмтылысты айшықтай түседі.
Айгүл АЛЬЖАКСИНА,
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ