Сырлы саз шалқыды
Жуырда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің қатысуымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Абылай Тілепбергеннің «Сырлы саз» атты жеке концерті өтті. Аталған іс-шара оркестрдің 90 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр.
Кеш барысында Құрманғазы, Дәулеткерей, Есір, Махамбет, Дина сынды ұлы күйшілеріміздің таңдаулы шығармалары орындалды. Сонымен қатар қазақ оркестріне бейімделген Вольфганг Амадей Моцарттың «Фигароның үйленуі» операсынан «Увертюра» және Жорж Бизенің «Кармен» операсынан Эскамильоның куплеттері, Еркеғали Рахмадиевтің «Дайрабай» симфониялық күйі мен басқа да танымал музыкалық туындылар көрермен назарына ұсынылды.
– Бұл кеш, шын мәнінде, Абылай Тілепбергеннің жоғары кәсіби шеберлігі мен қазақ музыка өнеріне деген адалдығын паш етті. Біз кеш барысында қатты толқып отырдық. Әсіресе Құрманғазы оркестрі орындаған «Сарыарқа» күйі шыққанда тұла бойымыз шымырлап, орнымыздан тұрып қазақтың күй өнеріне деген тебіренісімізді, құрметімізді көрсеттік. Шынында да, домбыраның үні өзін «қазақпын» деп санайтын әрбір адамның қанын тулатпай тұрмайды. Дәл қазірдің өзінде кеудемді «қазақ» болғаным үшін де бір мақтаныш кернеп тұрғандай сезімдемін, – дейді кешке келген көрерменнің бірі.