Әйел бейнесін әспеттеген
Елордада бір апта бойы дүрілдеген жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанованың драматургиясына арналған «Театр All» III халықаралық театр фестивалінің жабылу салтанаты өтті. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Мәдениет басқармасы мен Музыкалық жас көрермен театры ұйымдастырған өнер мерекесі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында түйінделді.
Түркі дүниесінің мәдени кеңістігіне есімі танымал жазушы-драматург Роза Мұқанова драматургиясындағы рухани құндылықтарды өскелең ұрпаққа дәріптеу, театрлар арасындағы шығармашылық әріптестікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған фестивальге ел театрларымен қатар Қырғыз Республикасы мен Әзербайжан өнер ұжымдары қатысты. Күн сайын театрсүйер қауым екі спектакльден тамашалады.
Белгілі әдебиеттанушы, сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова бастаған, Қазақстан және ТМД елдерінің театр мамандары құрамына кірген қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Ерекше атап өтерлігі, Роза Мұқанова драматургиясында әйел бейнесі айрықша орын алады. Сондықтан «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» және «Үздік әйел бейнесі» аталымдарында жүлделер қос-қостан тапсырылды.
Атап айтқанда, «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» аталымында «Қаралы сұлу» қойылымында қызметші кемпір бейнесін сомдаған Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы Гүлжиян Шынтемір және Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры репертуарындағы «Мәңгілік бала бейне» спектаклінде Қатира атты кейіпкерді ойнаған Айжан Садықова топ жарды. Олардың әрқайсысы 300 мың теңгеден иеленді.
«Үздік әйел бейнесі» аталымының әрқайсысы 500 мың теңгелік жүлдесі Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Бопай ханым» тарихи драмасындағы Бопай рөлі үшін Лейло Бекназарға және C.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Ешкім де кінәлі емес» спектакліндегі Асыл рөлі үшін Дина Заитоваға тапсырылды.
Қалған жүлделер төмендегідей бөлінді: «Үздік қойылым» – театр режиссері Фархад Молдағали Түркістан музыкалық драма театрында сахналаған «Фариза» драмасы (1000000 теңге); «Үздік режиссура» – Арнис Кыдырмышев, Жамал Сейдакматова атындағы «Тунгуч» жастар театрындағы (Қырғыз Республикасы, Бішкек қаласы) «Жесір» драмасы үшін (1000000 теңге); «Үздік актерлік ансамбль» – Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының «Қызжылаған» драмасы (қоюшы режиссері – Абзалбек Максим) (500000 теңге); «Үздік ер адам бейнесі» – Газах мемлекеттік драма театрының (Әзербайжан Республикасы, Газах қаласы) «Шатыр астындағы Мен» спектакліндегі Анти Шрек рөлі үшін Хазар Гянджали (500000 теңге); «Сахналық жаңа форма табудағы ізденістері үшін» – А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының «Мәңгілік бала бейне» спектаклі (режиссері – Әридаш Оспанбаева) (300000 теңге); «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» – Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театрының «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі депутат рөлі үшін Дархан Мүсілімов (300000 теңге).
Қазылар алқасының мүшесі, Қырғыз Республикасының халық жазушысы, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жаныш Құлманбетов Роза Мұқанова осы елдің Театр өнері академиясының академигі атанғанын сүйіншілеп, тиісті құжатты тапсырды. Бұл Роза Қажығалымқызына тосынсый болды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ