Басты ақпаратҚоғам

Мұратбек, қызық мол жылдар…

1982 жылдың 12 қарашасы. Жексенбі. Мақта терімінен соң, өзім оқитын ҚазХТИ-дің сабақ кес­тесіндегі өліара мезгілде Шымкенттен Алматыға қарай жолым түсіп, бірінші кезекте ҚазМУ-дің №5 жатақханасына бардым.

Мақсатым – мектебімізді менен бір жыл бұрын бітіріп, Қазалы ауданының «Мүсілімі» атанған (атақты баритон Муслим Магомаевқа ұқсатып) тамаша әнші, енді журфактың бірінші курсында білім алып жүрген Әміржан Қосановпен жүздесу. Вахтада отырған кемпір – Валя тәтей (атын кейіннен білдім) оның курстастарымен бірге серуенге кеткенін айтты. «Не де болса күтейін» деп вахтаның жанындағы арқалығы мен жамбасбасары көнетоз қызыл матамен көмкерілген орындықтардың біріне жайғасқаным сол еді, сыртқа шығып бара жатқан бір жігіт менің тұсыма күрт аялдай қалды. Қимылы әбжіл, неге екенін қайдам, менің көзіме тәпелтек денесі ілгері қарай ұмсынып, құз басынан ұшуға даярланып тұрған қыран құстай көрінді. «Сіз» деп сөйледі: «Кімге кеп отырсыз? Біреуді іздедіңіз бе?». Жайымды баяндадым. «Еее…» деп атымды сұрады. Айттым. «Қазақстан пионеріне» мақала жазатын Амантайсыз ба?» деді. «Иә». Содан мені бас салып құшақтап, бауырына қыссын. Қолының саусақтары быртық жуан, алақаны жұмсақ екен. «Ал мен Мұратбек Тоқтағазинмін! Білетін шығарсыз?» деді. Ойбай, білмегенде… Біз пионерлердің газетіне оқта-текте басылатын құп-құйттай суреттемелерімізге мәз боп жүргенде, оның көлдей-көлдей мақалалары «Қазақстан пионерін» қойып, «Лениншіл жастың» бетін бермейтін.

Ара-тұра «Социалистік Қазақстанда» тырнақалды дүниелерін жариялайтын. Осылайша «тірі классикпен» қауышқаныма қуанып үлгергенімше, ол есімді жиғызбастан, әй-шәйға қаратпастан, есік күзеткен Валя тәтейге «Он – мой друг» деді де, мені қолтықтаған күйі баспалдақтармен жоғары қарай сүйреп ала жөнелді. Екпінінен жел еседі, екі-үш тепкішекті бір-ақ аттайды. Доп тебетін кезім, мен де қалыса қоймауға тырыс­тым. Жолшыбай әр нәрсені бір сұрап үлгерді. Бесінші қабатқа көтеріліп, бесінші секцияның ол тұрып жатқан екі кісілік бөлмесіне кірдік. Әңгіме тиегі ағытылды. Менен болашақта инженер-құрылысшы шықпайтынын естіген соң, үгіт-насихатқа көшті. Тәжірибесімен бөлісті. Тіпті түнімен мақала жазғанда ұйықтап қалмау үшін кофе ішетінін мысалға келтірді. Шешемнің қою шайынан басқаны сусын санамайтын мен үшін бұл тек нағыз шығармашылық адамына тән әдет көрінді. Сол арада, сұңғақ бойлы, арық денелі, бет-жүзін қара көзілдірік көлегейлеген, жүрісі жып-жинақы бір жігіт аяғын ақырын басып бөлмеге кірді. «Курстасым Бауыржан Омаров, сіздің жерлесіңіз» деп таныстырды Мұратбек. Жайлап барып, керуеттің шетіне отырған жаңа танысым көп кібіртіктемей сөйлеп кетті. Өзінен сөзі тез.

Кешсем де өзім қораш күй,

Арғы атам менің – Қараш би.

Алдыңа келіп отырмын,

Көзіме киіп қара әшки, –

деп бір қайырды. «Ақын болды ғой» деп ойлағаным сол еді, «біздің курста мықты ақындар оқиды, Бауыржан Үсенов, Гүлнәр Салықбаева, Сәулеш Шатенова…» деп түгендеп, соларды мақтай бастады. Ал Мұратбек бөлмеден шығып кеткен бір сәтте:

Қобыратып түнімен көп қағазын,

Отырады Мұратбек Тоқтағазин, – деп, досына құрметін білдірді.

Сол жолы Әміржанмен кездесе алмадым. Оның есесіне, Мұратбектің арқасында Бауыржанды (Омаров) таптым. Келесі жылы журфакқа оқуға түскенімде олар мені құшақ жайып қарсы алды. Екеуі арқылы Бауыржан Үсен, Талғат Батырхан, Ғалымжан Мелдеш, Құтмағамбет Қонысбай, Миуа Байназар, Әнуарбек Әуелбек, Жақсылық Молдақұл, Гүлнәр Салықбай, Жәмила Түлкиева, Ләззат Сапақова… т. б. өзімнен екі курс жоғары оқитын замандастарыммен жақсы сыйласып кеттім. Олар маған біртүрлі ыстық тартып тұратын. Әрбірі жастық көңілдің төрінен өзінше орын тепті. Қырық жылдан астам уақыт өтсе де, әлі солай.

Естеліктің төресі – фото. Алматыдағы Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысында бір фотосалон болушы еді. Мені өзіне бауыр тұтып, ақылшы боп жүретін талантты қаламгер, бүгінгі күні арамызда жоқ Бақыт Досымов және Мұратбек Тоқтағазин, мен – үшеуміз бір күні сол жерге барып суретке түстік. Біздің басымызды қосқан нәрсе – «Қазақстан пионері» газетінің романтикасы. Ортада тұрған Бақыт ағамыз – басылымның ізашар тілшісі, ал біз – оның қос қанаты іспеттіміз. Сол бейнелер студенттік альбомның ішінен көзге жылы ұшырап, жадымда жақсы күндерді жаңғыртады.

Мұз жарғыш кемедей тегеурінді Мұратбек Балқыбекұлы жолында кезіккен кедергілерге ешқашан мойы­ған емес. Мәселен, бірнеше бумаға әзер сиятын мақалаларын арқалап келгенімен, журфакқа түсу үшін тарих пәнінен емтихан тапсырғанда бет-­әлпеті де, аты-жөні де есінде жоқ бір әйел оқытушы одан қайдағы-жайдағыны жөнсіз сұрап, сүріндірмекке әрекет қылыпты. Өзінің біліміне сенімді та­лапкер онымен батыл салғыласып, апелляциялық комиссия төрағасы, даңқты археолог Уахит Шәлекеновтің төрелігіне жүгінген. Сөйтіп, «бестікті» қанжығасына байлаған. Шынымен де, сол уақытта журфактың біраз абиту­риенті ең ақырғы сынақ – тарихтан «құлап» қалатын. Соның салдарынан студент қабылдау жоспары орындалмайтын кездер ұшырасатын. Ретсіз құқайды Мұратбектен кейін өзім де бастан кештім. Ол заманда Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылғанының 250 жылдығын дәріптеп жазатын Д.Д. есімді бір оқымысты ханым тарих пәні комиссиясының төрағасы болып, қатты қыспаққа алған. ҚазХТИ-де бір жыл бойына «КПСС тарихынан» парасатты профессор Сақтап Атауовтың керемет дәрістерін тыңдап, емтиханынан екі рет «үздік» баға алған мен де аяғымды шалдырған жоқпын. Мұратбектің «ерлігін» қайталауыма тура келді.

Журфак студенттерінің арасында жазғыштығы жөнінен Мұратбекпен тайталаса алатын бір-ақ адам болды. Ол – біздің Жөкең, яғни менің ардақты курстасым Жолдасбек Дуанабай. Ол да Мұратбек секілді кеш жатып, ерте тұратын; ол да Мұратбек секілді қалам мен қағазды шақ келтірмейтін; ол да Мұратбек секілді уақытының көбін газет редакцияларының босағасында өткізетін; ол да Мұратбек секілді кісіге қысастығы жоқ ақеден, ақжүрек еді. Мұратбектен айырмасы – жасы үлкен, курсы кіші-тұғын. Талапшыл декан Темірбек Қожакеев екеуін де жақсы көретін, баршаға үлгі қылатын.

Мінезі елден ерек Мұратбек кейде елгезек қана емес, елтігіш. Жас кезде Артур Конан Дойлдан бастап, Кемел Тоқаевқа дейін детективті түгесіп оқыдық қой. Солардың әсерімен ­қиялыңнан түрлі сюжетті құрастырып, қиыстырып жүресің. Жазушы болудан кімнің дәмесі болған жоқ дейсің. Бір күні «Таңба» деп ат қойып, дәптер бетін шимайлай бастадым. Бірақ әрі қарай ештеңе өнбей қойды. Оқыста Мұратбек кездесіп қалған. «Жоспарымды» бөлістім. «Өй, аты күшті екен. Менің де ойымда жүрген бір нәрсе бар еді. Тақырыбы дөп келіп тұр. Маған сыйға тарт» деді. Болмайтын шаруадан құтылғанша асығып тұрған мен оған «шығарма» атауын қуана-қуана «тарту» еттім. Ол да ризашылықпен «қабыл» алды. Ақыры не керек, мен де жазбадым, ол да жазбады. Кейіннен Жайық Бектұровтың «Таңба» атты тақырыбы мүлде басқа романы жарық көргенде, осы жайт есіме оралды.

Мұратбек бала күнінде кітапты көп кемірген. Сондықтан кітапқа деген құмарлық, құштарлық оның санасына әбден сіңген. Басы артық кітап көрсе дереу оған «құда түседі». Молынан болса, көлігіне тиеп әкетеді. Үйінің төрт қабырғасын кірпішпен емес, кітаппен қалауға әзір. Кітап оқымайтын адамды әу бастан ұнатпайды. Тіпті мұнысы аңызға айналған. Студент кезде бір бойжеткенді киноға шақырса, ол қыз фильмге жүйрік, кітапқа шорқақ екен. Содан дереу көңілі суып, ертеңіне «Ой, сөйлесіп көрсем, «Абай жолын» оқымапты, кешіріп қойсын, ондай қызбен дос бола алмаймын» депті-мыс. Аңыз ба, ақиқат па, оны өзі біледі. Біздің білетініміз – сүйген жары Мәдениеттің мектепті алтын медальмен бітіргені, кітап оқудан Мұратбектің өзінен де озық тұратындығы.

Мұратбек – турашыл да тәуекелшіл. Журфакты тәмамдаған бетте Ақселеу Сейдімбек пен Жомарт Әбдіхалықов ағаларының айтқанына ұйып, Целиноградқа тартып кеткені – сол болмыстың айғағы. Сөйтіп, бұл өлкеге өзінен бұрын аттанған Марат Дәдікбай, Әлімжан Жарылқағанов, Кенже Жұмағұлов секілді журфактың сайыпқыран түлектерінің қатарын толықтырды. Ә дегенде Марат пен Мұратбектің маңдай тірегені – «Коммунизм нұры» газеті, Әлімжан мен Кенженің барған орны – облыстық телерадиокомитет. Олардың қай-қайсысы да «Ақмола» эпопеясының жанды әрі жасампаз кейіпкерлеріне айналды. Төрт тарланның кішісі Мұратбектің өмірінде өзгеше кезең басталды. Қаламгерлігі қайраткерлікке ұласты. Жиырма бес жасында қалалық кеңестің депутаттығына сайланды. Ұлттық мүдде жолында тынымсыз күрес жүргізді. Бас басылым – «Егемен Қазақстанның» аймақтағы сілтейтін семсері, қорғайтын қалқаны болды. «Ақмола атауы үшін айқас» атты мақаласы дүниені дүр сілкіндіріп, тың серпілістерге қозғау салды. Осының бәрі – өз алдына бір көсілетін тақырып.

Батуы мен тууы арасында жерге түсіп, көзге көрінбей кететін Үркер секілді, Мұратбекті де бір кездері жоғалтып алдық. Шартты түрде қырық күн шілдеге барабар сол мерзім ішінде ол бос қарап қалмапты. Кәсіпкерлікті жолға қойған; ет жақындарын елден көшіріп әкелген; олардың әрбіріне ­лайықты жұмыс тауып берген. Қысқасы, әулетті бақуатты қылатын шаруаларды тиянақтаған. Бұл да – туысқандық парызын өтегені, адамгершілік сипатын танытқаны.

Мұратбек Тоқтағазин зиялы ортаға жаңа кейіпте, тың бітімде оралды. Соңғы он бес жыл шамасында білім мен ғылым жолын тұтынды. Кандидаттық диссертация қорғады. Тақырыбы – заңғар жазушы, журналист Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығы. Продюсері (жетекшісі) – Бауыржан Омаров, режиссері (қорғау жөніндегі кеңес төрағасы) – Дихан Қамзабекұлы.

Ә.Нұршайықовтың әйгілі шығармасының бірі – «Махаббат, қызық мол жылдар». Мұратбектің бітімінен әрдайым елге, туысқа, ұрпаққа, досқа деген шын сүйіспеншілік көрініс береді. Мақалаға ат қойғанда, осы үйлесімді ескердік.

 Амантай ШӘРІП,

ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, академик

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button