Басты ақпаратҚоғам

Жолдаудың жүгі ауыр, мақсаты айқын

Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Еділ Мамытбеков өзіндік айтар ойы бар, өмірден алған тәжірибесі мол азамат ретінде белгілі. Қоғам белсендісімен Президент соңғы Жолдауында не мәселеге маңыз берді, Үкіметке нақты қандай талап қойды, осы сұрақтарды талқыладық.

–Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында алдымызға қандай мақсат қойып отыр?

– Жолдау – тұрақтылық пен өсімді нығайту үшін бірқатар саяси, экономикалық және әлеу­меттік реформаларды жүзеге асыруға, оның ішінде жоғарыда аталған жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған маңызды құжат. Бағдарламалық құжатта елдің орта мерзімді перспективасы айқындалды.

Біріншіден, Президент қоғамның барлық саласында заң үстемдігін күшейтіп, сыбайлас жемқорлықпен күресуді тапсырды. Яғни әділдік пен заңдылықты орнатып, заң алдында барлығы тең құқықтық мемлекет құруға басымдық беріледі. Алдағы мақсатқа жетуде мемлекеттік және құқықтық институттарды реформалау маңызды.

Екіншіден, бизнесті ынталандырып, экономиканы әртараптандырып, шикізатқа тәуелділікті азайтуды талап етті. Бұл – орта мерзімді міндет, өйт­кені инвестиция тарту және инновациялық технологияларды енгізу үшін жаңа өндірістер құрылады.

Үшiншiден, бiлiм беру, денсаулық сақтау және экономиканы қорғау саласына инвестиция тарту қажеттiгi айтылды. Бұл шаралар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және болашақ кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталады. Бұл бағыттағы бастамалар елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, мемлекеттік басқару жүйесімен, сервистік қызмет көрсету саласы цифрландыруға маңыз берілді. Инновациялық технологияны және жасанды интеллектіні меңгеруді міндеттеді.

Бесіншіден, экологиялық тұрақтылық мәселесі назардан тыс қалмады. Баламалы энергетиканы дамыту, «жасыл» технологияны енгізу орта мерзімді перспективада жүзеге асырылатын жоба.

– Соңғы жылдары елде атқарылып жатқан әлеуметтік және экономикалық бас­тамаларды қалай бағалайсыз?

– Президенттің бастамасымен мемлекеттік саясатты байыпты жаңғырту және тәуелсіздік жылдарында қордаланып қалған жүйелі проблемаларды жою шаралары қолға алынды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан экономиканы әртараптандыру өз деңгейінде жүргізілмей, мемлекеттік бағдарлама тиісті нәтижесін бермеді. Бір мысал келтірейін, 2010 жылдары қабылданған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша 2015 жылға қарай ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 16-17, кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 12 пайызға жеткізу міндеті қойылды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 12,2 және 11,7 пайызды құрады.

Демографиялық өсімге сай әлеуметтік инфрақұрылым жетілдірілмеді. Логистикалық инфрақұрылым – автокөлік жолдары, теміржол рельс жолдары мен бекеттері, әуежайларды кеңейту кенжелеп қалды. Жарық және жылу жүйесі жаңартылып, жаңғыртылмау салдарынан энергия тапшылығы орын алуда. Міне, Тоқаев билігі осындай күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп, шешу жолдарын қарастырып, жүйелеу жұмыстарын жүргізуде.

– Экономиканы әртараптандыруда банк секторының ықпалы зор. Елдегі қаржы институттарының бизнесті қолдаудағы үлесіне қандай баға бересіз?

– Қаржы институттарының қалыптасып, дамуына, экономиканың нақты секторын қаржыландыруын Ұлттық банк бағалайды. Бірақ, бір нәрсе анық, ол – қаржы жүйесі нақты экономикаға бет бұрған жоқ. Банк жүйесі шектен шығып, бірнеше монополист қаржы нарығын бақылап және бизнес­тің дамуына мүдделі еместігін көрсетуде. Бұған индустриалды-инновациялық жобаларды қолдауы тиіс Қазақстанның Даму банкінің жұмысы айқын мысал. Президент айтқандай, Даму банкі оншақты ықпалды адамның «жеке» банкіне айналды. Жуырдағы Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебінен қаржы институты ешқандай қорытынды жасамағанын ұғуға болады.

Өкінішке қарай, Ұлттық банкте екінші деңгейлі банктер мен шағын кредиттік ұйымдарына ықпал ету құралдары болмағандықтан, елдің қаржы нарығында әлі де дұрыс тәртіп орнаған жоқ. Меніңше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің рөлі бұлыңғыр сынды.

– Бұл мәселелер мемлекеттік басқару жүйесіндегі кемшіліктерден орын алғаны анық. Солай ма?

– Әрине, өте көп. Соның бірі – кадрды даярлау жүйе­сінің кәсіпорындар мен секторлардың нақты қажеттілігіне бағдарлануын ескере отырып, еңбек нарығының құрылымдық тепе-теңдігінің негізгі міндетін шешуді қамтамасыз ету механизмі құрылмағанын мойындау керек. Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Энергетика, Ауыл шаруашылығы және басқа министр­ліктер арасында тиісті ведомстволық өзара үйлесімді іс-қимыл жоқ.

«Қазақстан-2030» Стратегиясында кәсіби Үкімет қалыптастыру жағы маңызды міндет ретінде қойылды. Алайда кадр мәселесі әлі күнге дейін күрделі екенін көріп отырмыз.

– Бізде не көп – бағдарлама көп! Егер стратегия­лық басымдықтар нақты атқарылса, қазіргі жағдайымыз мүлде басқа болар еді. Президент Жолдауында көтерілген міндеттер толық орындалса, қандай нәтиже көреміз?

– Біріншіден, бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру саясаты саласындағы мәселелер шешіледі. Яғни шикізаттық бағыттан бас тартып, әлеуметтік бағдарланған экономикаға бағыт бұру.

Екіншіден, мемлекеттің экономикаға қатысуында белгілі дәрежеде функционалды теңгерімсіздік бар. Атап айтқанда, Президент әлдеқашан квазимемлекеттік секторды оңтайландыру міндетін қойды. Қазіргі уақытта бұл сектордың шамадан тыс болуы, шағын және орта бизнестің дамуына кері әсер етіп отыр.

Үшіншіден, мемлекеттік басқару жүйесінің сапасын арттыруға басымдық беріледі. Елімізде кадр саясатын жетілдіру бойынша конкурстық іріктеу жүйесі негізінде кадр резервін дайындау тетігі енгізілді. Бұл шаралар оң нәтиже береді деген сенім бар. Кадр сапасын арттыру «командалық тәсіл принципін» жеңудің маңыздылығын түсініп отырмыз.

Төртіншіден, қоғамдық өмірдегі көптеген мәселелер тиімді мемлекеттік идеологияның болмауынан туындайтын сияқты. Сондықтан Президенттің Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда жариялаған негізгі идеологиялары мен негізгі құндылықтарын зор ынтамен қабылдады. Мемлекеттік идеология сапалы мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру орны зор.

Бесіншіден, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне қатысты бөлек мәселе бар. Реформалар салалық мәселені шешудің орнына, проблемаларды қордаландыра түсті. Соның салдарынан ЖОО түлектерінің еңбек нарығының талабына сәйкес келмейді. Бұл бағытта мониторингтік талдау жұмыс­тырын жүргізу маңызды. Білім мен ғылымды индус­триялық-инновациялық негізде экономиканы әртараптандырудың стратегиялық міндеттерін шешуге бағыттау қажет. Бұл елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әкеледі.

Алтыншыдан, тиімді басқару шешімін қабылдауда ғылыми-әдістемелік базасын құрудағы ғылымның рөлін күшейту керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылымның экономикадағы өндіргіш күштердің өсу факторы ретіндегі маңыздылығын қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. Ғылыми қоғамдастық «ұйқыдан тұрып», бұрынғыдай Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының белсенді қатысуымен үш ғылыми саланың – академиялық, өндірістік және университеттің тиімді бірлестігін үйлесімді дамуы үшін қайта құратын сынды.

– Реформаларды атқаруда қомақты қаржы керек. Ал қаржыны тиімді игеруде ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету маңызды.

– Дұрыс айтасыз! Қаржылық тәртіп пен ресурстарды пайдалануды нақты бақылау – табыс­тың кепілі. Осыған байланыс­ты Үкіметке бюджет шығыс­тарын оңтайландыру, реформаларды қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету, жеке инвестицияларды тарту қажет.

Реформаны жүзеге асыру үшін жобаларды тиімді басқара алатын білікті кадрлар мен мамандар керек. Бұған экономиканың жекелеген секторлары мен өңірлерінен жасына қарамастан тәжірибелі, талантты менеджерлерді тарту, барлық төменгі деңгейде менеджмент сапасын күшейту, мамандарды даярлау және қайта даярлау бағдарламасы кіреді.

Жолдауды тиімді жүзеге асыру үшін барлық мемлекеттік органдар мен өңірлік деңгейде үйлестірілген ведомствоаралық жұмыс топтарын құруды, нақты өзара іс-қимылды, түрлі құрылымдар арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қойғанда іс өнімді әрі сапалы болады.

Үкімет пен әкімдер Жолдау­да айтылған әрбір бағытты жүзеге асыру үшін нақты «жол картасын» әзірлеуі керек. Бұл ретте Үкімет пен әкімдер рес­публикалық деңгейде де (экономикалық немесе геосаяси сын-қатерлер) де, жергілікті деңгейде де өзгеретін жағдайларға дайын болуы керек.

Жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді, сондай-ақ тәуе­келдерді есепке алу үшін өзгерістерге икемділік пен бейімделуді сақтау, сыртқы өзгерістерге жылдам әрекет ету және бағдарламаларды түзету, бизнес пен қоғаммен диалогты қамтамасыз ету маңызды.

Жолдауды жүзеге асыруда негізгі жүк өңірлерге түседі. Осыған байланысты әкімдер өңірлік бағдарламаларға қатыс­ты ұлттық міндеттерді бейімдеп, түзетіп, әр өңірдің ерекшелігіне сәйкес келетін өңірлік даму бағдарламасын әзірлеуі маңызды.

Осындай кешенді, жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде Президент атағандай, 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 450 миллиард долларға дейін екі есеге арттыруға мүмкіндік болады.

– Президенттің соңғы үш Жолдауында «әділдік» тіркесі қолданды. Тағы бір байқағанымыз, «әлеуметтік оптимизм» терминін қолданды. Бұған байланысты не дейсіз?

– Сөзсіз, әділдік болмай, жеңістікке жету мүмкін емес. Өркениет көшіне бастаған кез келген басшы алдымен өзі әділ де адал, содан кейін қоғамның барлық саласында әділдік принциптерін орнатуы керек. Онсыз мақсат – баянсыз, мұрат – бағдарсыз болады.

Дұрыс аңғардыңыз, Жолдаудың атауында «әлеуметтік оптимизм» термині бар, бірақ мәтіннің еш жерінде оның мәні ашылған жоқ. Мұны Мемлекет басшысы әр азамат оның мәнін өзі анықтай алуы үшін әбден саналы түрде жасады деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл термин Жолдаудың азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға, олардың шешімдер қабылдау үдерісіне және елді басқаруға қатысуына, сондай-ақ қоғамда жағымды және өнімді көңіл-күй қалыптастыруға бағытталған барлық құрамдас бөліктерін жинақтайды. Сонымен қатар, қоғамдық оптимизм популистік уәделерге емес, әлеу­меттік әділеттілік пен экономикалық тұрақтылықты жақсартуға бағытталған дәйекті қадамдарға құрылуы керек.

Сұхбаттасқан

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button