Айтыс жеңімпазы тегін оқиды
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Егемендігім – елдігім» атты республикалық «Қола домбыра-2024» жас ақындар айтысы өтті.
Алғаш рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға республика бойынша 22 ақын қатысып, бақ сынасты. Суырып-салма өнерді қолдау үшін Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтаев арнайы ат басын бұрып, жас өрендерге сәттілік тіледі. Ал ұйымдастырушы, айтыскер ақын, ЕҰУ филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы шараның басты мақсаты егемен еліміз жеткен жетістіктерді насихаттау, мектеп қабырғасындағы жас ақындардың ішкі мүмкіндігін ашып, шабытына қанат бітіру, айтыскерлер арасынан жаңа есімдер тауып, дарынды жастарды қолдау екенін айтты.
Орақ тілді, от ауызды кіл жүйріктердің бағасын беруге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қазылар алқасының төрағасы Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, «Еl umiti» қоры медиа-бастамаларды жүзеге асыру орталығының басшысы Азамат Оңайбаев, «Жастар рухы» ЖҚ басшысы Ақерке Ескендірова және айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын Иран-Ғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосын төрелік жасап, шын жүйрікті анықтап берді.
22 ақыннан іріктелген 8 жұп келесі кезеңге өтіп, ақтық сында шымкенттік Әли Ислам мен маңғыстаулық Байжігіт Бейбіт түрлі әлеуметтік тақырыпты қозғай отырып, аламан айтысты жандыра түсті. Нәтижесінде Әли Ислам бас жүлдені иеленіп, 500 мың теңгелік сыйақысымен бірге «Қола домбыраны» ұтып алды. Ал тура осындай жүлде қоры бар I орын Маңғыстау ақыны Бейбіт Байжігітке бұйырды. 300 мың теңгелік ІІ орынды Ақтөбе облысынан келген Арай Нұрадин мен Астана қаласының ақыны Айғаным Мақсұтханова өзара бөлісті. ІІІ орын әрқайсысына 150 мың теңгеден Алматы облысының ақыны Рауан Нұршабеков пен Қостанай облысының ақыны Нұрислам Рогатовке, Алматы қаласынан келген Ерасыл Сейітжанға бұйырды.
Бұдан бөлек, Қанша Раисова атындағы арнайы жүлде – Жамбыл облысының ақыны Інжу Жаңабайға, Есенқұл Жақыпбек атындағы арнайы жүлде – Астана қаласынан Абылай Қайратұлына, Нартай Бекежанов атындағы арнайы жүлде – Атырау облысының ақыны Марсель Ерсайыновқа, «Аманат» партиясының арнайы жүлдесі – қызылордалық ақын Нұрахмет Мансұрға, «Еl umiti» корпоративтік қорының арнайы жүлдесі Абай облысының ақыны Толғанай Шалқарқызына, Түркістан облысының ақыны Нұртөре Мықтыбай мен Алматы қаласының ақыны Айбарыс Сауытқанға берілді.
Айтыскерлерді марапаттау салтанатында сөз алған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушылары арасында өтетін бұл айтыстың ауқымын алдағы жылы кеңейте түсетінін айтса, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысының жыл сайынғы жеңімпазы ЕҰУ-ға тегін қабылданатынын жеткізді.
Шапағат ӘБДІР