Басты ақпаратҚоғам

Елорда күзетіндегі әскери бөлім

5 қараша – Әскери барлаушылар күніне орай Астана іргесіндегі 68665 әскери бөлімінде журналистерге арналған пресс-тур ұйым­дастырылды. Іс-шара барысында арнайы мақсаттағы жаттығу алаңында барлау қызметінің әскерилері түрлі кедергіден өтіп, қиындықты еңсеру, берілген тапсырманы орындау бойынша практикалық іс-қимылдар көрсетті. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттары сыныбында заманауи FPV дрондарын қолдана отырып жүргізілетін барлау жұмысы да келушілер назарына ұсынылды.

– Мұндай іс-шараны ұйым­дастыру – әскер мен қоғам арасындағы байланысты нығайтудағы маңызды қадам, барлау – тек жұмыс емес, батылдық, кәсібилік және адалдық таныта отырып, Отанға шынайы қызмет көрсету мүмкіндігі, – деп атап өтті бөлімнің барлау қызметінің бас­тығы, майор Сұңғат Советбеков.

Арнайы мақсаттағы бригада

ҚР Қарулы күштері құрылымының мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында және ҚР Қорғаныс министрінің 2003 жылғы 17 қыркүйектегі директивасына сәйкес арнайы мақсаттағы 429 жеке жасақтың базасында аэроұтқыр әскерлерінің 36 жеке десанттық-шабуылдау бригадасы (68665 әскери бөлімі) құрылған болатын. Бөлімнің жауынгерлік туы 2005 жылғы 5 мамырда табыс етілді. 2023 жылғы 9 ақпанда ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығы негізінде ҚР Қарулы күштерінің құрылымын жетілдіру мақсатында 36 десанттық-шабуылдау бригадасы 36 ерекше мақсаттағы бригада болып қайта аталды. Осы жылдар ішінде бригада қалыптасу және даму жолынан өтті, республикада және әскерде мақтан тұтатын әскери қызметшілердің бірнеше буынын тәрбиеледі. Күрделі және қиын жағдайда бригаданың жеке құрамы әскери және қызметтік борышына адалдық таныта отырып еңбек етіп келеді.

Елордалық арнайы мақсаттағы бригада құрылған сәттен бастап оған елдің маңызды стратегиялық объектілерінің қорғанысын қорғау міндеттері жүктелді. Тыныш уақыт болса да, оның офицерлері мен сарбаздары кез келген сәтте шын мәніндегі ұрыс қимылдарына ұқсайтын немесе экстремалды жағдайға тап болуы мүмкін. Бөлімнің әскери қызметшілері алдына қойған міндеттерді кез келген жағдайда орындауға қабілетті екенін бірнеше рет дәлелдеді. Бүгінде бұл әскери бөлім елордада орналасқан элиталық әскери бөлімдердің бірі саналады. Мұнда жұртшылықпен, респуб­ликалық БАҚ-пен, сондай-ақ оқушылармен тұрақты түрде кездесулер ұйым­дастырылады. Әскери-патриоттық және спорт клубтарының тәрбие­ленушілеріне де үнемі сабақтар өтеді. Осындай жиындардан кейін жастар әскери қызметшінің жұмысына қызығушылықпен қарай бастайды.

– Біздің бөлімде келісімшарт бойынша әскери қызметшілер еңбек етеді, сонымен қатар Отан алдындағы борышын өтейтін сарбаздар да бір жыл әскерде болады, бір мезгілде 300-400 сарбаз қабылдаймыз. Бүкіл елдегі Қарулы күштер арасында тек қана бізде Құрмет қарауыл ротасы бар. Сонымен қатар бөлім үш батальоннан тұрады. Атап айтқанда, «Қалқан», «Алдаспан» және «Арнасай» шабуылдаушы батальондары әртүрлі әскери саладағы мақсаттарға қарай бөлінген. Одан басқа да көптеген бөлімше мен рота жұмыс істейді. Оқу-жаттығуларын өткізетін полигонға жоспарға сай шығып отырамыз. Бригада ішінде де әскери тирде әскерилер атудан жаттығады, – дейді С.Советбеков.

Тәртіп қатаң

Әскери тәртіп бәріне бірдей қатаң сақталады. Сарбаздар күн сайын таңғы сағат 6:00-де ұйқыдан тұрып, таңғы жаттығуға шығады. Таңғы астан кейін түске дейін жауынгерлік дайындық және мемлекеттік-құқықтық тәртіп пен заң бойынша 6 сабақ оқиды. Түстен кейін техника, қару-жарақтармен байланысты практикалық жаттығу жұмысы жүргізіледі. Әскери қызметшілер 18:00-де жұмыс уақыты біткен соң үйіне қайтады. Сарбаздар 19:00-де кешкі тамағын ішеді. Олармен бірге күн сайын жауапты офицерлер мен сержанттар қалып, тәртібін қадағалап отырады. Одан әрі кешкі серуенге шығып, керек болған жағдайда, қосымша жаттығу жұмысы жүргізіледі. 22:30-да тәртіпке сай барлығы ұйықтауы керек.

– Әскери бөлімде 5 ғимарат бар, оны орысша казарма, қазақша үй-жай дейміз. Одан басқа әскери қызметшілер тұратын әскери қалашық орналасқан. Сонымен қатар әкімшілік ғимарат саналатын штаб, асхана, стадион, спорт зал, ашық аспан астындағы мұражай, футбол, волейбол ойнайтын алаң бар. Әлеуметтік жағдайына келсек, әскери қызметшілер «Әскери баспана» тұрғын үй бағдарламасына жеңілдікпен қатыса алады, сонымен қатар жалдап тұратындарға бөлек ақы төленеді, – дейді барлау қызметінің бастығы.

Бригадада кәсібилігі жоғары жауынгерлер қызмет етеді. Бөлім жұмыс істеген уақыт ішінде оған генерал-майор Дәулет Оспанов, генерал-майор Дулат Адырбеков, полковник Ермек Әлмұхаметов, генерал-майор Алмаз Жұмакеев, полковник Тұрдалы Тұрғынбаев, полковник Нұрлан Кәрібаев, полковник Ұлан Нұрғазиев басшылық етті, ал қазіргі таңда подполковник Абай Әлібеков басқарады.

– Келісімшарт бойынша қызмет етуге келген әскери қызметшілер арасында әйелдер де бар. Олар көбіне байланысшы, фельдшер, снайпер қызметінде. Жалпы 500-ге жуық мерзімді әскери қызметшілер еңбек етеді. Отан алдындағы борышын өтеуге еліміздің түкпір-түкпірінен жастар келіп, әскери тәртіпке бағынып, бір жылдан соң мықты азаматтар болып шығады. Биыл күзде шақырылған сарбаздар Астана, Шымкент, Алматы қалалары және Қарағанды, Жамбыл, Ақмола облыстарынан келді, – дейді бөлім командирінің орынбасары, подполковник Талғат Құлманов.

Заманауи жарақтар

Биыл әскери бөлімде алғаш рет ұшқышсыз ұшу аппараттары сыныбы ашылып, онда заманауи FPV дрондарымен барлау жұмысын жүргізу бо­йынша сабақ басталды.

– Бұл сыныпта ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану бойынша теориялық және практикалық жұмыс жүргізіледі. Қолданылып жатқан аппараттардың сипаттамасы, қай жерге қолдануға болады, қанша жылдамдықпен ұшады, ауа райына байланыс­ты ұша ала ма, ұша алмай ма, салмағы қанша – соның бәрін үйретеміз. Компьютер арқылы симуляторды джойстигімен басқарып, дронды қолдануды меңгертеміз. Қазір әлемде кейбір елдердің арасындағы соғыс­та осы дрондар қолданылуда, дрон қазір барлау ісінде ғана емес, камикадзе, яғни шабуыл жасау ісінде де керек құралға айналды. Оның басына бомба байлап, 2-3 км жердегі нысанды жаруға болады. Оны оператор ноутбук арқылы басқарып отырады. Сабақты аптасына 3 рет әскери қызметшілерге өткіземіз, – дейді автоматтандырылған жүйелерді басқару қызметінің офицері Нұрсұлтан Амангелді.

Арнайы мақсаттағы бригада бола отырып, бөлім әскери қыз­метшілермен және заманауи техникалық жабдықтармен толық жабдықталған. Қазіргі уақытта бригаданың жеке құрамының дайындық деңгейі кез келген жауапты және шұғыл тапсырманы орындауға мүмкіндік береді.

Райхан РАХМЕТОВА

фото: Ғалым Жайдақбаев

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button