Жұмыс тауып, бизнес бастады
Астанада жүзеге асырылып жатқан JOLTAP ауқымды әлеуметтік жобасы қала тұрғындарына жұмыс табуға, қысқа мерзімде жаңа мамандықты игеруге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі таңда аталмыш жобаның арқасында мыңдаған адам тұрақты жұмыс тауып, сондай-ақ жеке бизнестерін жүргізе бастады.
Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Астанада жергілікті тұрғындарға жұмыс табуға, кірістерін көбейтуге және қысқа мерзімде жаңа мамандықтарды игеруге көмектесетін JOLTAP ауқымды жобасы іске асырылуда. Осы уақыт ішінде оның аясында ондаған мың азамат мамандардан кеңес алып, оқу курсынан өтті.
JOLTAP жобасы аясында астаналық жұмыссыздар цифрлық және жұмысшы мамандықтарын оқып, сертификат алып жатыр. Бүгінге дейін жобаға қатысушылардың біразы техникалық мамандықтарды игерсе, басқалары цифрлық саланың тілін меңгерді.
Қаланың адам көп жүретін алты ауданында орналасқан «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде тұрғындар мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алады. Мұнда JOLTAP әлеуметтік жобасы атаулы әлеуметтік көмек, бизнесті ашу үшін өтініш беру, оқыту, жұмыс іздеу бойынша тегін кеңес беру мүмкіндігін ұсынады.
Осы жоба бойынша қысқамерзімді курстан өткендердің бірі – астаналық Сандуғаш Орынбетова. Ол JOLTAP жобасы аясында «Kaspi-дегі сату негіздері» курсына қатысып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
– Менің отбасыға арналған тауарлар сататын жеке дүкенім бар. Бір айта кетерлігі, менде Kaspi дүкен болғанымен, тауарлар сатқан емеспін. Осы жобада курсқа қатысып, Kaspi дүкенде сатудың қыр-сырын үйрендім. Оқу барысында оқытушылар оның артықшылықтары мен кемшіліктерін айтып берді. Сабақ өте қызықты өтті. Курс аяқталған соң мен Kaspi дүкенге 25 тауарды кіргізіп, оларды сата бастадым, – деді JOLTAP жобасының қатысушысы Instagram парақшасында.
Ал курсты аяқтаған соң қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталған.
– Курс маған ұнады. Сабақтар өте қызықты өтті. Мұнда айтылған ақпараттар қатысушыларға, яғни бізге пайдалы болды. Курс тегін болса да, өте сапалы. Өзгелерге де осы мүмкіндікті пайдаланып, оқып алуға кеңес беремін. Сондай-ақ осындай жобаны ұйымдастырып отырған Астана қаласы әкімдігіне алғысым шексіз, – деді С.Орынбетова.
Талай адамға мүмкіндігін жүзеге асыруға жағдай жасаған аталған жоба Астана әкімдігінің бастамасымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылуда. JOLTAP жобасына 18 бен 50 жас аралығындағы кез келген елордалық қатыса алады. Жоба операторы «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры болып саналады.
JOLTAP жобасы бірнеше кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезең – «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерін орнату және іске қосу. Қазір қала бойынша 6 модульдік пункт жұмыс істейді. Мұнда қала тұрғындары мемлекеттік қолдаудың 52 шарасы бойынша, нақтырақ айтсақ, шағын несиелеу/бизнеске арналған гранттар, субсидияланатын жұмыс орындары, әлеуметтік төлемдер және т.б. бойынша көмек ала алады, 20 авторлық курс бойынша тегін оқуға жазылып, қаланың өзекті бос жұмыс орындары туралы білуге және цифрлық сүйемелдеу бойынша көмек алуға, яғни ЭЦҚ қайта жаңарту, kezekte.kz, enbek.kz және т.б. сайттарында тіркелуге мүмкіндіктер қарастырылған. Қазіргі уақытта елорданың 24 мың тұрғыны модульдік пункттерде кеңес алды, олардың негізгі бөлігі – 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар. Атап айтқанда, 17 мың адам оқуға жазылды, 5 мың өтініш білдірген адам әкімдік басқармаларына мемлекеттік қолдау шараларын алуға өтінім берді.
Жобаның екінші кезеңі – цифрлық және жұмысшы мамандықтар бөлігінде өзекті және практикалық дағдыларды тегін оқытуды ұйымдастыру. Барлық 20 оқу бағдарламасы авторлық болып саналады және елордалық бизнес өкілдерімен бірлесіп әзірленген. Сыныптар барлық қажетті заттармен жабдықталған. Негізінен, курсқа қатысушылар тігінші, сәнгер-конструктор, бухгалтерлік есеп негіздері, корпустық жиһаз жасау негіздері, сатушы-кассир, онлайн дүкендердегі сауда негіздері, аяқ киім жөндеу шеберханасы, электр газбен дәнекерлеуші, май ауыстыру пункті және шиномонтаж, бариста сияқты жұмысшы мамандықтар бойынша дәріс алады. Оқытушылар өз салаларында қолданбалы тәжірибесі бар тәжірибешілерден таңдалды. Қала тұрғындары сонымен қатар қазіргі әлемде өзекті болып саналатын 8 цифрлық дағдылар, атап айтсақ СММ, сайттарды әзірлеу, бейнемонтаж, графикалық дизайн, контент-криейтор, таргетолог, мобилограф, негізгі цифрлық дағдылар бойынша білім алуда. Қосымша дағдыларды үйреніп, қала тұрғындары қалалық кәсіпорындарға жұмысқа орналасады, ағымдағы жұмыс орнында бәсекеге қабілеттілігін арттырады немесе қашықтан тапсырыстарды қабылдай бастады. Осы жұмыстың нәтижесінде бір жыл ішінде мыңға жуық қала тұрғыны жеке кәсібін дөңгелетіп, жаңа жұмыс орындарын ашты. Оқыту бағдарламалары еңбек нарығына сүйене отырып құрастырылған және мамандыққа байланысты 2 аптадан 1 айға дейін барынша қысқа мерзімде практикалық дағдыларды ұсынуға бағытталған. Бір жыл ішінде 7,5 мыңнан астам қала тұрғыны жұмыс және цифрлық мамандықтар бойынша білім алып, практикалық дағдыларға ие болды.
Үшінші кезең – жұмыс пен қызметкерлерді іздеуге арналған «JUMYSTAP.kz» платформаны іске қосу. Бүгінгі таңда 12 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген, оның 2 мыңы жұмыс берушілер болып саналады, соның ішінде Magnum, Shaurma Food, Danmard, «12 ай», Zeta, YDA зауыты, DSK GLB сияқты ірі және желілік компаниялар және басқалар бар. Платформаға басқа өңірлердің бизнес өкілдері де қызығушылық танытып отыр, бұл қала тұрғындарына елордада ғана емес, еліміздің басқа қалаларында да жұмыс іздеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта қала кәсіпорындарына 5 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты, өз ісін ашты немесе фриланс бойынша тапсырыс қабылдай бастады.
JOLTAP жобасын іске асыру демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады, бұл адами капиталды дамытуға үлес түріндегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жаңа нысаны болып саналады. Жоба туралы толығырақ @joltap.kz Instagram парақшасы арқылы танысуға болады. Жобаның call-орталығы: +7 (707) 221 31 31.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ