Халық қақпаны
Бірақ тоқтап қалмадым. Әлеужеліден тапқан дертіме әлеужеліден ем іздедім. Ол да тез ұшыраса кетті. «Вы из Казахстана и Вас обманули брокеры? Мы поможем вернуть ваши деньги! Законная помощь и юридическое сопровождение в возврате средств из мошеннических инвестиционных организации! Оставляйте заявку и мы поможем вернуть все ваши деньги!» деген құлақтандыру айғайлап тұр. Заңгерлік жәрдем «Халық қалқаны» деп көрсетілген телефонға қоңырау шалып едім, үзіліп кете берді. Әлде жүлге бос емес деп ойладым. Оған өтініш қалдырып, әлеужеліні қуалай төмен түссем, ақшасын қайтарып алып, есі шыға заңгерлерге алғысын айтып жатқан кемпірдің бейнеролигі жүр.
Уақыт түс мезгілінен ауды, телефоным шиық ете қалды. Сөйтсем, «Здравствуйте, меня зовут Дарья, юрист компании Легал Право. Вы оставили заявку на консультацию юриста, по вопросу возврата финансов. Чем могу помочь вам?» деген хабарлама келіпті. Сол заматында қоңырау шалып, болған жайды баяндадым. «Бүкіл координатын жіберейін, тым құрмаса заң орындарына табыстап, жолын кесіңіздер». «Жақсы, жіберіңіз» деп салқын сөйлесті. Бәрін салып жібердім. Шамалыдан соң қайта телефон соқсам, қоңырау бармайды. Ішім қылп ете қалды, бұлардың бәрі бір – «халық қалқаны» емес, «халық қақпаны» екенін ұқтым.
Киберполиция мен кибералаяқ
Енді қалалық ішкі істер бөліміне хабарласып, қандай амалы барын сұрадым. Олар «Ой, аға, мұндай әрекеттер көбейіп кетті. Киберполицияға хабарласыңыз, солар көмектеседі сізге» деді. Мәңгілік ел даңғылы, 55/4 деген мекенжайын алып, тура кеңселеріне тарттым. Кеңселері ЭКСПО аумағына орналасыпты. Есіл аудандық кибер бөлімінің бастығы Ерғазы деген азамат екен, Бегжан деген қызметкеріне тапсырма беріп, менің мәселеммен айналысуды жүктеді. Бегжанмен сөйлесіп, бүкіл мәліметті ұсындым.
Сондағы ұққаным: бұл байланысып жүрген менеджер, аналитик дегендер басқа мемлекетте отыр екен. Қолдарында Қазақстанның сим-карталары бар. Солар арқылы сөйлесіп, елдің ішіндегі азамат сияқты сенімге кіруге ұмтылады. Сондай-ақ бейнероликтердің бәрі жасанды зерде арқылы жасалып, әдейі әлеужеліге орналастырылған. Ақшаны қайтарып береміз деп араағайынға жүрмек мекемелер де – солардың өздері. Халықтың барлық осал тұстарын біліп алып, алдап уысына түсіргені өз алдына, көмек сұрап баратын да жер қалдырмай, тұйық шеңбердің ішіне құрсаулаған. Ең қатерлісі, инвестициялық сомаңды арттыруды сұрап, несие ресімдетіп, тойтитып кету. Олай болмаған күнде, айдың соңында «шотыңыздан карточкаңызға ақша шығарамыз» деп, карточкаңыздың 16 сандық нөмірін, жеке куәлігіңізді қолға түсіреді екен. Сосын жасанды зерде арқылы дауысыңды, түріңді айнытпай келтіріп, банктерден сенің атыңнан өздері несие ресімдеп әкетуі мүмкін. Олардың «несиелік тарихыңды» тәптіштей сұрайтыны сондықтан екен. Бұрын несие алмаған болсаң, алған күнде бәрін уақытында жапсаң, банктің қайта ақша ұсынуы жеңілірек болады. Міне, осындай арандатуға ұшыраған қаншама адам баспанасынан, көлігінен айырылып, далада қалып отыр. Уақытында несиесі қайтарылмаған соң, банктер де жапа шегуі мүмкін. Карточкаңның мәліметі қолына түскеннен кейін, алаяқтар несие ресімдеп үлгермесе де, ақшаңның бәрін сыпырып алып кетеді екен.
Біраз жайға қанықтым. Киберполиция қызметкері Бекзат мен берген телефон нөмірлерді базаға енгізгенде ештеңе шықпады. Оған көмектескен телефон нөмірлері емес, ақша аударылғанын растайтын электронды түбіртек болды. Әуелгі 4815 теңге Алматы облысының Қарабалық поселкесі, Рабочая 99а, 1 деген мекенжайға түскен екен де, екінші 43 мың 461 теңге Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 59/1-ге барыпты.
– Бұл қалай?
– Алаяқтар бәрінің механизмін жасап алған. Бізде банкте есепшоттары бар көптеген ИП-лар қозғалыссыз тұрады. Солардың иелерін тауып алып, «біз саған ақша түсіреміз, 30 пайызын алып, 70-ін аударып отырасың» дейді. Олар қуана келіседі. Сөйтіп, екі жақ та оңай жолмен келген ақшаға қарық болып жатыр. Бұл бір ғана жолы, тіпті, кәсібін дөңгелеткендері де мұндай мәмілеге көне кетеді.
Астанадағы мекенжай бойынша базадан иесі кім екенін тауып ала қойды. Аты-жөні, телефоны, жеке куәлігі, көлік жүргізу куәлігі – бәрі тұр. Бірақ телефоны өшірулі. Бүкіл отбасының мәліметі көз алдыңда. Студент баласы бар екен, соған хабарласты. Әкесі Астанада болып шықты. Жұмыста, аула сыпырушысы екен. Қайта телефон соғып еді, көтерді. Полиция өзін таныстырып, хабарласып отырған шаруасын айтты. «Кеше сіздің шотыңызға осындай адамнан ақша түсті. Соны қазір телефонына қайта аударып жіберіңіздер. Міне, менің қасымда өзі отыр, бір ауыз сөйлесіңіз». Тұтқаны ұстатты. Мен болған жайды қысқаша түсіндіріп, ақшамды қайта кері салып жіберуін өтіндім. Ол сөзге келген жоқ, «жіберем» деді.
Бегжан екінші адаммен де тілдесті. Асқар Иманбаев деген жігіт екен. Ол әзір жұмыста емес екенін, ертең кассаны көретінін, болса қайыратынын айтты. Бегжан:
– Аға, 43 мыңды алсаңыз жақсы, ал мына бес мыңдайды садақа жасайсыз ғой. Ананың сөз саптасы ұнамады деді. «Мақұл» деп алғысымды айтып, сыртқа шықтым.
«Алаяқтар алдап түсірген миллиардтаған ақша қандай мақсатқа жұмсалады екен?» деп ойладым, өйткені көз алдымда 2023 жылғы 263 миллиард теңге көлеміндегі сома тұрды. Экстремистік бағытқа, соғысқа, наркотикке?.. Жалған жарнаманы Каспий банк білмей ме, білсе, неге қамсыз отыр? Шамасы білетін сыңайлы, олар үшін бұл жалпы бұқаралық және өте әлеуетті тегін жарнама. Содан кейін көз жұмып, қол қусырып қарап отырған болар… Жақсы, мұны тиісті мемлекеттік органдар қалай назардан тыс қалдырып, алдын алмаған, жолын кеспеген? Ұялы байланыс операторлары тіркелмеген нөмірлерді неге өшірмейді, әлде олардан қыруар қаржы түсе ме екен? Түскен күнде де, осыдан 6-7 жыл бұрын жалпыхалықтық шара ретінде ұйымдастырылған міндетті тіркеу ережесі қайда қалады? Солай бола тұра бірыңғай тәртіпті неге көзжұмбайлықпен белден басады? Ұялы байланыс операторларының қызметін қадағалайтын құзыретті орган – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қайда қарап отыр? «Цифрлы Қазақстан» мен «жасанды интеллекті» ел игілігіне қызмет етпей, керісінше, халықты тонауға мұрындық болғаны үшін кім жауапты? Ал мына алаяқтар Қазақстанды жетік біледі, орысша ағып тұр, арасында қазақстандықтар да болуы мүмкін. Тіпті, қазақ тілді қазақтардың жүруі де әбден ықтимал. Мұндай ойға қалуға жетелеген нәрсе – «Халық қалқаны» деп жалған заңгерлік жәрдемнің атын қазақша атауы. Алаяқтық деген ұлтқа бөлінбейтіні аян.
Жауапсыз сауалдар иектеп жүріп алды. Осының бәріне жеке-жеке нұсқау беріп, Президент тиісті құзырлы органдарға бұрыштамасын қойып, тапсырма жүктеуі керек пе? Олар неге өз функционалды міндеттеріне салғырт? Әлде дербес ойлап, өз тұсынан шешім қабылдауға өресі жетпей ме? Егемендіктің элементтеріне елеулі, елеусіз нұқсан келіп жатқанына ішім ауырды.
Бір жарым сағаттың көлемінде ақшам түсті. Екі тәуліктен кейін А.Иманбаевтан «Саламатсыз ба! Выписки все посмотрели, деньги не поступали. И вы предоставляете не платёжку, а счёт, не знаю как Вам помочь, просто перечислить я тоже не могу, извините» деген хабарлама келіпті. Бегжанның айтқаны тура болды.
Әдіс-айласы қандай?
Осы мақаланы жазудағы басты мақсатымыз бір қолын екі, екі тиынын төрт ете алмай отырған қарапайым халыққа «Kaspi Profit» туралы таратылатын ақпараттардың жалған екенін, оның шынтуайтында да Каспий банкке еш қатысы жоқ екенін жеткізгіміз келеді. Қылмыскерлер ақша табудың оңай әрі жылдам әдісін ұсынып, жұртты еліктіре отырып, аңғал елді уысына түсірмекші.
Алаяқтар Михаил Ломтадзенің бейнесұхбатындағы үзінділерді қолдана отырып, оның жалған бейнесі мен дауысын жасанды интеллекті арқылы өздеріне қолайлы етіп «өңдеп», осы істерінің жандануына арқау етіп алған. Жалдаптардың арасында заманауи техника мен технологияны меңгерген небір майталман кәсіпқойлар бар. Әлгілер қарапайым жұрттың онсыз да болар-болмас тиынын аузынан жырып әкетпекші. Олардың жүйелі түрде жүргізетін жарнамаларының алгоритмі мынадай:
а) ел әл-ауқатының жақсаруын көздеп, Каспий банктің жанынан ашылған «Kaspi Profit» платформасын жеріне жеткізе мақтай, халықтың неғұрлым көңілін аудару;
ә) қарапайым азаматтарды тарта отырып, «Kaspi Profit» платформасының арқасында «шынтуайтында» үлкен қаржыға кенеліп, уыс-уыс ақша ұстап жүргендері туралы жалған мәліметтерді өмірде ұшырасатын әртүрлі жағдайға байланыстыра шындай етіп көрсету;
б) брокерлер алдап алған ақшаны қайтару амалымен айналысатын заңгерлер кеңесі туралы ақпарат тарату. Бұл заңгерлер кеңсесі деп отырғандары да – алаяқтардың өздері (оларға ұрынсаң, көрсететін қызметіне жоғалтқан сомаңның 20 пайызын ұсынуың тиіс, сөйтіп, қарапайым ел соққы үстіне соққы алады);
в) ақшасын заңгерлердің көмегімен «қайтарып алған» адамдар туралы роликтер. Әрине, мұнысы шылғи өтірік, қолдан жасалған сценарий бойынша түсірілген «жанды елітетін» көріністер.
Мұның бәрі адам психологиясына құрылған алаяқтық іс қана. Сондай-ақ әлеуметтік желі, түрлі сайт арқылы бұл тұрақты кибершабуыл әр айдың 20-сынан кейін жоғарыда көрсетілген ретпен келесі айдың 10-ына дейін қызу жүреді. Он күн саябырсып, қайта бел алады.
Осындай тұрақты түрде әлеуетті «ақпаратты соққымен» елдің есін тандырып, нәтижесінде ақшасынан айырылып жапа шексе, құқық орындарына жібермей өз ықпалынан шығармайды. Бірлі-жарым адам құқық органдарына барғанда ісі шағым түрінде әрекетсіз қалып қояды. Себебі қармап ұстайтын ілік жоқ. Сөйтіп, қарапайым халық көзге көрінбес шибөрілердің талауына түскен.
Мемлекеттік органдар атқарар шаралар
Мұның бәрін егжей-тегжейлі тәптіштеуіміз қоғамдағы үлкен дерттің алдын алу және азаматтардың құқығын қорғауды, дер уақытында дұрыс ақпарат беруді көздегендіктен туындап отыр.
Қорытындысында айтпағымыз: ең бірінші ел мен Мемлекет басшысының абыройын қорғау үшін Президенттің баспасөз хатшысы мен қызметі, коммуникациялар жөніндегі көмекшісі мен коммуникациялар бөлімінің Президенттің бейнесі қатыстыра отырылып жасалған ақпараттық өнімдерге бақылау орнатып, қайсыбір тұстарда тыйым салғандары жөн. Өйткені Президенттің өз аузынан шыққан сөз, оның қатысуымен өткен шара қалың бұқара тарапынан қапысыз қабылданатыны аян. Соның салдарынан қаншама адам оп-оңай алаяқтардың құрбанына айналып, жалған ақпарат қоғамға үлкен залалын тигізіп отыр. Бірақ мұны Президенттің баспасөз қызметі мен Мемлекет басшысының айналасындағылар білмейтін сияқты. Өйткені қатаң, нақты шара жоқ.
Сондай-ақ шұғыл түрде Бас прокуратура Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып, әлеуметтік желідегі жалған жарнамалық ақпараттардың алдын алғаны жөн. Оларға үзілді-кесілді тосқауыл қойылуы керек. Елдегі Республика күні қарсаңында М.Ломтадзені сөйлете отырып жасалған, өтірікке құрылған жарнамалық роликтер тағы да қаптап кетті. «Kaspi Profit» платформасына алғашқы қатысу сомасын 75 мың теңгеге көтеріпті. Яғни «алдау операциясы» өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз. Сондықтан бұдан былай Мәдениет және ақпарат министрлігі кез келген жарнаманың шындыққа негізделуіне бақылау орнатқаны жөн. Әлде біздің мемлекетте «жарнама» деген айдармен жарияланатын материалдарға сот жоқ па?
Екінші, Бас прокуратура Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін қатыстыра отырып, ұялы байланыс операторларының абоненттеріне тексеру жүргізіп, тіркелмеген сим-карталарды бір жұманың ішінде өшіруін талап ету. Әрине, оларға әр абоненттен түскен тиын қымбат. Алайда ендігі уақытта иесіз нөмірлерден бөгде адамдар байланысып жатса, байланыс операторларын қатаң жауапқа тарту шарасын қарастырған әбден қисынды.
Үшінші, Каспий банкке басқарма төрағасы, миллиардер Михаил Ломтадзенің атынан жасалып жатқан жалған жарнамалардың жолын кесу, қудалау, тиісті орындарға шағымдану шарасын міндеттеу. Сондай-ақ «Kaspi Profit» платформасының жалғандығы туралы халыққа ұдайы ақпарат беріп, тоқсан сайын үлкен жиындар өткізуді жүктеген дұрыс болады.
Төртінші, Бас прокуратура Әділет және Қаржы министрліктерімен бірлесе отырып, алаяқтармен істес болған ірілі-ұсақты мекемелерді анықтап, жауапқа тартуды кешіктірмеуі тиіс. Әділет министрлігі сыртқа алаяқтарға кеткен ақшаны қайтаруға қатысты қызмет көрсететін заңды тұлғалардың ақ-қарасын ажыратып, халыққа ресми мәлімет бергені; қой терісін жамылып, алаяқтықпен айналысып жүргендерді жазаға тартуы өте қисынды.
Бесінші, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «инвестор ретінде қаржы салып, ай сайын осынша ақша тауып отырмын» деп, «Kaspi Profit» платформасын (өзге де қаржылық алаяқтыққа бастайтын) уағыздайтын роликтегі адамдарды тауып, оларға елді қасақана ұрындырғаны үшін қатаң шара қолдану қажет.
Сондай-ақ кибералаяқтыққа байланысты біз біле қоймайтын өзге де қылмыстық әрекеттердің жолын кесу мақсатында орталық өкілетті органдар шаралар қабылдап, халықтың сенімін пайдаланған тұлғалардың әшкереленуін жан-жақты қарастырғаны жөн. Сонда ғана елдің әл-ауқаты төмендеп, азаматтардың құқығы бұзылмауының алдын алуға болады. Әрі бұл шаралар елдің егемендігіне нұқсанын тигізетін, ұлттық экономиканың қалыпты ілгерілеуіне кесірін келтіретін элементтерді жоюға жасалған нақты қадам болар еді.
Халықтық ықпалды күшке айналған биліктің «Аманат» партиясы да осы қоғамды кеулеген залалдың жолын кесу тұрғысында бұқараға құқықтық сауаттылық жөнінде кең түрде шаралар ұйымдастырғаны қажет-ақ.
Біз тілге тиек етіп отырған мәселенің күрделі әрі тамырын тым тереңге жібергені жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында баса айтты. Сондай-ақ бұл қылмыстық әрекеттермен құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелгенін мағұлымдады. Ендеше тиісті құзыретті органдарға ел мүддесі үшін жең сыбана кірісетін уақыт жетті.
Неге теріске шығармайды?
Сондай-ақ алаяқтар Каспий банктің, «Хабар» арнасының, өзге де телевизиялардың логотипін өз мүддесіне қолданып, ел арасындағы сенімділікті мейлінше нығайтқан. Тек мұны көрсе де көрмегендей болып, теріске шығармай үнсіз отырған Каспий банктің, «Хабар» агенттігінің әрекеті түсініксіз. Сондықтан алдағы уақытта жеке деректерді күдікті сайттарда қалдырмауды, күмәнді анкеталар мен формаларды толтырмауды және көрсетілген шоттарға ақша аудармауды қатаң түрде ұстанған дұрыс. Ондай түсініксіз жаққа жіберілген қаражат ешқашан қайтпайды. Өйткені ілік болар дерек-дәйектен жұрдай. Ендігі уақытта ақы төлеп, алдану – нағыз алаңғасарлықтың айғақты белгісі.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,
жазушы-журналист