Боччадан ел кубогінде астаналық команда топ жарды
Астанада боччадан Қазақстан Республикасы Кубогінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дүбірлі додада еліміздің 14 өңірінен 86 параспортшы бақ сынады. Олардың қатарында Астана қаласының 13 спортшысы өнер көрсетті.
Ел Кубогінің марапаттау рәсімінде ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов жарыс жеңімпаздарын марапаттады.
Боччадан Қазақстан Кубогі жолындағы сайыстың нәтижесінде жеңімпаздар ересектер мен жасөспірімдер арасында төрт дәреже бойынша анықталды.
Жалпыкомандалық есепте Астана қаласының командасы жеңіске жетті. Екінші орын Алматы қаласынан келген ұжымға бұйырса, үздік үштікті Павлодар облысының спортшылары түйіндеді.
Айта кетсек, бочча – негізінен доп ойыны. Яғни тірек-қозғалыс аппаратының ең ауыр бұзылыстары бар балалар мен ересектерге өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік беретін бірнеше паралимпиадалық спорт түрінің бірі. Елімізде бочча федерациясы 2021 жылы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жаттықтырушыларының бастамасымен құрылған.