Құқық

Ойыннан от шығады

Жасөспірімдер арасындағы қайғылы жағдайға «Көк кит» пен «Қызыл дельфин» ойы­ны себепкер болғаны туралы ақпарат көп. Енді Schoolboy Runaway немесе үйден қашу ойынының танымалдылығы артып келеді. Мемлекеттік органдарға хабарласып, балалардың киберқауіпсіздігі туралы сұрадық.

Цифрлық дәуірде жасөспірімдердің назары смартфонға ауып, өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды. Білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, оқу кезінде ұялы телефон ұстауға шектеу қойылды. Бірақ қоңырау кезінде оқушылар телефон пайдаланып, ата-анасымен сөйлесе алады. Астанада «Смартфонсыз мектеп» жобасы іске қосылды.

Астана қаласы Психологиялық қолдау орталығы басшысының орынбасары Марал Ибрагим:

– «Смартфонсыз мектеп» жобасы балалардың өз біліміне жүгінуіне, есте сақтау қабілетін арттыруға, сондай-ақ балалар арасындағы коммуникацияны жақсартуға алып келеді деген ой бар. Құпия емес, бүгінде балалар өзара тіл табыса алмайды. Смартфонның экранына қарап оларда ешкіммен сөйлесу, тіл табысу қажеттілігі туындамайды. Ал смартфонсыз уақыт өткізсе, олар бір-бірімен сөйлесіп, өздеріне дос табады, – деді.

Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспанның сөзінше, жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйым­дарында «Жеке қауіпсіздік» сабағы енді. Онлайн кеңістікте баланың қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың арасында кеңестер өтті. Сондай-ақ балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданып, «буллинг» ұғымы қолданысқа енді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда жариялаған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» жалпыұлттық құндылығына негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама ұлттық құндылықтар негізінде оқыту, тәрбиелеу және рухани-адамгершілік қасиеттерді дамыту, азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық қасиетіне бағдарланды.

Ішкі істер министрлігі сыртқы коммуникациялар басқармасының бас сарапшысы Гүлжан Бекенова: «Қазан айында министрлікте Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Министрлік өз құзыреті шегінде интернет желісінде мониторинг жүргізу барысында суицидке итермелейтін 81 интернет-ресурсты анықтап, Мәдениет және ақпарат министрлігіне бұғаттауға жіберді».

Шынында, балалардың онлайн-ойынын бақыламаса, ойыннан от шығады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button