Басты ақпаратРуханият

Ардақты ғалым

Тіл білімі жайы сөз бола қалғанда, Алаш жұртына танымал қазақ зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов, Халел Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Елдес Омаров сынды көрнекті қайраткерлеріміздің есімі құрметпен айтылатыны белгілі. Бүгін біз білім дарыған, ілім қонған тұлға туралы сөз еткенді жөн көрдік.

Білім дегеннен шығады, ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыздың: «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым… Білім жолына түскен жан деген – адамның ақыл-ойы айқын, ерік-жігері, тілек-мақсаты ақиқат пен әділдік үшін талап жолында болуы шарт. Жай ләззат іздеу, кәсіпқұмарлыққа ұқсас әрекет онда болмаса керек» деген сөзі қазақ тіл ғылымының негізін салған, тіл білімі теориясын тереңдетіп, қазақ тілі орфографиясы, әліпбиі мәселелері туралы еңбектер жазған және терминология қағидаттарын қалыптастырған көрнекті тілші-ғалым Құдайберген Жұбановқа арналып айтылғандай әсер етеді.

«Қазақ тіл білімі кадр жа­ғынан да, жазылған еңбектерінің саны мен сапасы жа­ғынан да, түркологияға қосқан іргелі үлес жағынан да сүбелі табыстарға жетсе, ол үшін оның іргетасын қаласқан, тақыр жерге күмбез орнатқан сөз бұйдагерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов тәрізді ірі ғалымдарға қарыздар» деген Ұлттық ғылым академиясының академигі Шора Сары­баевтың пікіріне толық қосылуға болады.

Білімді сөз еткен соң, ғылымды аттап өтіп, айтпай кетпесіміз анық. Ол үшін тағы да әл-Фараби бабамыздың: «Ғылымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан-иманы кәміл, пейілі тура болу керек. Ондай бола алмайтын адамдар өзін де, өзгені де былғамай, ғылымнан аулақ жүруі керек» деген дана сөзін алға тартқанымыз абзал.

Көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановтың ғылыми-­танымдық еңбектерін саралағанда, қазақ тіл білімінің негізін салып, осы ғылымды одан әрі дамытқан рөліне қарап, әл-Фараби бабамыздың ғылыми адамға берген сипаттамасына дөп келетінін, яғни нағыз ғалым екенін аңғару қиын емес. Әлем таныған Мұхтар Әуезовтің «Құдайберген ­Қуанұлы Жұбанов туған жер, өскен еліне шынайы ой-арманымен, қалтқысыз көңілі, ақау­сыз білімімен танылған адал азамат, ардақты ғалым еді» деген сөзінен көптің көңіліндегісін дөп басқанын байқаймыз. Осыған академик Әбдуали Қайдаровтың: «Профессор Құдайберген Жұбанов – өзінің қысқа ғұмырында бір өзі бір академиялық институттың атқаратын жүгін көтерген майталман ғалым» деген пікірін қоссаңыз, тілші-ғалымның ғылыми-танымдық көкжиегін бағамдай беруге ­болады.

Жалпы өткен ғасырдың 20-жыл­дары ұлтқа қызмет еткен қайраткерлердің, түркітану ғылымының ірі өкілдері мен қазақ тілінің өркендеуіне өлшеусіз қызмет қылған тіл білімі тарландарына ортақ нәрсе ретінде жоқшылықтың, қиыншылықтың, таршылықтың тар жолынан – еңбекқорлығын, алға қойған мақсатқа жету жолында еш қиындықтан қаймықпай, діттегенін іске асыруын айтар едік.

ХХ ғасыр басындағы ұлт қайраткерлерінің өмірбаянына үңілсеңіз, олардың полиглот болғанын байқайсыз. Көп тілді меңгерген полиглот-қайраткерлер қатарында Нәзір Төреқұловтың қазақ, өзбек, тәжік, татар, башқұрт, қырғыз, әзербайжан, ағылшын, араб тілдерін, Мұстафа Шоқайдың орыс, неміс, ағылшын, француз, түрік, өзбек тілдерін, ал Құдайберген Жұбановтың араб, парсы, орыс, түрік, моңғол, француз, ағылшын, неміс тілдерін игергенін аңғарамыз.

Бала жасынан зор қабі­летімен ерекшеленген поли­глот-ғалым бірнеше тілді игеру арқылы білімін өз бетінше жетілдіруді мақсат еткенін айтқанымыз абзал. Сондай-ақ алғашқы орыс училищесінен бастау алған орта білімі мен Шығыс тілдері институтындағы білімі орыс тілін жетік білуіне жол ашқанын да жалпы жұртшылыққа жеткізгенді жөн көрдік. Қазақ-орыс тілдерінде сауатты сөйлеумен бірге, бірнеше шетел тілін меңгергеніне үңілген Ұлттық ғылым академиясының академигі Ісмет Кеңесбаевтың: «Құдайберген Жұбановтың алғашқы шәкірттік кезеңде алған білімі кейіннен оның жақсы тіл маманы болуына негіз болды. Бұл жылдарда ол құрылысы басқа араб, парсы және орыс тілдерін тәжірибе жүзінде игеріп алды. Ол он сегіз жасқа толмай жатып түркі, араб және парсы тілдерінде сөйлей де, жаза да білген» деген еді.

Қарап отырсақ, полиглот-­ғалымның тағылымдық өнегесін Жаңа Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарына үлгі ретінде көрсеткеніміз артық болмасы анық. Ұлт зиялылары шетел тілдерін меңгергенде, бұл өркениетке жетудің төте жолы екенін білді. Сол үшін көп тілді меңгеруді мұрат етті. Бұл білім мен ғылым ғасыры атанған ХХІ ғасырда да өзекті мәселеге айналып отырғанын айтқанымыз абзал.

Жүргізілген әлеуметтік сауалдардың қорытындысына иек артсақ, Құдайберген Жұбановты жалпы жұртшылық ғалым ретінде ғана танитын болса, зиялы қауым өкілдері оның қазақ тілін зерделеген көрнекті ғалым екенін нақтылайтынына көз жеткіздік. Ал көрнекті тілші-ғалымның Қазан төңкерісі жеңісінен кейінгі жаңа кезеңдегі қоғам өміріне белсенді атсалысып, елде жаңа құрылыс орнатуда қайраткерлік танытқанын жұрт тарқатып айта алмайтынын аңғардық.

Қуатты интеллект, асқан бі­лімпаз, тілші-ғалым болумен бірге Құдайберген Жұбанов халық ағарту ісінің басы-қасында болып, халықты сауаттандырудағы қайраткерлігі көп айтылмай, тасада қалып қойғандай көрінеді. Алайда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі ­институты баспаға ұсынған «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «Құдайберген Жұбанов» кітабынан жиырма жастан аспаған Құдайберген Қуанұлы Темір қаласында орналасқан уездік Совдеп аппаратына қызметке алынып, ағарту бөлімінде ­инспектор болып істеген кезде, әрбір мектепті жеке өзі аралап, мұғалімдерге оқыту сапасын жақсартып, сауаттандыру бағдарламаларын жетілдіруге еңбек сіңіргені айтылады. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының губерниялық халық ағарту органында және педагогикалық техникумда сабақ бергені айтылып қана өтіледі. Біздің ойымызша, оның ағартушылық ісіндегі қайраткерлік қыры мен сабақ беру тәжірибесі ұстанған әдіс­темесін аша түсетін, сонымен бірге еліміздегі тұңғыш педагогикалық жоғары оқу орнын ұйымдастыруға қосқан үлесін зерделейтін терең зерттеулер жүргізілгені жөн сияқты.

Профессор Қ.Жұбановтың өмірі мен шығармашылығын тұңғыш зерттеген жұбановтанушы, академик Рәбиға Сыз­дықтың: «… өзінің табиғат берген бітімімен, Алла Тағала сыйлаған ақыл-парасатымен, үлкен талантымен, ата-анасы мен тәрбиесінен келген қабілетімен, алған білім-танымымен елден ерек тұрған біртуар (феномен) тұлға» деп таныған көрнекті ғалымның қайраткерлік тағылымы жас буынға жаңа қырынан көрініс тапқанын қалаймыз.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырында ғылым үшін баға жетпес классикалық зерттеулерін мирас етіп қалдырған ғалымның қайраткерлік тағылымын жас ұрпақтың кәдесіне жаратуды жақсылап ойлануымыз керек. Өйткені қайсыбір қоғамда болсын оның даму жолына аянбай атсалысып, тура жолға бағыттап, көштің басын түзейтін тұғырлы тұлғалар болады әрі оларды мемлекет және қоғам қайраткері деп елі елеп, халқы қадірлеп жатады.

«Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының деканы, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Халық ағарту комиссариаты коллегиясының, Ұлттық мәдениет институты ғалымдар кеңесінің мүшесі, КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалы үлкен ғылыми кеңесі мен президиумының мүшесі, әдістеме, бағдарламалар мен оқулықтар секторының меңгерушісі, Халық комитеті оқыту-әдістемелік кеңесі КазФАН-ның тіл және әдебиет секторының жетекшісі, рес­публиканың мемлекеттік терминологиялық комиссиясының төрағасы, Бүкіл­одақтық жаңа әліпби орталық комитетінің мүшесі, Кеңестің бүкілодақтық XVI съезінің делегаты, КазЦИК мүшесі» болған деген қызметтік құрғақ ақпараттың астында жасырынған Құдайберген Жұбанов­тың елдегі білім-ғылым, мәдени-әлеуметтік саладағы мемлекеттік маңызы мол мәселерді шешу жолындағы қайраткерлік қырын індете зерттеу ертеңгі күннің еншісінде екенін екпін түсіре айтқымыз келеді.

 Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы директорлар кеңесінің тә­уелсіз директоры, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button