Қылқалам шеберінің «Уақыт айнасы»
Ұлттық музейде белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Татарстанның Халық суретшісі Камиль Муллашевтың «Уақыт айнасы» атты мерейтойлық көрмесі ашылды.
Ашылу салтанатына Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев, Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы уәкілетті өкілі Денис Валеев, жазушы Тауфик Каримов пен Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбек қатысты.
Мамандардың пікірінше, Муллашев өз картиналарында заманауи шындықты бейнелеп, өткен тарих, мифтік және тарихи кейіпкерлер, табиғат әлемі мен ана тақырыбына бойлайды. Суретші шығармашылығының бүгінге дейін жеткен маңызды қасиеттерінің бірі – уақытты сезініп, түсіне білу қабілеті.
Оның туындылары Париждің Гран-Пале салонына, Мәскеудің Третьяков галереясына, Қазан галереясына, ҚР Ұлттық музейі мен Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне қойылған. Лихтенштейн, Франция, Англия, АҚШ, Канада, Ресей, Түркия, Қытай, Жапония және Қазақстанның жеке коллекцияларында сақтаулы.
Келесі жылдың 5 қаңтарына дейін көруге болатын экспозицияға суретшінің 90-нан астам кескіндеме жұмысы қойылды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ